17 Қыркүйек 10:53

Желіден жік шықты, екі құлағы тік шықты!

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Желіден жік шықты, екі құлағы тік шықты! Жік болғанда, желіге тікелей қатысты жік. Әлеуметтік желі өзі, яғни... әлеуметтік желі туралы тосын бастаманы бұрын-соңды болмаған қарқынмен талқылауға кірісіп кетті.

Иә, қазір заманның басты ақпарат құралы дәстүрлі деп саналатын БАҚ емес. Бүгінгі басты БАҚ – «аса мәртебелі» интернет пен әлеуметтік желі екенін барша жұрт мойындаса керек. Қоғамда боп жатқан барша жаңалықпен жұрт алдымен сол жақта танысады. Бір сөзбен айтқанда, заманның жақсылығы мен жамандығы да осы желіде! Бұрқ-сарқ қайнаған қоғам қазанындағы сорпаның бетіне хайп пен фейк, хейт пен кибербуллинг секілді «көбік» те шығып жатыр.

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал», жазарман да (блогер, жеке пост не комментарийдің  аты белгілі және белгісіз авторы), оқырман-көрермен де бұрын-соңды боп көрмеген осы ақпараттық мүмкіндікті хал-қадерінше игеріп жатыр (айтпақшы, өткенде осы мәселенің бір шетіне арнап, Nege.kz сайтында арнайы мақала да жазғанмын).

Балалар мен жасөспірімдер кибербуллингінің қандай жан түршігерлік қасірет-қайғыларға әкеп соқтырып жатқанын да білеміз. Қудалау мен өз-өзіне қол жұмсау, жаңаша айтсақ, буллинг пен суицид қатар жүретін болды. Жалпыға жария түрде жамандау мен намысына тию, арандату мен қоқан-лоққы көрсету жүйкесі қалыптаса қоймаған жеткіншек ұрпаққа аса қауіпті. Ондай апатты тенденциямен күресу орынды-ақ!

Коллаж: nege.kz

Желідегі жауапкершілік тақырыбын таратып көрейікші. Ал ертеңгі күні әлеуметтік желідегі шетелдік анонимдер Қазақстанның Тәуелсіздігін, жер тұтастығын мансұқ етіп, сепаратистік ойларды таратып жатса ше? Яғни, әлеуметтік желілердің арандату мүмкіндіктері геосаяси сипат алып кетсе, оларға мемлекет тарапынан қандай реакция болмақ? Абсолюттік сөз бостандығына сай олар ойына келгенін айтып, басқа шыға бере ме?

Қоғам мен адамға өз залалын тигізетін пікір-ойды жазған адамдар өздерінің ғайбат сөзіне жауап бермейтінін біледі. Сондықтан да солай басынады.

Осы тұрғыдан алғанда, жеке адам мен тұтас мемлекеттің конституциялық құндылықтарын ақпараттық жағынан қорғаудың белгілі бір заңдық механизмі болуы дұрыс деп ойлаймын. Ондай мүмкіндіктер заңдарымызда, әлеуметтік желілердің өз тұғырнамаларында жоқ емес, бар. Мәселе соларды ұтымды да тиімді пайдалануға тірелсе керек.

Бірақ, сол үшін міндетті түрде әлемдік әлемжелі алпауыттарын Қазақстанда тіркеу керек пе?! Тіркелмесе, оларды бұғаттау керек пе? Сарапшылардың айтуынша, 12 ел ғана Facebook, Instagram және басқа желілердің қызметін шектейтін заңдар қабылдаған. Негізінен – авторитарлық елдер.

Бұғаттау не бұғаттамау функциясын сотқа емес, атқарушы органға беріп қою да сол автроритаризмнің бір белгісі деп білемін.

Германия секілді елді де сол санатқа қосып жатыр. Бірақ ол жақтағы демократияның, сөз бостандығының деңгейі белгілі ғой: ол жақтағы билік біздікіндей басынып, плюрализм принциптеріне қарсы ешнәрсе де істей алмайды. Әсіресе, саяси оппоненттердің аузын жаба алмайды. Себебі де белгілі: бір-бірін бақылап отырған билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі бар. Бізде болса, бәрі – сот та, басқасы да, атқарушы биліктің ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында. Сол себепті кез келген заңды өз қалауынша бұрмалай салады.

Фото: ғаламтордан.

Жә, желіде белең алып бара жатқан теріс құбылыстарды тежеу керек делік.

Ең бастысы, осынау тыйымдар мен шектеулер сөз бостандығы, пікір алуандығы секілді құндылықтарға нұқсан келтірмеуі тиіс! Соның ішінде, билікке сын айтып, жалпы жүйе мен нақты шенділер туралы ашық ақпарат таратуға кедергі болмауы тиіс. Әйтпесе, балалардың құқын қорғауды желеу еткен жаңа заңнама ертеңгі күні саяси оппозицияға қарсы қолданатылатын қуатты құқықтық құралға айналып кетуі ғажап емес. Соған жол бермеуіміз керек!

Жапалақты таспен ұрса да, жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрса да, жапалақ өледі: осынау өзгерістердің нағыз «құрбаны» кім болатынын ішім сезіп отырғанын жасырмайын.

Естеріңізде болса, бұрын да заңдарға әртүрлі шектеулер мен тыйымдар енгізер алдында билік мемлекет пен азаматтар мүддесін, ұлттық қауіпсіздік секілді маңызды мақсаттарды алға тартып келді ғой. «Біз бұны сөз бостандығының аясын тарылту үшін жасап жатармыз» деп ешқашан мойындаған жоқ. Содан кейін барып, сол заңнаманы арқау етіп, тек қана тәуелсіз БАҚ пен оппозициялық ұйымдарға шүйлігіп, басына әңгір таяқ ойнатты емес пе? Талай БАҚ жабылып тынды, талай журналист сотталды.

Аузы күйген үріп ішеді. Бәлкім, содан болар, бұл жолғы ұсыныстарға жұрт өз қарсылығын белсенді түрде танытып жатыр. Меніңше, билік осы жайтты түсініп, мұндай наразылықты өзінің осы жылдары бойына атқарған кертартпалық заңнамалық қызметіне деген шартты рефлекс деп қабылдауы керек.

Өз басым осынау бастаманың артында тағы да... Ресей тұр ма деп ойлаймын. Неге десеңіз, бұл ел осынау өзгерістерді ертеректе қабылдап тастаған. Сынықтан басқаның бәрі жұғады. Автократтар бір-біріне ұқсайды әрі бір-бірінен үйренеді емес пе?

Ресей думасы. Фото: ғаламтордан.

Айтпақшы, міндетті түрде Қазақстанда тіркелу талабына ресейлік Mail.ru, Vkontakte, Odnoklassniki, Telegram ресурстары көне қоя ма екен? Көнбесе, оған Кремль қалай қарайды?

Саяси конспирология тұрғысынан да айтарым бар.

Бізде билік транзиті әлі де аяқталған жоқ. Ендігі ішкі және сыртқы тақталас «үшінші президент кім болады?» деген сауал төңірегінде өрбімек. Бас билікке таласқан кландар мен топтарға сыртқы кепіл керек. АҚШ пен Еуроодақ біздің аймақты ұмытқалы қашан. Еліміздегі тіл мәселесін, орыс факторы мен ортақ шекараны ескерсек, Ресейдің көктен сұрағаны жерден табылып, сол кепіл рөлін өзі атқармақ сыңайлы. Соңғы кездегі АЭС пен СБЕРбанкке қатысты бастамалар да сол себепті туындап жатыр деп ойлаймын. Кескекті аю өз таңдауын жасамай, біздің басқарушы топтардың аңысын аңдып отыр ма? Бас биліктен дәмелі, көршінің ноқтасына басы керілген біздің кландар Кремльге барып жүгініп, өздерін «билікке келсек, ең мықты ресейшіл – біз боламыз, керек десеңіз, заңнамаларымызды бір ретке келтіреміз» деп, ант-су ішіп жатқан жоқ па екен өзі?!

Айтпақшы, революционер Ленин кезінде төңкеріс жасау үшін алдымен «пошта, телеграф, телефон, көпірлер, теміржол стансаларын басып алу керек» деген ұран тастаған еді. Қазіргі Интернет пен әлеуметтік желілер де сондай стратегиялық маңызы бар нысандар емес пе?

Мәселен, соңғы кездегі түрлі-түсті революциялар кезінде дәл осы әлеуметтік желілер митингілер мен шерулер ұйымдастырудың мықты құралы боп шыға келді емес пе? Алаңға шыққандардың бәрі осы желілер арқылы бір-біріне хабар беріп, өзара қимыл-әрекеттерін үйлестіріп отырды. Мүмкін, билік осы қауіптерден құтылғысы келетін болар.

Қазақстандағы митингі. Фото: ғаламтордан.

Басқа да болжам бар. Бәлкім, біз ел тарихындағы аса маңызды кезеңнің (немесе жеке оқиғаның) алдында тұруымыз мүмкін. Транзит аяқталған жоқ деп айттым ғой. Сол «Х сағаты» тұсында билік біршама уақытқа әлеуметтік желілерді бұғаттап қойып, Сіз бен бізге беймәлім бір оқыс ойларын жүзеге асырмақшы ма? Кім білген. Бұл биліктен бәрін де күтуге болады!

P.S. Осы күндергі талқылау барысында кейбір сарапшылар «мұндай регрессивті қадамдар Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіреді» деген сыңайда пікір айтып жатыр екен. Менің айтарым сол: басқа жұрт алдындағы абыройын біздің билік, «саяси реформа жасаймыз» деп әлемдік қауымдастықты көпе-көрінеу алдай тұрып, өзі бір жыл төраға болған ОБСЕ-нің табалдырығына қалдырып кеткен!

Тегтер: