Шайдоров «төмен» жалақысын көтеруді сұрап шенеуніктерге талай барған
Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров Tengrinews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мемлекет тарапынан қолдау алған-алмағаны жөнінде ел арасында айтылып жүрген әңгімелерге қатысты өз пікірін білдірді.
Астана, NEGE. Михаил Шайдоровтың айтуынша, 2025 жылы мемлекет оған шын мәнінде қолайлы жағдай жасаған. Алайда әлем чемпионатында күміс жүлде алғанға дейін қаржылық қиындықтар көрген. Ол Спортты дамыту дирекциясына бірнеше рет барып, өзіне және бапкерлеріне еңбекақыны көтеру, сондай-ақ кейбір мамандарды штатқа қабылдау мәселесін көтерген.
«Ол кезде жалақым төмен болды, оны көтеруді ұзақ уақыт сұрадым. Себебі дайындыққа байланысты шығындарыма қаражат жетпеді. Мамандардың қызметіне ақы төлеуім керек болды, костюмдер сатып алу қажет еді. Бағдарлама құны жоғары болғандықтан, болашақты да ойлау керек. Олимпиадалық маусымда менің өтінішіме ақыры құлақ түрді, үлкен қолдау көрсетілді. Маған да, жаттықтырушыларыма да лайықты жалақы тағайындалды. «Халық Аренада» жаттығуға мұз берілді», – деді ол.
Оның айтуынша, бұл – бағдарламасының шығыны өтеліп, костюмдері тігіліп, өзіне арнайы дәрігер бекітілген алғашқы маусым.
Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі 2025 жылы Шайдоровтың дайындығына 263,4 млн теңге бөлінгенін хабарлаған. Оның 33,9 млн теңгесі спортшының жалақысына қарастырылған.
Чемпион министрліктің бұл ақпаратты жариялағанына қынжылыс білдірді. Ол мұны өзіне деген құрметтің толық сақталмауы деп қабылдаған.
Айтуынша, бюджеттен бөлінген әр тиынды дайындыққа жұмсап, тынымсыз еңбек еткен.
«Алтын медаль жеңіп алғаннан кейін мен еш жерде, ешқашан маған қолдау көрсетілмеді немесе бірдеңе жетіспеді деп айтқан емеспін. Керісінше, бұл бүкіл ел үшін шынайы қуанышты сәт болды.
Басқа спортшылардың табысы осылайша ашық жарияланғанын көрген емеспін. Ал қазір бұл жағдай министрлік маған алтын медаль үшін чек ұсынғандай көрінеді. Олай болмауы керек. Негізгі назар ақшаға ауғанын қаламаймын. Мәнерлеп сырғанау — қымбат спорт түрі екенін бәрі біледі. Берілген қаржының барлығын тек дайындыққа жұмсадым. Бұған еш күмән болмауы тиіс», – деді Шайдоров.
Италияда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров жеңіп алған алтын медальдің арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 19-орынға тұрақтады.