Сенат «Халық денсаулығы туралы» жобаны Мәжіліске қайтарды
Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы болды,
деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. Сенаторлар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодекс жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын талқылады.
Нәтижесінде Сенат заң жобаларын талқылау барысында ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, оларды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.
«Кодекс жобасы Сенаттың барлық қомитеттерінде жан-жақты әрі мұқият пысықталды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер айтылды. Соған сәйкес, Сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына және ілеспе жобаға бірқатар маңызды түзетулер енгізді. Олар, ең алдымен, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Аталған кодекс жобасы ұлт денсаулығын нығайтумен қатар, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау сияқты бірқатар маңызды басымдықтарды қамтиды. Алдағы уақытта бұл құжат отандық медицинаның өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенеміз», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Кодекстің 77-бабына енгізілген өзгерістер Қазақстан Республикасының азаматтары «емдеуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге ақпараттандырылған келісім беруге немесе бас тартуға» құқылы екенін нақтылауды көздейді.
Ал 78-бапта «қажетсіз жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында" репродуктивті денсаулығын қорғау туралы ақпаратты қолжетімді түрде алу жөніндегі баланың құқықтары туралы тұжырымдамадан бас тарту ұсынылды. Түзетулер бойынша балалардың "репродуктивті денсаулығын қорғау туралы ақпаратты қолжетімді түрде алуға» ғана құқығы бекітіледі.
Заң жобасындағы өзгерістер індеттер мен жұқпалы аурулардың пайда болу қаупі төнген жағдайда мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің шектеу іс-шараларын енгізу құқықтарын нақты реттейді және жүйелендіреді.
Сонымен қатар отырыста Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің «дәрігерлік қателіктер» үшін жауапкершілігін заңнамалық реттеу мәселесі қаралды.