Sen Sulu бренді ресейлік блогер Валя Карнавалға қатысты хейтке жауап берді
Отандық Sen Sulu бренді жаңа өнімін жарнамалауға ресейлік блогер Валя Карнавалды шақырғаны үшін дауға қалды. Желі қолданушылары компания өнімін қолданудан бас тартты.
Астана, NEGE. Блогер Валя Карнавал қазақстандықтарға жақсы таныс. Бұған YouTube арнасының авторы Антон Суворкиннің мәлімдемесі себеп болған. Оның айтуынша, былтыр Қазақстандағы клип түсірілімі кезінде блогер түсірілім алаңынан «барлық қазақты шығарып жіберуді» сұраған. Сондай-ақ Валя Карнавал түсірілім алаңында қазақ тілінде сөйлегендерге теріс реакция білдіргені, тіпті «райдерде қазақтар болмауы керек деп көрсетілген» дегені айтылды.
Кейін Валя Карнавал бұл айыптауларды жоққа шығарып, ақпаратты жалған әрі жала деп атады.
Осы жайтқа қарамастан Sen Sulu брендінің Валя Карнавалды өнімін жарнамалауға шақырғаны желі қолданушыларының наразылығын тудырып, брендке байкот жариялады.
«Ең қызығы, Валя Карнавал – нағыз шовинист. Бізде клип түсіріп жүргенде, түсірілім алаңында қазақша сөйлеуге тыйым салған. Мұны Қазақстанда, қазақтардың ортасында істеген. Неткен кринж».
«Рақмет, бірақ енді сіздердің өнімдеріңізді сатып алмаймын. Ресей нарығында сәттілік тілеймін».
«Сіздер "бір реттік коллаборация" үшін қазақтарды және қазақ тілін қорлаған адамды шақырып, бұдан ешқандай проблема көрмегендеріңіз бе?» – деп жазды желі қолданушылары.
18 мамырда бьюти-брендтің негізін қалаушы Айнұр Қабелдинова видеоүндеу жасап, жаңа өнімді жарнамалауға не себепті Валя Карнавалды шақырғанын түсіндірді.
Оның айтуынша, компания брендті тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де танымал етуді мақсат тұтқан. Ал Валя Карнавалды танымал инфлюенсер ретінде таңдаған, алайда компания қазақстандық қоғамның оған деген көзқарасы теріс екенін жете бағамдамаған.
«Артист таңдағанда біз тек нақты деректер мен фактілерге сүйендік. Енді тек фактілерге ғана емес, эмоция мен халықтың сезіміне де мән беру қажет екенін түсіндік», – деп мәлімдеді Айнұр Қабелдинова.
Компания «бұдан былай тек аналитикаға емес, комьюнитидің де пікірімен санасуға» уәде етті.
Қазір оқып жатыр
Alatau City-де Орталық Азиядағы алғашқы аэротакси сынақтан өткізілді
Қазақстандықтар Жан Байжанбаев бастаған бірнеше актерді қамауға алуды талап етті
«Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн – Тоқаев
Ішкі рейстердің билеті арзандай ма? Экономист ҚҚС-ның әсерін түсіндірді