19 Желтоқсан 10:47
...

Серік Шәпкенов Жылыой ауданының тұрғындарымен кездесті

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарларды талқылады.

Әлеуметтік сала

Ауылдық жерлердегі білім беру инфрақұрылымын дамытуды көздейтін  «Игілік» бағдарламасы аясында Шоқпартоғай ауылында 280 орындық балабақша салынды. Келесі жылы Майкөмген ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталады. Ал Құлсары қаласында салынып жатқан 1 200 орындық мектеп пен 300 орындық білім беру-инновациялық лицейдің ғимараты 2026 жылдың I тоқсанында пайдалануға берілмек.

Ауылдардағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қарағай елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілді.

Тұрғын үй мәселесі

2024 жылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 9 көп қабатты тұрғын үй толық сүріліп, тұрғындар жаңа баспаналарға көшірілді.

Құлсары қаласында 18 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы қаланың бес ықшам ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін қайта жаңғырту жоспарланған.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Коммуналдық-инженерлік инфрақұрылым

Құлсары қаласында электр желілері мен трансформаторлар жаңартылып, Болашақ шағын ауданына 4,3 шақырым көше жарығы орнатылды.

Сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Аудан орталығында тәулігіне 18 мың текше метр су тазалайтын станция мен сорғы станциясы салынып жатыр. Магистральдық кәріз желілерін жаңғырту және Жаңа Қаратон кентіндегі кәріз жүйесін қайта жаңарту кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Құлсары қаласында тәулігіне 10 мың текше метр сарқынды су тазалайтын жаңа кәріз тазарту станциясының жобасы әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланған.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жол инфрақұрылымы

Соңғы жылдардағы жол құрылысы және жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 84,7 пайызға жетіп, бүгінге дейін 134,3 шақырым автожол жөнделді.

Қозғалысты оңтайландыру мақсатында Құлсары қаласында теміржол өткелін салу жоспарланған, жоба құжаттамасы сараптамадан өтіп жатыр. Биыл Құлсары теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимарат пен оның аумағы заманауи талаптарға сай жаңартылды.

Ішкі туризмді дамыту мақсатында  «Ақмешіт» бағытындағы 34 шақырым автокөлік жолының реконструкциясы басталды. Жобаны 2026 жылғы қараша айында аяқтау жоспарланған.

Тұрғындармен кездесуде облыс әкімі баспана, жол, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымға қатысты сұрақтарға жауап беріп, азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдады.