27 Қараша 09:03

Заңгер: Сот жүйесіндегі өзгерістер біз үшін өте маңызды

Фото:

30 жылдың ішінде сот құрылымы мен сот өндірісі жүйе­сі айтарлықтай өзгеріске түсті. Елдегі азаматардың барлығы заң алдында тең құқылы. Сот үшін ең басты міндет − мемлекеттің заңдары. Әр мемлекеттің заңына сырқы күштер ықпал ете алмайды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жы­лында Қазақстан Республикасының сот са­ласы жан-жақты дамыған құқықтық инс­титутқа айналды.​ Қазіргі таңда Қазақстандағы сот жүйесінде қандай өзгерістер болып жатыр? Кемшін қалып жатқан тұстары бар ма? Осы сынды сауалдарға заңгер Садықова Мәншүк Мүслімқызы жауап берді.  

– Қазақстандағы сот жүйесінде, жалпы алғанда құқық саласында қандай өзгерістер болып жатыр?

– Қазақстан Республикасы өзін құқықтық, зайырлы демократиялық мемлекет ретінде танытқандықтан және өзінің Конституциясында нақты осылай жазып көрсеткендіктен құқық саласында, сот саласында өзгерістер жыл сайын болып отырады. Себебі құқықтық мемлекет – ол өзінің халқын, елін, жерін құқық жағынан толық қамтамсыз ететін мемлекет. Құқық саласында өзгерістер бізде өте көп. Мысалы, Елбасымыздың «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты бағдарламасында сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді болу керек деп көрсетілген. Сонымен қатар, сот жүйесі қарапайым және барлық дауды тез шеше алуы тиіс екендігі де айтылған. Барлық құқық қорғау жүйесінің жұмыс сапасын арттыру қажет екендігі де тілге тиек етілген. Осының өзі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің дәлелі ретінде, біздің барлық нормативтік актілер, заңдар, қарапайым заңдар, жарлықтар, қаулы барлығының жыл сайын өзгеріп отырады. Кейбіреулері: «Заң бізде жиі өзгереді!», – деп айтуы мүмкін. Бірақ оның барлығы халықтың құқығын қорғау үшін, оны оңтайлы ету үшін, халықты жан-жақты қамтамсыз ету мақсатында керек емес тұстарды алып тастап, тәжірибеде жүзеге асып жатыр. Өзгерістерді заңға енгізу арқылы құқық саласы әрдайым дамып отырады.

Президентіміз халықтың бостандығы мен құқығын қорғауда тәуелсіз сот болу керек деген ұстанымды қолдап, сол жөнінде шешімдер қабылдады. Қазақстан Республикасында 3 билік бар: заң шығарушы, атқарушы, сот билігі және бұқаралық ақпарат құралдарын төртінші билік ретінде танимыз. Сот билігі жүріп тұрған машина іспеттес. Әр уақытта да сот билігі, сот жүйесінің дамуы, сот жүйесіндегі өзгерістер біз үшін өте маңызды. Себебі, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының бұзылған құқығын қалпына келтіру немесе құқығын қорғау мақсатында жасалған барлық әрекеттер үлкен мәнге ие. Өйткені, Конституцияда көрсетілгендей Қазақстанның әрбір азаматы еліміз бен жеріміз үшін өте құнды. Сонымен қатар, Қазақстанда жаңартылып жатқан қылмыстық және қылмыстық процессуалдық атқару кодекстері, жаңартылған заңнамалық база, соттың қорғау өрісін кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістер еліміздегі түрмелердің азаюына септігін тигізді. Мысалы, бас бостандығынан айыру емес жазалар тағайындалған азаматтарға сот тәжірибесінде жаңаша бағдарламалар қарастырылған.

Бізде тағы бір өзгеріс бар. Соңғы бірнеше жылда сотқа «медиация» енгізілді. Яғни, дауды татуласу арқылы шешу барлық кезеңге заң арқылы ыңғайланып жасалған. Мысалы, даудың әрбір сатысында тараптардың немесе сот отырысына қатысушы тараптардың, қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мен айыпталушы арасындағы татуласу мүмкіндіктері қарастырылған. Азаматтық процессуалдық кодексте енгізілген мәселелер осы құқық саласында ең үлкен өзгерістер мен дамуымыздың көрсеткіші. Кодексте азаматтық процесстің базалық институттары, соттардың мамандандырылуы, сот актілерінің қайта қаралу тәртібі қағидалары сақталған. Одан кейін, сот актілерінің сапасын арттыру бойынша сот кабинеттерінің жұмыс істеуі – сот жүйесіндегі ең үлкен жетістіктердің бірі.

– Құқық саласы қаншалықты дамып жатыр? Көкейіңізде жүрген кемшін тұстары бар ма?

– Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл болады. 30 жасқа толған ер-азамат ретінде қарайтын болсақ, жұмысқа жаңадан ғана кіріскен, енді ғана пісіп, енді ғана оқуын оқып бітіріп, магистратурасын тәмамдаған кәдімгі азамат ретінде, жаңадан жұмысқа кірген адам ретінде өте жақсы дамып жатыр деп ойлаймын. Сот жүйесіндегі дамуларды айтатын болсақ, ең ұнаған тұсы «сот кабинетінің» болуы. Қазір сол «сот кабинеті» арқылы кез келген адвокат, заңгер өзінің жұмыс орнында отырып, құжаттардың барлығының көшірмесін жасап, керегін жібере алады. Оны бірден қабылдайды да ол бірден судьяның алдына түседі. Екі ортада жүрудің ешқандай қажеті жоқ. Жеке менің ойымша, ең үлкен жетістігі осы. Сот кабинетінің ең бір жақсы тұсы – судья бір іс бойынша шешім қабылдады ма, қаулы шығарды ма, барлығын бірден сот кабинетіне жүктеп отырады. Оны тараптар бірден талап-арыз жазған азаматтық іс бойынша талапкер мен жауапкер, қылмыстық іс бойынша айыпталушы мен жәбірленуші барлығын бірден көре алады. Шешімге бірден бағасын беріп, сот актісімен бірден таныса алады. Бұрындары бес сатылы болған сот жүйесі үш сатылы сот жүйесіне ауысты. Әлемдік деңгей бойынша сот жүйесінде өзге елдерден қалыспай келе жатырмыз. Сот жүйесінде дамып кеткен мемлекеттер артынан өзімізді де дамытып, олар бізден үлгі алатындай да дәрежеге жеттік.

Екіншіден, осы сот кабинетінің бір ұнайтын тұсы – ұқсас істер бойынша бір судья екінші судьяның тура сондай іс негізінде шығарған шешімімен таныса алады. Біз де басқа судьяның сот актісімен таныса аламыз. Мысалы, мен де заңгер ретінде сот кабинетіне кіріп, жарияланған істерді жүктеп, өз жұмысымды істей аламын. Оның барлығы ашық. Ол менің үйренуім үшін де үлкен тәжірибе, екіншіден, судьяның шығарған шешімдерімен танысу өте ыңғайлы. Сот кабинеті шыққалы бері заңгерлерге де, адвокаттарға да ыңғайлы жағдай жасалды. Бір орында отырып электронды түрде жұмыс істейтіндер үшін тиімді. 

– Өзіңіз де білесіз, халықтың бәрі бірдей өз құқықтарын жете біле бермейді. Осы мәселені қалай шешуге болады? Халықтың құқықтық сауатын ашу үшін қандай жұмыстар жүргізген жөн?

– Барлығы бірдей құқық саласында жұмыс істейтін заңгер емес қой. Оны шешудің жолы бар. Бізде 10-11 сынып оқушыларына арналған құқық негіздері деген пән бар. Сол «құқық негіздері» деген пәннен мектептегі тарих пәнінің, не болмаса гуманитарлық пәннің мұғалімдері сабақ береді. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Себебі, заңға қатысты сабақтардың барлығын арнайы білімі бар заңгерлер, не болмаса заң саласында сабақ беретін мұғалімдер жүргізуі керек. Сол кезде ғана оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар беруге болады. Мысалы, әрбір мамандық иесі өзінің заңды құқығын жақсы біледі. Кез келген адам дүкенге кіргенде түбіртекті талап ету, оны дұрыс пайдалану құқығын да білгені жөн. Мысалы, дүкенге ұрлық түсіп, заттарды қолды етіп кетсе қандай шара қолданылады дегенді жазып, үлкен рамкаға салып қою керек деп ойлаймын. Сол кезде адамдар оны оқып, қандай жаза болатынын біліп, сескенетін болады. 

– Адамның сот арқылы қорғалу құқықтары мен бостандықтарына кеңінен тоқталып өтсеңіз?

– Қазақстан Республикасында әрбір азамат өздерінің құқықтарымен бостандықтарын 100 пайыз қорғауға құқығы бар. Және оны қорғау үшін барлық құқық қорғау орталықтары жұмыс істеп тұр. Мысалы, заңгерлер туралы заң қабылданды. Сол жерде заңгерлерге нақты талап қойылған. Олар жылына кем дегенде екі рет азаматтарға тегін қызмет көрсетуі керек деген міндет қойылған. Қазіргі таңда заңгерлер ақылы қызмет көрсетіп, өз нәпақаларын тауып отыр. Сонымен қатар қылмыстық істер бойынша да жәбірленуші, күдікті сұрайтын болса, оларға тегін қорғаушыларды тағайындайды. Сонымен қатар, Ішкі істер органдарының ғимаратында медиаторлар мен заңгерлер бар. Бізде Қазақстан Республикасында медиацияға көп көңіл бөлініп отыр. Адамдардың татуласуы барлық сатыда қарастырылады. Одан кейін, азаматтық сот істерінің түрлерінде де даудың қай сатысында болмасын екі тараптың тауласуына жағдай жасалады.

Сонымен қатар, заң бойынша кез келген арыз-шағымды кіріс канцеляриясында отырған қызметкер міндетті түрде қабылдауы керек. Ол қабылдамай жібермейді. Кез келген азамат өзінің құқығын қорғау мақсатында, өзінің басында болып жатқан жағдайды ақ параққа қарапайым тілмен жазып, арызды құқық қорғау органдарына жібере алады. Ол бойынша әрбір уәкілетті тұлға сол адамды шақырып алып онымен тілдесу арқылы мәселесін шеше алады. Қазақстан Республикасының әрбір азаматының құқығын қорғау үшін барлық жағдай жасалған. EGov порталы арқылы да арызыңызды жазып, кез келген мемлекеттік органға жібере аласыз. Олар портал арқылы келгендіктен міндетті түрде бір шешім қабылдап, сізді тілдесуге шақырады. Бәрі заң жүзінде жүргізіледі. Сол себепті құқық қорғау органдарын айыптап, жала жабудың еш негізі жоқ. Барынша сауатты болу керек. Өз құқығын сауатты қорғаймын деген адамға барлық есік ашық.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: