«Сенатқа қайтады». Исабаевтың «уәзірлері» жұмыстан босады, сөгіс алды, жауапқа тартылды
Жоғары адиторлық палата Жетісу облысы бойынша мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану бойынша аудит жүргізіп, көптеген проблеманың бетін ашты.
«Жетісу облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері биыл мамыр айында Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігі аудитінен кейін жауапкершілікке тартылды», – делінген бүгін ЖАП таратқан мәліметте.
Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудит өңірде бюджеттің нәтижелі атқарылуына әсер ететін бірқатар жүйелі проблемалар мен бұзушылықтарды анықталған.
Мысалы, абаттандыру және инженерлік желілер бойынша жұмыстардың кешіктірілуі дайын тұрғын үйді пайдалануға беру мерзімінің бұзылуына әкеп соққан. Панфилов ауданында төрт 60 пәтерлі және екі 80 пәтерлі тұрғын үй 1,5 жылдан астам уақыттан бері бос тұр. Олардың жалпы құны шамамен 5,8 млрд теңге. Бұзушылықтар бұдан басқа салаларда да дәлелденген.
«Аудит қорытындысы бойынша облыс әкіміне белгіленген тәртіппен ҚР заңнамасын бұзған адамдарды жауапкершілікке тарту тапсырылды. Нәтижесінде 2 адам қызметінен босатылды, тағы 6 адам сөгіс алды, 2 адам ескерту алды. Сонымен қатар 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасының одан әрі орындалуы бақылауда», – деп хабарлады ЖАП.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жұмысына байланысты жиі сөз естіп қалып жүр. «Президенттің сенімін ақтай алмай жүргендердің» тізімінде Исабаев та бар көрінеді.
Ақорданың есігін жиі ашатын тұрақты оқырманымыздан жеткен мәліметке сенсек, Мемлекет басшысы күзге салым «журналист һәм дипломат әкім» Б.Исабаевты Сенатқа кері қайтарып, оның орнына шаруаға мығым жастардың бірін апаруы мүмкін деседі...