27 Ақпан 14:14
...

Сенат Қазақстанның бітімгерлеріне арналған өтемақыға қатысты заңды мақұлдады

Мәжіліс
Фото: gov.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы бітімгерлік миссияға қатысты екі құжат қаралды.

Алматы, NEGE. Сенаторлар «БҰҰ-ның бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» Заңын мақұлдады.

Бұл меморандумға 2024 жылғы 14 ақпанда қол қойылды. Ол Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметінің құқықтық әрі ұйымдастыру негіздерін белгілейді, персоналды, техника мен материалдық қамтамасыз етуді беру тәртібін, сондай-ақ қаржыландыру және шығындарды өтеу тетігін айқындайды.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, құжат UNDOF құрамындағы қазақстандық әскери қызметшілердің мәртебесін, олардың тәртіптік және қылмыстық жауапкершілігін, сондай-ақ міндеттемелердің орындалуын бақылау шараларын бекітеді. Меморандум аясында БҰҰ жеке құрамға төлемдерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының миссияға қатысуына байланысты шығыстарды өтеуге міндеттеме алады.Заңның қабылдануы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау саласындағы жауапты әріптес ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық имиджін нығайтады, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді және шетелдік бітімгершілік контингенттермен тәжірибе алмасу үшін жағдай жасайды.

Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, меморандумда ескерілген қаржылық міндеттемелер қазақстандық контингенттің қатысқаны үшін БҰҰ тарапынан өтемақы төлемдерін қамтып отыр.

БҰҰ төлемдерінің жалпы сомасы жылына шамамен 5 млен АҚШ доллары:

– жеке құрам үшін жылына шамамен 2,4 млн АҚШ доллары (әрбір әскери қызметшіге айына 1 448 АҚШ доллары).

– техниканы, қаруды және мүлікті пайдаланғаны үшін жылына 2,6 млн АҚШ доллары.

– Бұл Қазақстанға бітімгершілік миссияларға қатысу кезінде бюджеттік шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік береді, - деді депутат.

Сонымен қатар, Сенаттың жалпы отырысында «2024 жылғы 14 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға хаттар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Келісім қазақстандық бітімгершілік контингенттің UNDOF миссиясына қатысуы үшін персоналды, негізгі жабдықты және өзін-өзі қамтамасыз ету құралдарын бергені үшін БҰҰ-ның Қазақстан Республикасының Үкіметіне төлем жасау тәртібін реттейді.

Заңды ратификациялау қаржылық есептеулердің ашықтығын және қаражат түсімінің болжамдылығын қамтамасыз ете отырып, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасына тиісті шығындарды өтеу жөніндегі міндеттемелерін бекітеді.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында ҚР Қорғаныс министрлігі Голан жоталарындағы бітімгерлердің қауіпсіздігі үшін қажет шара қабылдап жатқанын хабарлады.