15 Маусым 18:51

Жанболат Мамай тілшімен НЕГЕ шекісіп қалды?

Фото:

Бүгін «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Жанболат Мамай мен Инга Иманбайдың үстінен жазған талап арызы бойынша азаматтық іске нүкте қойылды.

Сот шешімі бойынша жауапкерлер талап қоюшы Бауыржан Байбектің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер таратты деп танып, 10 күн ішінде жарияланған материалдарды теріске шығарып, жоюға міндеттеді.

Кеше қоғам белсендісі Ж.Мамай Фейсбук парақшасында сот шешімінен кейін журналистер үшін оффлайн баспасөз мәслихатын өткізетінін айтқан. Мұны оқыған, естіген тілші қауымы сол мекенжайға ағылды. Алайда, «Азаттық рухы» сайтының тілшісі Әмірболат Құсайынұлы жиында өзінің құқығы шектеліп, дискриминацияға ұшырағанын айтады.

– Кеше Жанболат Мамай Фейсбуктегі парақшасында сот шешімі шыққан соң, сағат 12-де оффлайн баспасөз мәслихатын өткізетінін жариялады. Бірталай ақпарат құралдарының өкілі болды. Солардың қатарында біз де бардық. Бір кезде баспасөз мәслихатының онлайнға көшетінін естідік. «Алдын ала неге айтпайсыздар? Біз мұнда сол үшін келдік қой» дедім. Бұл сұраққа Мамай таңданысын білдіріп, БАҚ өкілдерінің жиынға неге қатыса алмайтынын әйелінен сұрады да, журналистерді кабинетке шақырып, барлық сұрақтарға жауап беретінін айтты. Инга Иманбайдың айтуынша, Адам құқықтарын қорғайтын бюроның кеңсесі рұқсат бермепті. 

Сөйтіп, Мамай жиналған БАҚ өкілдеріне «Мына бос кабинетке кірейік, барлық сұраққа жауап беруге дайынмын» деді. Бәріміз кірдік.

Содан маған «Сен қайдан боласың?» деді. Сайттың атын айтып едім, сол мезетте агрессиясы басталып, түсіру тобына жанындағы екі жігіт тұра жүгіріп, желкелеп шығарып жібергісі келді. Ауыздарына келгенін айтып жатыр. Сонда ол өзіне ұнамайтын ақпарат құралының журналисін қуып шығу керек пе? Бейтараптылық қайда? Жалпы, саясаткерге тән мәдениет болу керек емес пе? Онда кеше хабарландыруында «Маған ұнамайтын БАҚ өкілдері келмесін» деп неге жазбады?

«Жаңа өзіңіз барлық сұраққа жауап беремін» деп алып, «мұныңыз не?» десем, «Шық, кет, жолың болсын! Бастығыңа сәлем айт!» деп шамданды. Мына жағымнан бір жақтасы итеріп, жұлқылауға көшті. Өзім де шығып бара жатсам, желкемнен қысып, төмпештеп жатыр. Бірақ Жанболат жақтастарына «қой» деп айтқан жоқ.  

Онлайн-брифинг өткізіп болған соң БАҚ өкілдері алдында сұрақтарына жауап берді. «Осының бәрін жұдырық ала жүгірмей айтуға болмас па еді?» десем, «Сен өзіңді таныстырған жоқсың» дейді. Басында-ақ аты-жөнімді, қайдан келгенімді айттым. Егер айтпасам, аяқ астынан шабуылдамас еді. Өзімді таныстырғаннан кейін агрессия көрсетіп тұр. Мейлі, жарайды оның түсінігінде таныстырмаған тілшінің бәріне жұдырық ала жүгіру керек пе? Өзі демократияны ұрандатып жүретін адам БАҚ өкілдерін неге бөліп жарады?

Тілшіміз Жанболат Мамайға хабарласып, істің мән-жайын сұраған. Алайда ол тілші сұрағына толымды жауап бермеді. 

– Бүгін сот процесі бітті, сот шешіміне қатысты не айтасыз?

– Эфирдің сілтемесін жіберейін, содан көріп алсаңызшы.

– Екінші сұрақ. «Азаттық рухы» сайтының тілшісі: «Жанболат Мамай мені баспасөз мәслихатынан қуып шықпақшы болды, дискриминация жасады», – дейді. Бұған не дейсіз? Қысқаша баяндап берсеңіз.

– Өзіңіз хабарласып алып, шектегеніңіз қызық екен. Звандап алып, «былай айт» дегеніңіз қалай? Сіз жауапты сол эфирді қарасаңыз, көресіз. Мен сізге жауап бергім келмей қалды. «Былай айт, солай айт» деген болмайды. Ондайға жауап беретін уақытым да жоқ...

Тегтер: