Серік Сағалиев, Е.Біртановтың адвокаты: Ертең жарыссөз!

Кеше прокурор Бауыржан Шекенов бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты 6 жылға, ал оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевті 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ертең жарыссөз. Прокурордың бұл ұсынысына қоғамның көзқарасы қалай?
NEGE тілшісі Е.Біртановтың қорғаушысы Серік Сағалиевтің пікірін білді.
– Серік Қайриденұлы, прокурордың Біртановқа 6 жыл, Әбішевке 5 жыл сұрауын қалай қабылдадыңыздар?
– Бұл пікірімді талай рет айттым. Не Біртановтың, не Әбішевтің кінәсі дәлелденген жоқ. Сот отырысында тағылған айып бойынша дәлел келтіре алмады. Одан бұрын тергеушілер де ештеңе таба алмады.
Сот барысында Әбішев өз жауабында бәрін ашық айтты. Оны 2020 жылы қамауға алған соң, бір жарым ай абақтыда ұстайды.
Тергеу тобы құрылған соң, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің қызметкері: «Бәрін мойында. Біртановтың кінәлі екенін айт!», – деп қысым көрсетеді.
Мұның бәрін Әбішев тәптіштеп айтып берді. Қазіргі вице-министр Есенбаевқа Әбішевтің кінәсі жоқ екенін жеткізді.
Адвокат С.Сағалиев.
Мына мәселені айта кетейін. Біртановтың кезінде жасақталған платформаға зерттеу жасалды. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің нұсқауы бойынша Кибер шабуылды зерттеу және талдау орталығының маманы Ремнев зерттеу жасап, 30 шілдеде жарық көреді. Тура сол күні экономикалық зерттеу де шығады. Екеуі бір күнде қалай шыққан? Бұл мүмкін емес.
Екіншіден, Ремневтің мұндай зерттеу жасауға тәжірибесі, қабілеті жетпейді. Ол Тараз мемлекеттік университетін бітірген, мамандығы – информатика пәнінің мұғалімі. 2020 жылы жазда Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығы (ЦАРКА) Әбішев қамалмай тұрғанда Денсаулық сақтау министрлігін «пациенттер мәліметін жария етті» деген айып таққан болатын. Оған Әбішев қарсы шығып: «Бұл өтірік. Олардың үстінен ақпарат таратқаны үшін ҰҚК-ға және Ішкі істер министрлігіне жалған арыз түсіремін», – деп айтады.
Мұны Ремневтің өзі мойнына алмауы керек еді. Себебі, бұл жерде түсініксіз жайттар көп. Яғни, әділетті зерттеу болатынына күмән пайда болады. Осыны айтып едік, ешкім тыңдамады.
Одан кейін Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығы екінші, үшінші маман табады. Жалпы айтқанда, алты сараптама жүргізген, бәріне Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығы адамдары қатысқан. Қалай мұны әділ дәлел деп айтуға болады?
Екіншіден, ешқайсысы да дұрыс тексермеген. Өйткені, біз 2020 жылы желтоқсан айынан бастап 2021 жылдың қараша айына дейін Алматы қаласында Бағалау сараптама орталығына бүкіл зерттеу материалдарын тексеруге бердік. «Дұрыс зерттелді ме, бұрыс зерттелді ме?» деген сауалға жауап алдық.
30-40 жыл осы салада істеген мамандар қорытынды берді, біз оны сотқа ұсындық. Онда платформаның жұмысына зерттеушілер мен мамандар тарапынан дұрыс тексеріс жүргізілмеген деген шешім шығарған.
Не прокурор, не сот бір сұрақ қойған жоқ. Тіпті, жоққа да шығармады. Енді бұлар осы ұсынған материалдарды қарамай, елеп-ескермей 6 жыл сұрап отыр? Жалпы, платформаны қабылдауға Біртановтың еш қатысы жоқ. Ол қабылдау комиссиясы қатарында болған жоқ. Бірде-бір құжатта Біртановтың қолы қойылмаған. Комиссиядағы жиырма шақты адам да айтты оны. Сонда шешімді болжамға ғана сүйеніп шығара ма?
– Одан бөлек тапсырыс орындаушы Хорватияның Эриксон Никола тесла компаниясынан да жауап алынған жоқ па?
– Әрине, компания мамандары келіп, платформаны тексеріп орнатқан болатын. Олардан да жауап алынды. «Біз өзімізге тиесілі жұмыстың бәрін атқардық. Бізге істеген жұмыс үшін ғана ақша төленді. Ешқандай артық ақша алған жоқпыз, берілген де жоқ. Енді интеграция болу үшін біздің жақтан ақпараттық жүйе дайын болу керек. Біз келіп, интеграциясын жасап береміз», – деді.
Ал тергеушілер 2020 жылы мамыр айында іс қозғады да, платформаны жүргізбей тоқтатып тастады. Тіпті, платформаға Эриксон Никола тесла компаниясының мамандарын жақындатпады. Олар әрі қарай жұмысын қалай жүргізеді? Сосын президент Қ.Тоқаев қазан айында «Платформаны жасақтау жұмысын неге тоқтатып тастадыңдар?» деп тапсырма берді.
– Бұл платформа негізі іске қосылуға дайын ба?
– Платформа жұмыс істейді. Бұл оңай нәрсе емес. Түймешені баса салса, істеп кететін дүние емес. Бұл – күнделікті жаңарып тұратын ақпараттық жүйе. Оған қаншама адам кіреді, шығады дегендей. Бұл – өте ауқымды кешен.
Біріншіден, біздің мемлекетте бұл бұрын-соңды болмаған. Оны ешкім зерттеп те көрмеген. Тіпті, оның жұмыс істеу процесін де білмейді. Сөйтеді де, «істемейді, жасаған адамдарды жауапқа тарту керек» деп шығады.
Тағы айтам, бұл – жұмыс істейтін кешенді жүйе. Оны қосу үшін арнайы мамандар керек. Бір жағынан ҰҚК «мұнда шетелдік мамандарды жолатпау керек. Мұнда жеке адамдардың мәліметі бар» дейді.
– Сот отырысы соңына таяп қалған сияқты. Ертеңгі отырыстан не күтеміз?
– Ертең сөзжарыс болады. Біртанов пен Әбішевке сөз беріледі. Қорғаушылары сөз алады. Біз тағы да дәлелдерімізді айтамыз.
Бірінші прокурорлар өз ұсынысын айтты, өздерінше дәлел келтіргендей болды. Бірақ еш дәлелі жоқ. Меніңше, бұл істе «Біртанов кінәлі» деген мүлдем дәлел жоқ. Сот қалай жүріп жатқанын бүкіл қоғам көріп-біліп отыр. Енді сот қандай шешімге келетін көреміз.
Тағы бір айта кететін жайт, сөзжарысқа дайындалуға уақыт бермеді. Сот отырысы жарты жыл өтті. Біз барлық процесті зерттеп, қарап, прокурор мен сот келтірген дәлелдерге өз дәлелімізді айтуымыз керек қой. Заң бойынша тым болмаса бір апта беруі тиіс еді.
– Қалай ойлайсыз, сот прокурор сұраған жазаны бере ме, әлде ақталып шыға ма?
– Прокурордың сөзі өзгере қоймайды. Оған күмәнім бар. Олардың да дәлел жоқ екеніне көзі жетіп тұр. Бірақ соған қарамастан кінәлі деп айып тағып отыр. Платформаны орнатқан компания да «Бізге артық ақша төлеген жоқ» десе де, елемейді. Біртанов пен Әбішевтың қатысы болса, Эриксон Никола тесла компаниясы баяғыда ашық айтар еді. Егер министрлікпен ауыз жаласқан болса, бұл компания да жауапқа тартылар еді. Біртанов пен Әбішев кінәлі емес екенін сот процесі кезінде талай айтып, дәлелдеді.