«Шардара» су қоймасына қанша су келеді?
Биыл «Шардара» қоймасына келетін су былтырғыдан көп болуы ықтимал.
Алматы, NEGE. Мұндай болжаммен «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы бірлестігі басшысының орынбасары, Қазақстан өкілі Мереке Иманғалиев бөлісті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Мәлім болғандай, қазір «Шардара» секундына 262 текше метр су қабылдап жатыр. Ал Қырғызстанның «Тоқтағұл» су қоймасында жиналған тіршілік нәрінің мөлшері бұған дейінгі көлемнен біршама көп.
«Қазақстандағы «Шардара» су қоймасына келіп түсетін судың көлемі Қырғызстанның «Тоқтағұл» және Тәжікстанның «Бахри Точик» су қоймаларының жұмысына және Өзбекстандағы су шаруашылығы режиміне байланысты. Қазіргі уақытта «Тоқтағұл» су қоймасында шамамен 7 млрд 748 млн текше метр су жинақталған», - деді Мереке Иманғалиев Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Жаз айларында күн ысып, мұздықтар тез ери бастайды. Мамандардың болжамына сәйкес, сол кезеңдерде судың көлемі ұлғая түсуі мүмкін.
Айта кетейік, таяуда Шымкент қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысы өтті. Комиссия мүшелері вегетациялық кезеңдегі жағдайды бақылау үшін енді жылына 2 емес, 4 рет кездеседі.
Шымкентте өткен отырыста мамандар болжамды нақтылап, өткен жылдың қорытындысын шығарды.
«Шымкентте өткен 86-шы отырыстың болжамы бойынша, биылғы вегетациялық кезеңде Қазақстанның «Шардара» қоймасына 3 млрд 692 млн текше метр су келуі керек. Былтыр одан аз көлемде алғанбыз. Бірақ 3 млрд су келетін болса, онда ол жетуі керек. Өйткені, қыс мезгілінде, яғни вегетацияаралық кезеңде жиналған су бар», - деп түйіндеді Мереке Иманғалиев.