«Семей орманындағы» өрт: 161,5 млрд теңге шығынды өтеу НЕГЕ жалғыз «Қазавиақорғау» директорына міндеттелді?

«Қазавиаорманқорғау» компаниясының бұрынғы шенеунігі Талғат Әлиев «Семей Орманындағы» алапат өрттен келген шығынды өтеуі үшін 28 446 жыл қажет. Иә, сіз дұрыс естідіңіз – 28 мың жыл!
«Қазавиаорманқорғау» бас директоры міндетін атқарушы Талғат Әлиевті ірі орман өртінің шығуына әкелген салғырттығы үшін екі жылға бас бостандығынан айырылғанын бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. «Семей орманында» өрт салдарынан 63 мың гектар орман өртеніп, шығын 161,5 миллиард теңгеге бағаланды. Экология министрлігі бұл соманы мүліктік шығын деп жариялап, сот Әлиевті сол шығындарды төлеуге міндеттеді. Тағы 4,8 млрд теңге мемлекеттік баж салығы.
Шенеунікке өз еркімен төлеуге бір ай уақыт берілген. Біз Экология министрлігінен аталмыш төлемдерге қатысты жағдайды сұрадық.
«…Сот шешімі Алматы қалалық Әділет департаментіне жіберілді. Бүгінгі күні мүліктік залалды өтеу туралы өзекті ақпарат жоқ. Алматы қалалық Әділет департаментіне ресми сұраныс жіберілді», – деп жауап берді вице-министр Нұркен Шарбиев біздің ресми сауалымызға.
Ал, Әлиев қызмет етіп жүрген кезде 473 215 теңге жалақы алып отырған. Мұндай табыспен бүкіл соманы өтеу үшін 28 мың жыл қажет болады. Егер тамақ ішпей, киінбей, бір тиын шығын шығармаған жағдайда.
Біз тараптардың жеңілдік жасау туралы келісімге келген-келмегенін тексердік.
«Министрлік сотталған азаматпен ешқандай келісім жасасқан жоқ. «Оның тарапынан да ұсыныс немесе бастама болған жоқ», – деді Шарбиев.
Экология министрлігі бұл ақшаны қайтаруды жоспарлап отыр ма? Әлде ол жай ғана «үмітсіз қарыз» ретінде есептен шығарылды ма?