«Семей орманындағы» өрттің ашық жануы тоқтатылды
«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында 16 шілдеде шыққан өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасты. Соңғы мәліметтер бойынша, өрттің ашық жануы тоқтатылып, қазіргі уақытта жекелеген түтіндеу ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде.
Астана, NEGE. Экология министрлігінің хабарлауынша, өртті сөндіруге 769 адам, 191 жерүсті техникасы және 8 тікұшақ жұмылдырылды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли өрт аумағын әуеден бақылау мақсатында тікұшақпен ұшып өтті.
«Түнде өрт сөндіру жұмыстары бүкіл периметр бойынша жүргізілді, өрттің одан әрі таралуын болдырмау үшін оның шетін күзетіп, сөндірді», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Күн шыққан кезде техника жете алмайтын өрттің ішкі жағына жаяу десант жіберілген. Бұған қоса ішкі өрт тікұшақтарпен су шашу арқылы сөндірілуде. Өрт басталғалы бері әуе техникасы арқылы 243 рет су төгіліп, 546 тонна су жеткізілген.
«Өрт ошағында ашық жану байқалмайды, жекелеген түтіндеу ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген ресми ақпаратта.
Айта кетейік, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағындағы орман өрті 16 шілде, таңертеңгі уақытта тіркелген. Өрт резерваттың Бородулиха филиалы Қамышен орманшылығының 57-орамында шыққан.
Премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа «Семей орманы» аумағындағы орман өртін сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін Абай облысына шұғыл баруды тапсырды.