USD
USD
USD

Сенатор зейнетке жасқа емес, еңбек өтіліне қарай шығаруды ұсынды

Сенатор Амангелді Нұғманов премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, қазіргі зейнетақы жүйесін қайта қарауды ұсынды.

Зейнеткер
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Парламент депутатының пікірінше, зейнетақы жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға, еңбек нарығына және қазақстандықтардың нақты еңбекке қабілеттілігіне сәйкестендіру қажет.

Нұғмановтың айтуынша, зейнетақы моделі икемдірек болуға тиіс және тек жасқа емес, еңбек өтіліне, денсаулық жағдайына және адамның еңбек қызметін жалғастыру мүмкіндігіне де негізделуі керек.

Осыған байланысты ол зейнетақыны жасқа байланысты тағайындайтын жүйеден кезең-кезеңімен бас тартып, еңбек өтіліне негізделген модельге көшуді ұсынды.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда азамат қажетті еңбек өтіліне жеткен соң зейнетке шығу уақытын өзі анықтай алады және бұл шешім үшін экономикалық жауапкершілікті де өзі алады.

Сенатор елде әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арналған еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы жүйесі бар екенін еске салып өтті. Оның пікірінше, мұндай жүйені басқа да азаматтар санатына енгізуді талқылайтын кез келді.

Сондай-ақ ол созылмалы, кәсіби немесе үдемелі ауруларына байланысты жұмысын жалғастыра алмайтын, бірақ ресми түрде мүгедектік белгіленбеген адамдардың зейнетке шығуына байланысты да ұсыныс білдірді.

«Әлеуметтік тұрғыдан маңызды қосымша мәселе – республика зейнетақы жүйесінде денсаулық жағдайына байланысты, яғни мүгедектік тобы белгіленбей-ақ мерзімінен бұрын зейнетке шығудың құқықтық тетігінің жоқтығы», – деді депутат.

Амангелді Нұғманов қолданыстағы заңнама мүгедектікті ресми тануға тым қатты тәуелді екенін және еңбекке қабілеті шектеулі азаматтардың кең ауқымын қамтымайтынын атап өтті.

Сенатор денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін аурулар тізімі негізінде медициналық көрсеткіштер бойынша зейнетке шығуға мүмкіндік беретін норманы Әлеуметтік кодекске енгізуді ұсынады.

Оның пікірінше, бұл құқықтық олқылықты жойып, әлеуметтік әділеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Егер адамның еңбекке қабілеттілігі қалпына келіп, бұл медициналық қорытындымен расталса, оның еңбек етуге конституциялық құқығы автоматты түрде қайта қалпына келуі тиіс екенін депутат ерекше атап өтті.

Сенатор ұсынылған өзгерістер зейнетақы жүйесін неғұрлым тұрақты етуге көмектеседі деп санайды.

«Бұл реформаны іске асыру нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, масылдық көңіл-күй азайып, азаматтардың еңбекке деген жауапкершілігі артады», – дейді Нұғманов депутаттық сауалында.

Нұғмановтың пікірінше, бұл сондай-ақ мемлекеттік бюджетке және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Қазір оқып жатыр

Ақылы жолдарда лазерлер орнатыла бастады: ол не үшін қажет?

Лазер

Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйде өрт шықты

Өрт

Тоқаев Нұрбекке жоғары білім сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді

Нұрбек, Тоқаев

Ұлытау облысында оңалту орталығы аутизмі бар баланы қабылдаудан бас тартқан

оңалту орталығы