14 Маусым 19:09
...

Селтановты өсірген – Ахметжановтың бұйрығы...

Фото:

30 мамырда порталымызда «Зорланған Нұрсұлтанның зары: Селтановтың қызметі тағы өсті» деп аталатын мақала жарияланды.

Естеріңізге салайық, 2018 жылы Түркістан облысының Абай ауылында 7 жастағы бала зорланды. Бұл аса ауыр қылмыс қоғамды дүр сілкіндірді.

Зорланған баланың есімі – Нұрсұлтан Б. Ол оқыған №74 мектептің директоры сол кездегі ОҚО ІІД Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Селтановтың жеңгесі, ал балаға сараптама жасаған дәрігер оның ағасы екені белгілі болды.

Коллаж: Nege

Зорлық көрген бала әжесі екеуі Алматыға тәуелсіз сараптамадан өтуге бара жатқанда полиция қызметкерлері оларды пойыздан түсіріп алғаны және бұл Бауыржан Селтановтың тікелей бұйрығымен жасалғаны айтылды. Селтановтың сондағы мақсаты – туыстарын қылмыстық жауапкершіліктен құтқару.

Осы іс бойынша Б.Селтановтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда уақыт өте келе қылмыстық істің соңы сұйылып кетті. Бауыржан Селтанов аты-жөнін Бауыржан Сапар деп өзгертіп, жуырда Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Көп ұзамай генерал шеніне де қол созуы мүмкін.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың атына ресми сауал жолдап, Б.Селтановқа қатысты қылмыстық істің жайын және оның не себепті тегін ауыстырғанын сұрағанбыз. ІІМ-нің баспасөз қызметінен төмендегідей жауап келді:

«Кадрлық мәселелердi реттейтiн қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлер шеңберiнде Полиция департаменттері бастығының орынбасарлары лауазымдарына тағайындау міндетті түрде Iшкi iстер министрiнiң бұйрығымен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңдарында айқындалған жағдайлар бойынша әр азамат ата-тегін ауыстыруға еркі бар. Бұл арада ешқандай заң бұзушылық жоқ.

2018 жылы қоғамдық қорғаушылардың шағымдары бойынша оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілді, оның нәтижелері бойынша қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды.

Б. Сапар ішкі істер органдарында 26 жылдан бері қызмет етеді. Ал 20 жылдан астам уақыттан бері басшылық лауазымдарды атқарып келеді. Аудандық бөлімшелерді, Шымкент қаласының ІІБ, Түркістан қаласының ПБ, облыстық департаменттің криминалдық полиция басқармасын басқарды.

Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары лауазымына кадрлық резервте тұрған, біліктілік талаптарына толық сәйкес келді. «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға сәйкес қойылатын біліктілік талаптарына қатаң сәйкес келетін және мансаптық өсудің барлық кезеңдерінен міндетті түрде өткен қызметкерді лауазымға ұсынуды ішкі істер департаментінің бастығы жүзеге асырады».

Б.Селтановқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылыпты. Қылмыстық істі тоқтатып қана қоймай, М.Ахметжанов өз бұйрығымен Селтановты лауазымды қызметке тағайындаған. Б.Селтанов тегін НЕГЕ ауыстырып жіберді? Бұл сұрақтың әлі де басы ашық.

Қысқасы, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген тәмсілдің өміршеңдігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл жолы Ішкі істер министрі М.Ахметжановтың «арқасында»...

Тегтер: