СЕНАТ депутаттары СОҒЫСТЫ қолдай ма?

Мәжіліс депутаты Азамат ӘБІЛДАЕВТЫҢ сұхбаты кешеден бері үлкен талқыға түсіп жатыр. Ол «Украинаны нацистер басқарып отыр», «Мен Ресей президентін қолдаймын» деген пікір айтқан еді.
Бұл пікірдің көпшіліктің ашуына тигені соншалық, депутатты мандатынан айыруды ұсынғандар да болды. Кейін «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев өз телеграмында Әбілдаевтың тәртібін арнайы кеңесте қарайтынын жазды. Көп кешікпей бүгін партияның баспасөз қызметі депутаттың мандатын тоқтатып, оны партиядан шығарғанын хабарлады.
Сенат пен Мәжілісте А.Әбілдаев сияқты қанша депутат бар? Өйткені ол «өзі сияқты екі-үш депутат бар екенін» айтқан. Олар кімдер?
NEGE тілшісі сенаторлардың арасына сауал тастап көрді.
Нұртөре ЖҮСІП:
Ешқандай соғысты қолдамаймын
– Өз басым Парламент депутатының тұтас бір елді айыптауын негізсіз деп есептеймін. Мәжілістің ішінде кімнің не ойлайтынын қайдан білеміз? Ондай көзқарас партияда ма әлде депутаттардың арасында ма, оны өздері шешуі керек. Әріптестері арасында анықтап, байыбына баратын шығар.
Егер «Ақ жол» осындай шешім шығарса, партияның ішінде үлкен әңгіме болған деп ойлаймын.
Жалпы, ешқандай соғысты қолдамаймын. Соғыстан әкеміз аман келіп, содан дүниеге келген ұрпақпыз. Егер менің әкем келмесе, 11 бала өмірге келмес еді. Кез келген соғыс адамзатқа тек қасірет әкеледі. Ресей жақтан да, Украина жақтан да қаншама жастар өліп жатыр. Оны тек бейбіт жолмен шешу керек. Басқа жолы жоқ өйткені. Бұған қатысты мен мемлекет басшымыздың көзқарасы дұрыс деп санаймын.
Ләззат СҮЛЕЙМЕН:
«Арнайы операция» емес – соғыс!
– Мен кеше сұхбаттың шет жағасын көріп қалдым. Ол кісінің жеке пікірі ғой. Өз көзқарасын, негіздерін көрсеткен болар. Бірақ оны мен қолдамаймын. Біз ондай позициядан аулақ болуға тиіспіз. Әрбір депутат – саяси тұлға. Әрқайсысының өз мандаты бар, саяси мінберде өз пікірін айтуға құқы бар.
Оның жеке пікіріне ештеңе дей алмаймын. Менің жеке пікірім – ол көзқарасты қолдамаймын.
Біріншіден, Ресей де, Украина да – бізге жақын мемлекеттер. Мен қазір «арнайы операция» емес, соғыс жүріп жатыр деп ойлаймын.
Нұрлан БЕКНАЗАРОВ:
Қандай соғыс болса да түбінде тоқтайды
– Негізі, біз соғысты қолдамаймыз. Болып жатқан жағдайға азаматтардың сырттай пікір айтуы да әдепке келеді деп ойламаймын. Керісінше, әртүрлі талқылауларға айналып кетіп жатады. Осы тұста бұл сөзді айтып отырған азаматтың беделін, қызметін, қоғамдағы орнын ескеру керек. Алайда әр адам өз пікірін білдіре алады.
Жалпы, қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайдың бірі – бізбен көршілес, бұрын бір одақта болған елдердің арасындағы соғыс.
Тек экономика емес, бұл жерде адамдардың қазаға ұшырауы үлкен мәселе боп тұр. Қандай соғыс болса да түбінде тоқтайды. Лажы болса оның тезірек біткені дұрыс. Бәрібір екі жақ келісім үстеліне отырып, бейбіт шешімге келуі тиіс.
Мен соғысқа қатысты, соғысты ушықтыруға қатысты, адамдардың өмірін қиюға алып келетін қандай да бір іс-қимылдарға қарсымын.
Айгүл ҚАППАРОВА:
Біз оларды айыптамаймыз
– Қазақстан – бұл мәселеде бейтараппыз. Сол ұстанымда қалуымыз керек деп ойлаймын. Біз екі елмен де достық қарым-қатынастамыз. Бір елмен көрші жатырмыз.
Бұл шиеленістің тезірек шешілгенін қалаймыз. Және оның дұрыс шешілуіне мүдделі мемлекетміз.
Біз оларды айыптамаймыз. Бірақ бәрі бейбіт түрде аяқталғанын тілейміз. Сондықтан ол кісінің айтқан сөзіне мен қарсымын. Кез келген күшті, кез келген оқты, кез келген соғысты қолдамаймын мен.