21 Қаңтар 17:03
...

Сенатор Дана Нұржігіт еуропалық парламенттің қарары туралы: Бұл – асығыс шешім

Фото:

Еуродақ парламенті еліміздегі қанды қаңтар оқиғасына қатысты арнайы қарар қабылдады. Еуропалық депутаттар адам құқығына қатысты алаңдаушылық білдірген. Сонымен қатар, халықаралық тергеу жүргізіп, «адам құқығын өрескел бұзды» деп бірқатар қазақстандық шенеуніктердің үстінен санкция салуға шақырған.

Бұл қарарды мүлтіксіз орындау міндетті болмағанымен, Еуродақтың институттары мен мүше елдері мұқият назар аударуы әбден мүмкін.

Еуропалық депутаттардың бұл қарарымен қазақстандық әріптестері келіспейтіндерін айтты. Сенат депутаты, Халықаралық істер жөніндегі комитет мүшесі Дана Нұржігіттің пікірінше, бұл – объективті ақпараттың жоқтығынан асығыс шығарылған шешім.

Бұл жөнінде Nege.kz тілшісіне түсініктеме берген сенатор төмендегідей пікір білдірді.

– Еуропарламент депутаттарының қолында жан-жақты ақпарат жоқ-ау деймін. Болған оқиғаның өзі шектен шығып кетті. Бұған дейін Қазақстан мұндай қаралы жайттарды бастан өткерген жоқ. Еліміз мұндай шабуылға ұшырайды, бетпе-бет келеді деп ойлаған жоқпыз.

Қазірдің өзінде көп жайт анықталып жатыр. Кешегі әңгімеде бастары кесілген жас балалар неге айтылмаған? Осы шабуыл кесірінен жолда қалып қойған пойыз жолаушылары бар екені, әуежайларда қаншама адамның аңғарларда қалғаны, екі кішкентай нәрестенің, баласын емізіп отырған ананың оққа ұшқаны, тонаушылардың қанша бизнесті шығынға ұшыратқаны айтылмады. Неге мұның бәрі нақтыланбай, ақпарат біржақты беріліп жатыр?

Бұл парламентаралық қатынастарымыздың әлі де нығая түсі керек екенін көрсетеді. Бір-біріміздің өмірімізді тереңнен біле түсуіміз қажет. Алыстан шешім шығару – асығыстық деп ойлаймын. Кінәсіз  адамдар абақтыға жабылып жатса, ол оқиғалардың бәрін жіті тергеп-тексеру қажет! Бейбіт адамдардың әділетсіздік құрбаны болып кетуіне жол бермеуіміз керек! Адам құқығы жөнінде уәкіл жұмысының, тергеу органдары жұмыстарының қорытындысын күтейік. Кесімді сөз айтуға әлі ерте.

Тегтер: