13 Сәуір 19:35

Семейде «Abai IT-Valley» технологиялық кластері құрылуда

Фото:

Кеше Семейде, Әлихан Бөкейхан Университетінде, ақпараттық технологияларды дамытуға бағытталған «Abai IT-Valley» («Абай IT алқабы») технологиялық кластерінің құрылуына байланысты баспасөз мәслихаты өтті.

Технологиялық кластер Әлихан Бөкейхан университетінің негізінде, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен ҚР Ұлттық Банкінің Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығының қолдауымен құрылып отыр.

«Abai IT-Valley» технокластері өңірдегі IT мамандарының басын қосатын әрі алдыңғы қатарлы өндірістік-инновациялық технологияларды әзірлеуге және жүзеге асыруға мүмкіндіктер ашатын технологиялық орталық ретінде қызмет атқарады.
Технокластерді толығымен жабдықтаған әрі мамандармен қамтамасыз еткен – Әлихан Бөкейхан университеті.

Технокластердің ресми ашылу салтанаты мамыр айына жоспарланған, қазіргі уақытта кластер аясында жұмыс жасауға ниетті мамандар мен IT саласы бойынша білім алуға ұмтылатын жастарды бір орталыққа жинау, жұмылдыру және оқыту жұмыстары жүргізілуде.

Баспасөз мәслихатында Университет басшылығы, технокластердің жоба менеджері Асхат Бейсембаев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту департаментінің директоры Дархан Ахмедиев, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қорының бас директоры Мағжан Мадиев, ҚР Ұлттық Банкінің Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Бинур Жаленов сөз сөйледі. Спикерлер технокластерді құрудағы мақсат-міндеттерді және кластердің жұмыс бағыттарын таныстырды.

Спикерлер сонымен қатар, технокластерді не себепті Абай есімімен атау туралы шешімдерін түсіндірді. Бұған бірнеше себеп негіз болған. Біріншіден, кластер Хакім Абайдың туған жерінде ашылып отыр, оның үстіне кластердің құрылу мерзімі Ел Президентінің Абай облысын құру туралы шешімімен тұспа-тұс келген, әрі Абай есімі, қашан да, білім және ғылыммен, ағарту, жаңалыққа ұмтылумен байланысты болғандықтан, орталықты Абай есімімен атау жөнінде шешім қабылданған.

Баспасөз мәслихатына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және шақырылған қонақтармен қатар, Семей қаласының жоғарғы және орта-кәсіптік оқу орындарының жүздеген студенттері қатысты. Жақын арада студенттерге Astana Hub технопаркімен бірлескен тегін IT курстары өткізіледі. Қысқа және орта мерзімді оқу курстарында жастар заманауи бағдарламалау тілдерін, сонымен қатар IT-стартаптарды әзірлеу, жүзеге асыру және алға жылжыту жолдарын үйренеді. Алғашқы курсқа қазірдің өзінде 100 адам жазылды.

Алдағы уақытта “Abai IT-Valley” технологиялық кластерінің негізінде арнайы корпоративті қор құрылып, заманауи IT жобаларды қаржыландыратын инвестиция көздері тартылмақ. Бұл кластер негізіндегі оқыту курстарында білім алған жастарға өз білімдерін іс жүзіне асырып, IT-стартаптарын іске асыруға мүмкіндіктер ашады.

Тегтер: