Семейде жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастаған әке өмір бойына сотталды
Семейде жаңа туған ұлын қоқыс жәшігіне тастап кеткен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал баланың анасы рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылды.
Астана, NEGE. Абай облысының прокуратурасы хабарлағандай, әйел сотта баланың өлі туғанын айтты. Алайда сараптама нәрестенің тірі туғанын және үсіп қайтыс болғанын анықтады.
«Сотта анықталғандай, бала дүниеге келгеннен кейін ер адам нәрестені алып кетіп, қоқыс контейнеріне қалдырған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, нәресте тірі туған, ал оның өліміне денесінің шамадан тыс тоңуы себеп болған», – деп хабарлады прокуратура.
Сот ер адамды нәрестені өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал баланың анасы жаңа туған нәрестесін өлтіргені үшін екі жылға сотталды.
Дегенмен әйелге тағылған қылмыс орташа ауырлықтағы құқықбұзушылық санатына жататындықтан, ол рақымшылыққа ілініп, жазасын өтеуден босатылды.
Айта кетейік, бұл іс бойынша сот үкімі 15 қазанда жарияланды. Ал 27 қарашада прокуратура үкімнің заңды күшіне енгенін хабарлады.