USD
USD
USD

«Шаруаларды судан тарықтырып алдыңыз» – Депутат министрге сын айтты

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жалпы отырыста еліміздің трансшекаралық өзен-су мәселесін көтерді. Депутат Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке Жамбыл облысын басқарған тұста шаруаларды судан тарықтырып алғанын алға тартып, биылғы құрғақшылықтың келешекте қайталанбауына қандай кепілдіктер бар екенін сұрады.

«Шаруаларды судан тарықтырып алдыңыз» – Депутат министрге сын айтты
Фото: NEGE.kz

– Жамбыл облысы ағын суды трансшекаралық өзендерден алады. Оның 82 % Қырғыз Республикасынан келеді. Осы жылдың шілде-тамыз айларында Қырғызстаннан берілетін 3,5 млн текше метр судың таусылуына байланысты су беру тоқтатылды.  Осыған байланысты шілде-тамыз айларында Жамбыл облысының алты ауданында ағын су тапшылығы болып, 9 мың гектар алқаптағы егіс зардап шеккен. Шығын көлемі 3,6 млрд теңге. Бүгінгі күні Жамбыл мен Түркістан облысында суармалы жерлер 300-500 мың гектарға жерге дейін жетеді, – деді Қайрат Балабиев .

Қ.Балабиев.

Депутаттың айтуынша, бұл облыстар трансшекаралық ауыл шаруашылығы өңірі болғандықтан су әр уақытта қажет.

– Өзіңіз Жамбыл облысын басқарған тұста шаруаларды судан тарықтырып алдыңыз. Су саласының министрі болып жүрген кезде мақташыларға су жеткізе алмадыңыз. Күнгейдегі шаруалар шырылдап жүргенде күз де өтіп кетті. Біздің елімізде берілетін трансшекаралық өзен суларын арттыру мәселесі қарастырыла ма? Мәселені қандай жолдармен шешпексіздер? «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, көршілердің көңіліне қашанғы қараймыз? Кіріптарлықтан айырылатын жол бар ма? Биылғы құрғақшылықтың келешекте қайталанбауына қандай кепілдіктер бар? – деді депутат министрге.

Министр Н.Нұржігітов биыл Жамбыл облысында су тапшылығына байланысты шаруа қожалықтар зардап шеккенін айтты.

Н.Нұржігітов.

– Қырғызстанда су мөлшері сондай деңгейде болды. Ал енді трансшекаралық өзендер бойынша келісімді қалай жүргіземіз? Қырғызстанмен 2000 жылы жасалған екіжақты трансшекаралық өзендерді пайдалану жөнінде келісімшартымыз бар. Сол келісімшартқа байланысты Талас өзені 50/50 мөлшерінде, ал Шу өзені 42/58 пайыз бөлінген. Сондықтан, әр жылдың өзінің су көлемі бөлінеді. Біздің тараптан оны көтеру мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. Себебі нақты өзінің пайыздық мөлшері бар, – деді министр.

Министрдің пікірінше, Орталық Азиядағы бес мемлекет 1992 жылы тура сондай келісім жасаған. Келісімде бұрынғы Кеңес одағындағы су қалай бөлінеді – тура сондай көлем расталған. Атап айтқанда, Сырдария өзенінде су көп болса бізге Қазақстанға 12 текше шақырым су беріледі. Сондықтан, бұл жұмыстар тек келіссөздер арқасында атқарылып жатыр.

Қазір оқып жатыр

Алматы – Қорғас тасжолындағы көлік апаты: тағы бір адам ауруханада көз жұмды

жол апаты

Қара тізімге енген Alibaba Пентагонды сотқа берді

Alibaba

Еуроодақ заңсыз мигранттарды Қазақстанға жіберуі мүмкін бе: СІМ жауап берді

СІМ

АҚШ-та жұмбақ жағдайда қайтыс болған қазақстандық жігіттің денесі елге әкелінді

Әсет Құралбай