Референдум Референдум
USD
USD
USD

«Сергектің» бір аты – «самотёк»

«Сергекті» көрсе, селк ете қалатын алматылық жүргізушілер енді нұр-сұлтандықтардың кебін киейін деп тұр. НЕГЕ? Мұны білу үшін елордадағы «Сергек» саны мен жуырда Алматыға қаншасы қойылатынын салыстыруымыз керек. Жарайды, бұл аса қиын шаруа емес. Маңыздысы, мақтаулы «Сергек» те жаңылады екен. Жаңылғанда да, біреудің айыбын екінші біреудің мойнына іліп бере салудан «тайынбайды».

«Сергектің» бір аты – «самотёк»
Фото: NEGE.kz

Әңгімені Нұр-Сұлтаннан бастайық. Бірер күн бұрын ғана Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Шүпеков көп-көрім  мәлімет келтірді. Түйіндей айтсақ, былай: қала көшелерін «Сергекпен» бақылау 2017 жылдан басталыпты. Бүгінде 400 көше қиылысы мен 300 желілік учаскені 6183 «Сергек» сақ қарап тұр. Жыл басынан бергі 11 ай ішінде осы камералар 1 млн 219 тәртіпбұзушылықты «байқап қойған». Ал жүргізушілерден түсетін айыппұл 6 млрд 784 млн теңге. Бұл орасан қаржының 90 пайызға жуығы қазірдің өзінде бюджетке түсіп үлгерген.

Бұған дейін Алматыда 27 «Сергек» кешені бар-тұғын. Кешен дейтініміз, бір нүктеге төртеуі қойылады. Яғни, бір орынды төрткөзді «Сергек» бақылайды. Бұрын «Сергегі» бар жерден аулақ жүруге тырысатын алматылықтар енді өйте алмайды. Себебі бюджетке ақшатүсіргіш камера Алматыны да жайлағалы тұр. 2020 жылдың 1 қаңтарында 400 жаңа «Сергек» кешені жұмысын бастайды.

Енді Өскеменге ауысайық. Күні кеше осы қаладан шу шықты. Себеп: «Сергек» жүйесі «көз алдындағы» тәртіпбұзушылықты дер кезінде аңғарғанымен, айыптыны тануға келгенде айдалаға лағып кеткен. Көлік тиеп алған эвакуатор 60 шақырым жылдамдықпен жүруі тиіс жерден 77-мен жүйткіп өткен ғой. Ал «Сергек» тәртіп бұзылған орын мен уақытты дәл көрсеткенімен, айыппұлды эвакуаторға емес, үстіндегі көлікке тіркеп беріпті. Ашу қысқан көлік иесі қазір «бүйткен «Сергегіңнің де», сенің де... » деп полицейлерді сілкілеп жатқан көрінеді.

Ал енді осы «Сергектің» ақша сауғаннан басқа қандай пайдасы бар? Жоғарыдағылар бұл туралы аузын толтырып тұрып айтады. Мәселен 2017 жылы Астанаға қойылған соң апатты жағдайлар азайған, бір жылдың ішінде жол апатынан қаза тапқандар саны 43 пайызға кеміген.

Алайда мұндай жарымжан, есеп-қисап үшін айтылатын өтірігі басым пікірлердің тас-талқанын шығарған адам бар бізде. Ол басқа емес, президент Қ.Тоқаевтың өзі. 2019 жылдың қазан айында өткен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте мемлекет басшысы: «Жол-көлік апаттарының саны 15,5 пайызға, олардан зардап шеккендер 42 пайызға көбейді. Автокөліктерді ұрлау 20 пайызға артты» дей келе, «Сергектің» қазір жүргізушілерден айыппұл өндіру үшін ғана қолданылып жатқанын ескерткені есімізде.

Рас қой, «Сергек» дегенің қазір ақша өз-өзінен суша ағып кеп тұратын самотёк болып тұр. Биік бағанның басына бір қадап қойсаң, болды. Сосын сарқырамаға шелегін тосқан адамдай, лақылдап келгенін сақылдатып ала бер.

Шелек дегеннен шығады, «Сергек» жүйесі «жиып-теріп» берген қаржының нақты қаншасы бюджетке кететіні туралы дерек тапшы. Бұл жоба 2017 жылы Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасы мен «Астана Innovations» АҚ және «Көркем Телеком» ЖШС-нің арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан. Демек мемлекетпен әріптесе жұмыс істейтін «жекеменшіктің» де өз алар үлесі болуы тиіс. Бірақ ол қанша? Бұл жағы белгісіз. Белгілі бір жайт, «Сергек» дейтін отандық өнімнің «ақыл-есін» арттырып, «миының» дұрыс жұмыс істеуіне Назарбаев университетінің білгір ғалымдары да атсалысқан екен. Ендеше, Өскемендегі шулы оқиғаның өрбуіне ғалымдардың да қосқан «азды-көпті үлесі» бар-ау деп шамалаймыз.

Бір қызығы, «Сергектің» сергелдеңіне түскен жалғыз Нұр-Сұлтан мен Алматының халқы емес, Шымкенттің өзінде қазір 1 мың «Сергек» қас-қақпай жолды бағып тұр. Өскеменде бірнеше жүзі бар. Өсти-өсти Қазақстанның бар қаласы «сергігенде», жоғарыда айтқан «самотёк» арқыраған өзенге айналмақ.

Сансызбай НҰРБАБА

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

LRT

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Иэн Армитидж

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

Қарашығанақ кен орны

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты

Михал Лабенда