Сенаторлар Әлім Алмат туралы фильм түсіру жөнінде бастама көтерді
Бір топ сенатор Екінші дүниежүзілік соғыста қапыда тұтқынға түскен жауынгерлер ақталуы керектігін мәселе етіп көтеріп, сондай азаматтардың бірі Әлім Алмат туралы фильм түсіруді ұсынды.
Алматы, NEGE. «Оның бірі - соғыс құрбаны, өмірінің соңына дейін туған жерінде ақталмаған Әлім Алмат болатын. Ол 1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы елге қайтар кезде соғыс басталып кетеді. Маусым айының соңында Ә.Алмат дивизиядағы 560 адаммен бірге тұтқынға түседі. Бірақ қазақтың біртуар перзенті Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың көмегімен тұтқыннан босап шығып, музыка училищесіне оқуға қабылданады. Талантты музыкант әуелі Париждегі консерваторияда оқиды, кейін түрік елшілігі арқылы Түркия азаматтығын алады. Сол елде қайтыс болды», - дейді Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Әлімхан Құртаев ресми сауалында.
Оның айтуынша, бұл - бір адамның тағдыры. Мұндай адамдар жүздеп, мыңдап саналады. Қорғаныс министрлігінің берген мәліметінше, Қазақстаннан соғысқа аттанған азаматтардың саны – 1 196 164. Соның ішінде 322 462 адам майданда көз жұмған. Соғыстан оралғандардың саны – 595 153 адам, ал соғыстан оралмағандардың саны – 601 011. Демек, Әлім Алматпен тағдырлас 600 мыңнан астам адам бар деген сөз.
«Хатымызды әзірлеу барысында соғысқа қатысушылардың нақты санын білмек болып, Қорғаныс және Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сұрау салып, хат жаздым. Жаудың тұтқынында болған қазақ жауынгерлерінің ақталған және ақталмағандарының саны жөнінде ақпарат алу үшін құзырлы мекемелер сырғытпа жауап жазып, бір-біріне сілтеді. Ішкі істер министрлігінің жауабында архивтік құжаттардың құпия болып табылатыны айтылған. Сонда біз тұтқындардың тағдырын кімнен жасырып, құпия ұстаймыз? Кеңестің келмеске кеткеніне 30 жылға жуықтаса да, құлдық санадан арыла алмай, жат елде жоқтаусыз қалған боздақтарымыздың рухының алдында дәрменсіздік танытып отырмыз. Әлемнің барлық елдері жерінің тұтастығы, халқының азаттығы үшін күрескен жауынгерлерін ақтап, мемлекеттік актілер қабылдады. Сөйтіп, ақиқат пен әділдікті қалпына келтірді», - дейді ол.
Қазір оқып жатыр
«Жасанды тыныс алу аппараты болмаған»: Қарағандыда бүлдіршіннің өліміне қатысты тексеріс жүргізіледі
Алматының Әл-Фараби даңғылында жарыс ұйымдастырған жүргізушілер жауапқа тартылды
Астанада Умраға жоқ жолдаманы сатып, 17 қажыны алдаған алаяқ сотталды
Астанадағы өрт салдарынан қаза тапқан 3 баланың анасы есін жиды