16 Маусым 16:38
...

ШӘПКЕНОВ игерілмей қалған қаржы мен ЛЕНИННІҢ ескерткішіне қатысты сұрағымызға жауап берді

Фото:

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкенов «Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» баяндап, журналистердің сұрағына жауап берді.

Атырау – донор облыс, «мұнайлы астана». Республикалық бюджетке дәл осы Атырау облысынан түсім көп түседі. Өткен жылы Атырау облысында 34 млрд теңгеден астам бюджет қаржысының игерілмей қалғаны айтылған. NEGE тілшісінің осыған байланысты қойған сұрағына облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ төмендегідей жауап берді:

Фото: ОКҚ

«Бұл жерде түсіндіріп өткім келеді. 34 млрд теңге қаржы игерілмеді деген мәселе шыққанда біз түсініктеме бергенбіз. Негізі ол 34 млрд емес, көтерілген мәселе 29 млрд теңгенің аясында болды. Оның ішінде 4 млрд теңге – республикалық бюджеттен берілген трансферттер. Сол екеуі қосылып, 34 млрд теңге деп қате айтылған.

Игерілмеген 29 млрд теңге бойынша ақпарат беретін болсам, оның 10 млрд теңгесі – процедуралық игерілмеген қаражат. Ол нақты жұмыстарға қатысты емес. Бұл қаржылық құжаттарда болады. Құжаттарды өткізу барысында тиісті түзетулер уақытылы енгізілмеген, соның салдарынан болған.

7 млрд теңге – республикалық бюджетке төленетін төлем. Ол төленбеді, себебі Атырау мұнай өңдеу зауытынан түсетін акциздерге қатысты артық түсімдерді біз республикалық бюджетке аударуымыз керек еді. Бірақ Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына байланысты бұл қаражаттар біздің бюджетке түспеді. Қаржы түспеген соң біз де аудармадық.

Игерілмеген қаражатқа келтін болсақ, 4 млрд теңгесі – республикалық трансферттер,  7 млрд теңгесі жергілікті бюджеттің қаражаты. Барлығы 11 млрд теңге қаржы игерілмеді.

Фото: ғаламтордан

«Игерілмей қалған қаржыға жауапты адамдар әкімшілік жазаға тартылды ма?», – деген тілші сұрағына облыс әкімі жауап берді.

«Бұл бойыншаа талдаулар жасадық, осы мамыр айында тыңдаулар өткізілді. Тыңдаулардан кейін тиісті шараларды қолдандық. Қаражаттың игерілмеуіне қатысты ескертпе, сөгіс алғандар бар», – деп жауап берді Атырау облысының әкімі. 

Атырау қаласындағы ықшамаудандардың бірінде Лениннің ескерткіші әлі күнге дейін тұрғанын атыраулық оқырмандарымыз хабарлаған. Ұлттық идеологияға тікелей қатысты осы сұрақты Серік Жамбылұлына қойдық.

«Ол ескерткіш сол жерде тұр. Біздің қоғамда барлығының өз пікірі бар. Сол Кеңес дәуірінде өмір сүрген біздің аға буын өкілдеріміз бен қазір Тәуелсіз Қазақстанымызда дүниеге келген жастарымыз қатар өмір сүріп жатыр. Әрқайсымыздың ойымыз әртүрлі. Әрине, Тәуелсіз Қазақстан тұрғысынан қарайтын болсақ, біз өз батырларымызды, Тәуелсіздігімізге еңбек еткен азаматтарымыздың ескерткіші тұрса дегенді қалайтындар да бар.

Лениннің Атырау қаласындағы ескерткіші. Фото: ғаламтордан.

Бұл жерде ескерткіштерді қою немесе алу барысында міндетті түрде қоғамның пікірін ескереміз. Бүгінгі күні ол ескерткішті қарап жүрген кісілер бар. Қазіргі Коммунистік Халық партиясы сол жерде өздерінің шараларын өткізіп жүр. Ол партия біздің тәуелсіздігімізге еңбек етпеді емес, еңбек етіп жүр. Идеология Лениннің (ескерткіші – ред.) тұрған-тұрмағанына қарамайды ғой. Ол адамның ішкі дүниесіне байланысты. Адам ең алдымен адами қасиетін жоғалтпауы керек деп есептеймін. Өзіме қатысты идеологияны сұрасаңыз осыны айтар едім», – деп жауап берді Серік Шәпкенов. 

Тегтер: