Семейде өзенге құлап кеткен көліктен бір адамның денесі шығарылды
Бүгін таңғы сағат 06:00-де Семей қаласында, Ертіс өзенінің жанындағы Бейбітшілік аралында жеңіл автокөлік бетон қоршауға соқтығысып, өзенге құлап кетті.
Алматы, NEGE. Апат кезінде салонда 4 адам болған. ТЖМ мәліметіне сәйкес, жолаушылардың бірі көліктен өздігінен шығып, жағаға жүзіп жеткен. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
Оқиға туралы хабарлама келіп түскеннен кейін бірден оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті. Сағат 09:00-де іздеу тобы бір қайтыс болған адамның денесін тауып, судан алып шықты. Ол одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына берілді.
Қазіргі уақытта құтқару операциясына: 55 құтқарушы, 5 жүзу құралы, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты, су асты іздеуге арналған эхолот, 10 техника жұмылдырылған.
Операцияны күшейту үшін қосымша Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімнен ҚР ТЖМ әскери қызметшілері тартылды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысынан құтқару бөлімшелері келеді.
ТЖМ қызметтері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.