3 Мамыр 18:31
...

Сенат Төрағасы Алматыда салынып жатқан Абай ұлттық мектебінің құрылыс барысымен танысты

Алматы
Фото: gov.kz

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматыда Абай ұлттық мектебі ғимаратының құрылысымен танысты. Аталған оқу орны биыл ұлы ақынның 180 жылдығына орай ашылады деп жоспарланып отыр.

Алматы, NEGE. Мәулен Әшімбаев отандық білім беру сапасын арттыру мәселесі Мемлекет басшысының үнемі басты назарында екенін атап өтті. Осы ретте Абай ұлттық мектебінің жаңа ғимаратын салу бәсекеге қабілетті және жан-жақты дамыған жастарды даярлау жолында маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ аталған білім ордасын ойшылдың мұрасын зерттеу және оны дәріптеу бағытындағы тірек оқу орнына айналдыру көзделген.

Мектепте сапалы профессорлық-оқытушылық құрамға басымдық берілмек. Одан бөлек, оқыту процесіне жоғары білікті мамандар мен педагогтар жұмылдырылады.

«Биыл ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен осы айтулы күнге орай ұлттық мәртебеге ие Абай мектебін ашу жоспарланып отыр. Ойшылдың атына сай білім ордасы болу айрықша маңызға ие. Сондықтан озық тәжірибелерге сүйеніп, мектептің сапалы педагогикалық құрамын жасақтау қажет. Мектеп Абайдың «Толық адам» философиясы мен Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасына табан тіреп, патриоттардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді», – деп, Мәулен Әшімбаев жобаны іске асыруға қолдау көрсетіп келе жатқан Алматы қаласының әкімдігіне, Оқу-ағарту министрлігіне және отандық білім беру ісінің болашағына бейжай қарамайтын белсенді азаматтарға алғыс білдірді.

Сапар аясында Сенат Төрағасы мен депутаттар «MOST IT Hub Almaty» инновациялар орталығына барып, оның қызметімен танысты. Бұл алаңда креативті, технологиялық және кәсіпкерлік бағыттағы жобаларды біріктіру арқылы ұлттық экономиканы дамытуға арналған іргелі істер жүзеге асырылады.