Сенаторлардың декларациясы: депутаттардың табысы аз, ал жұбайлары миллиондап ақша табады
Қазақстанда сенаторлар мен жоғары лауазымды шенеуніктердің кірістері жариялана бастады. Негізгі табыс көзі олардың жұбайларына қатысты.
Астана, NEGE. Әзірге 50 сенатордың тек төртеуі ғана кірістерін жариялады. Депутаттар 2024 жылы қосымша табыс таппаған. Алайда негізгі қаржы ағыны олардың жұбайларының атына рәсімделгені байқалады.
Атап айтқанда, сенатор Закиржан Кузиевтің жұбайының табысын 3 274 602 теңге, Сұлтан Дүйсембиновтің жары кірісін 5 миллион теңге деп көрсеткен. Ал Нұрлан Бекеновтің зайыбының табысы 11 миллион теңгеден асады. Депутат Жанболат Жөргенбаевтың жұбайы 12 миллион теңге табыс тапқанын жариялаған.
Сенат депутаты Сағындық Лұқпановтың декларациясы ерекшеленді. Құжатта 2024 жылы 43 760 теңге көлемінде қосымша табыс алғанын көрсеткен. Ал жұбайының табысы туралы мәлімет декларацияда жарияланбады.
Бас прокуратура басшылығы да декларация тапсырды. Бас прокурордың орынбасары Ғабит Садырбековтің ол жылы қосымша кірісі болмаған. Бірақ оның жұбайы бір жылда 14,4 миллион теңге кіріс алғанын жариялады. Тағы бір орынбасар Әсет Шыңдалиевтің жұбайы декларацияда 5 721 707 теңге кіріс көрсеткен.
Айта кетерлігі, Бас прокуратурада 5 орынбасар, бас прокурор және аппарат басшысы бар. Алайда жарияланған мәліметтер тек екі орынбасардың декларациясымен шектелген. Қалған басшылықтың қосымша табысы туралы ақпарат әзірге қолжетімсіз.
Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі декларацияларда жарияланатын деректер көлемін қысқартқан болатын. Қазіргі талапқа сәйкес, қолжетімді ақпаратта тек салық салынатын жалпы табыс сомасы мен декларация тапсырған тұлғаның аты-жөні ғана көрсетіледі. Мүлік, активтер және шетелдік есепшоттар туралы деректер жарияланбайды.