Серік Сәпиев Астана халықаралық қаржы орталығында жеке компаниясын тіркеді
Қазақстандық боксшы, олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Enzo Ltd. атты жеке компаниясын тіркеді.
Астана, NEGE. Компания 2026 жылғы 11 қыркүйекте тіркелген. Реестрдегі мәлімет бойынша, Сәпиев Enzo Ltd. компаниясында директор, CEO және уәкілетті қол қоюшы қызметтерін қатар атқарады.
Компанияның жарғылық капиталы – 300 мың теңге. Ол әрқайсысының номиналды құны 3 мың теңгеден болатын 100 жай акцияға бөлінген.
Enzo Ltd. компаниясының негізгі қызмет түрі ретінде холдингтік компаниялардың қызметі көрсетілген. Мұндай компаниялар, әдетте, басқа ұйымдардың акциялары мен үлестерін иеленіп, олардың қызметіне қатысу үшін құрылады.
Еске салайық, Олимпиада чемпионы спорттық мансабын аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметке ауысып, бірқатар мемлекеттік және басқарушылық қызметтер атқарды. 2024 жылғы қарашадан 2026 жылғы ақпанға дейін Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болды.
2026 жылғы қаңтарда Сәпиев пен оның орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері Дәурен Есімханов арасында жанжал болып, оқиға кезінде екеуінің төбелескені туралы ақпарат тараған еді. Ақпан айында екі шенеунік те қызметінен босатылды.
Кейін Сәпиев Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі – XX жазғы Азия ойындарына дайындық жөніндегі штабтың спорт бағытының үйлестірушісі болып тағайындалды.