1 Қыркүйек 19:23

Жолдау: Медицинаға қолдау аз, мұғалім жалақыға мәз

Фото:

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті үшінші жолдауын жасады. Жолдау Білім күнімен тұспа-тұс келгендіктен негізгі басымдық індет жағдайындағы білім алу, мұғалім мәртебесі, медицинадағы қордаланған мәселелерге бағытталды. 

«Мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастыра береміз» деген Президент: «Осы жылдың қаңтарынан бастап педагогика қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсті. Алдағы үш жылдың ішінде біз бұл мақсатқа қосымша 1,2 трлн теңге бағыттаймыз. Қабылданған іс-шаралар өз жемісін беріп те жатыр. Педагогика мамандығына түсушілердің орташа баллы күрт өсті», – деді.

Сондай-ақ, Президент педагогтардың біліктілік курстарын өз қаражаты есебінен өтуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті.

 «Білім беру жүйесіне ынталы және білікті педагогтар қажет. Мұғалімдерді қайтадан оқытуды 5 жылда емес 3 жылда бір рет өткізу талап етіледі деп ойлаймын. Өйткені, олар жаңа білімді тасымалдаушы, нағыз ағартушы болуы тиіс. Бұған қоса, педагогтардың курстарды өз қаражаты есебінен өтуіне жол бермеу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кету керек, еліміздің мектептерінде орын жетпеу мәселесі әлі өзекті. Қазір тапшылық 225 мың орынға жеткен. «Егер шұғыл іс-шаралар қабылдамасақ, 2025 жылға қарай ол 1 миллион орынға жетуі мүмкін. Бұған дейін 2025 жылдың соңына қарай кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін бұл цифрды бір мыңға дейін жеткізу тапсырмасын беремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Презиеднт «Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек», – деді.

Медицинаға қомақты қаржы бөлінбек

«Бөлінген қаражат Қазақстан халқының денсаулығын нығайтуға, коронавирус екпесінен бөлек жоспарлы екпе салуға жұмсалуы тиіс. Сонымен бірге отандық дәрі-дәрімек пен медициналық құрал-жабдықтардың үлесін 50 пайызға жеткізу керек», – деді Мемлекет басшысы.

«Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп», – деді.

Бес бастама қандай? 

БІРІНШІ БАСТАМА

Ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарайтын кез келді деп санаймын.

Бұл – бір жағынан аса маңызды макроиндикатор болса, екінші жағынан – әркімге түсінікті көрсеткіш.

Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ.

Қоронавирусқа байланысты әлемдік дағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойды.

Сондықтан, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым.

ЕКІНШІ БАСТАМА

Қазақстанда 6,5 миллионнан астам адам жалданып жұмыс істейді. Олардың негізгі табыс көзі – жалақы.

Бұл ретте, еңбекақы төлеу қорының өсімі соңғы 10 жылда кәсіпорын иелері табысының өсімінен 60 пайызға жуық қалып қойды. Осыған байланысты Үкімет бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын «ұтымды» шаралар әзірлейді.

 ҮШІНШІ БАСТАМА

Еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақтың өзі барынша түсінікті әрі қарапайым болуы қажет.

Бұл, әсіресе, микро және шағын кәсіпкерлік саласында қатты сезіледі.

Мұндай бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді ұсынамын. Жаңа жүйе 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауға тиіс.

ТӨРТІНШІ БАСТАМА

2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті.

Бірақ, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды.

Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар.

Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады.

БЕСІНШІ БАСТАМА

Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді.

   Жақсылық Досқалиев, Денсаулық сақтау экс-министрі:  

Қазір кері тартатын антиваксерлер көбейді 

–   Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев медицинаға қаржыны аямау керек деп қадап айтты. Өте дұрыс! Және ол діттеген жеріне жетуі керек. Қазір кері тартатын антиваксерлер көбейді. Бұлар өзінің өмірін емес, жанындғы адамдардың өміріне қауіп төндіріп жатыр. «Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан, екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн», - деді Президент.

Алдағы уақытта тағы ревакцинациялау болуы мүмкін. Шетелден вакцина сатып алып, жеткзу керегін айтты. Біз бұл індетпен әлі бір жыл емес, бірнеше жыл күресетін шығармыз. Күрестің дұрыс жолы – екпе алу.  

Фатима Маметқалиқызы, №148 мектеп директоры:

Еңбек еткен мұғалімнің жағдайы жаман емес 

– Мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп жатыр. Сол бойынша әр мұғалімнің еңбекақысы біліктілік санатына қарай көбейеді. Одан басқа сынып жетекшілігіне, діптер тексеруге қосымша ақша қосылады. Сонымен қатар бұрын мұғалімдерді қосымша жұмыс істеуге жіберетін едік. Қазір оған жол жоқ. Бұл «Мұғалім мәртебесі туралы» заңда қатаң жазылған. Магистратура бітіргендерге 27 мың теңге қосылады. Биыл оқу жылынан бастап дене шынықтыру мұғалімдеріне қосымша балаларды спортқа тарту мақсатында 17 мың қосылады. Мұның бәрі ұстаз қауымын үшін жасалып жатқан жақсылық деуге болады.

Мұғалімдерге мемлекеттік қызметкер ретінде үй алуына жағдай жасалған. «Жастар» бағдарламасы бойынша мектепке кіргеніне 2-3 жыл болған мұғалімдер баспаналы болуда. Сондықтан еңбек еткен мұғалімнің жағдайы жаман емес. Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы.

Құрбан Оразбек, №184 жалпы білім беретін мектеп директоры:

 Алматы мұғалімдері бағдарламамен үйлі болып жатыр 

– Мұғалімдердің жалақысын 2025 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға көбейту туралы жоспар бар. Бұл жыл сайын орындалып келеді. 2022 жылдың қаңтарында тағы көтеріледі. Президент тілге тиек еткен мұғалімдердің біліктілігін көтеру туралы айтсам, қазір мұғалім ешқандай ақша төлемейді. Ұстаз ұлттық біліктілік тестулеуден өтіп, нәтижесі бойынша портфолио жинайды. Нәтижесі оң бағаланған жағдайда біліктілік санаты беріледі. Сәйкесінше, жалақысы да көбейіп отырады. Ал әлеуметтік мәселеге келсек, қазір Алматы жастары» бағдарламасы бар, одан бөлек 29 жасқа дейінгі мамандар бюджеттік бағдарламамен үй алуына болады. Осы бағдарламаның арқасында көптеген мұғалім баспана алды. 

Тегтер: