27 Қазан 08:33

Ұстаз ащы шындықты айтты: «Мұғалімдер сағат алу үшін бірінің етін бірі жеуге бар!»

Фото:

Әлемді жайлаған коронавирус өршіген тұста төрт қабырғаның ішінде қамалып қалғанымыз рас. Оқушы да, студент те онлайн білім алды. «Білім алды» деген аты ғана, өкініштісі – сапа жағына ешкім көңіл бөлген жоқ. Ал сапа қайдан болсын, кей өңірде интернет желісі ұстамай, ата-ана да, оқушы да әбігерге түскен.  

Бұл індет екі нәрсенің қадірін арттырды. Бірі – денсаулық, екіншісі – ұстаздық. Яғни, адамзат баласы денсаулықты сақтауды, күтуді түсінді. Сол сияқты бір жыл бойы баласын онлайн оқытқан ата-ана мектептің және оның жүрегі – мұғалімнің жүгі қаншалықты ауыр екенін ұқты.

Бұдан кейін мұғалім мен дәрігердің жалақысы екі еселеп артқаны да белгілі. Бұл екі мамандыққа деген халықтың алғысы іспеттес. Алайда, сапа көңіл көншіте ме?

Nege.kz редакциясына Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты мектеп мұғалімі (атын атамауды өтінді – ред.) хабарласты. Ол ұстаз қауымына қатысты біраз түйткілдің көптен бері ішіне сыймай жүргенін жеткізді.

«Кейде мұғалімдердің жалақысын бекер көбейтті ме деп ойлаймын»

«Шынында да, қазір жалақымызды көбейтті. 200 мыңнан төмен алатын мұғалім жоқ. Мысалы, орыс тілі пәні мұғалімдерінде сағат көп. Себебі, мұғалім жетіспейді. Тіпті, 500-600 мың, 700 мың теңгеге дейін алады. Тіл пәндерінде сағат жеткілікті. Ақша көбейді, бірақ пейіліміз бұзылып бара жатқаны рас. Бәріне күйе жақпаймын, дегенмен белең алып барады», – дейді ол.

Оның айтуынша, кейбір мұғалім сабағын сауатты, сапалы бермейтінімен шаруасы болмаса да, арыз жазғыш. «Өзі сауатсыз болса да, біреулерге сенеді. Қазір не жаман? Мектеп жаман. Кім жаман? Мектеп директоры жаман. Ақшасына адал ұстаздар баршылық. Таң атқаннан кіріп, қас қарайғанда шығады. Ал олардың еңбегін құртатын – арыз жазғыштар. Олар арыз жазса, жоғары жақ мектепті қысып, «мұғалімнің аузын жап» дейді. Сондай жағдай бәрінің жұмысын жоққа шығарады. Демек, ақшалары көбейіп, құтырып кетті.

Мұсылманшылыққа салынсақ, баяғыда аз ақшамен-ақ бір-бірімізге көмектесетін едік. Ұжымда ауызбірлік керемет еді. Ал қазір адам танымастай боп кеттік. Кейде мұның арты не болар екен деп ойланамын. Қанағатты білмеген өте жаман екен.

Қазір ақша көбейіп, жағдай жақсарған сайын ниет тарылып барады. Сағат алса болды, сапаны ойламайтындар бар.

Бір сағат үшін бір-біріміздің етімізді жеуге бара жатырмыз. Әсіресе, орта буын мен жастар жағы сондай болып барады. Ал сағат бермесе, шулап «арыз жазамын» деп қорқытады. Мұғалімнің арыз жазып жүргені жақсы атақ па? Айналып келгенде, мектеп директоры кінәлі? Ұжымда 150-200 адам болса, соның 80 пайызының ішкі мәселесін жақсы білемін. Қарным қатты ашиды. Құдай кешірсін, кейде мұғалімдердің жалақысын бекер көбейтті ме деп ойлаймын. Есіріп кетті көбі.

Мұғалімдердің жағдайы жаман емес. Бәрінің үйі бар. Әсіресе, орыс тілінен сабақ беретін мұғалімдер екі мектепте істеп, 40 сағаттың ақшасын алып отыр. Ол – 700-800 мың теңге. Ипотекаға қос-қостан үй алып жатыр. Ақша жоқ болса, қалай алады? Бұл – әлеуметтік жағдайы жақсы деген сөз. Бәрінің астында кредитке алса да, көлігі бар. Демек, төлей алады деген сөз. Әрине, жағдайы жақсарғанына қуанамыз. Бірақ соған сай жұмыс істесе дейсің. Шіркін, сабақтары да сондай болса ғой! Ақша өскен сайын көкірек де семіріп жатыр, оны мойындаймын», – деп ашынды мұғалім.

«Мұғалім ата-анадан қорқатын болды»

«Коронавирус індеті мұғалімнің беделін арттырды ма?» деген сұраққа біраз шындықтың бетін ашқан ұстаз былай жауап берді: «Қазір мұғалім баланы тәрбиелемейді. Ата-ананың қас-қабағына қараумен күнелтіп жүр. Әсіресе, жап-жас ата-ана аузына келгенді «құсады». Оны көрген оқушы мұғалімді сыйлай ма? Біз ата-ананы тәрбиелеп кеттік. Кез келген мұғалім оқушысының жақсы аты шыққанын қалайды.

Мұғалімдер күнде жылап келеді. Себебі, ата-ана қит етсе «Соттатамын, құртамын! Телеарнан шақырамын!» деп қорқытады. Біздің мұғалімдер қорқақ болып қалған. Әйтеуір, арыз жазбаса екее дейді. Сонда мұғалімнің беделі қайдан көтеріледі?

Сапа жағына келсек, онлайн кезде мүлдем түсіп кетті. Ауылды жерде бәрі WhatsApp желісімен оқыды. Әйтеуір оқыды деген аты ғана. Оқушы алдында мұғалім тұрмаған соң қандай білім алады? Соның салдарынан телефоннан арыла алмай жүрген бала қаншама?

Қазір оқушы емес, ата-анамен тіл табысу қиын. Оқушы тәртіпке көнеді. Ал мектепке байбалам салып кіретін ата-ананың көздегені не? Мұғалім заңды білмейді деп ойлай ма?  

«Төтенше жағдай кезінде ақша жинап, тамақ тасыдық»

Карантин кезінде мектеп қайырымдылық қорына айналып кетті. Ешкім мәжбүрлемесе де, айлық түскен сайын ақша жинап, қаншама отбасына көмек бердік. Сол кезде ата-аналар «Бізде жейтін тамақ жоқ, сенің сабағың керек пе?» деген сөздер айтты. Әрине, агрессияға түсуге әлеуметтік жағдай себеп болуы мүмкін. Бірақ біз ақша жинап, ата-аналарға тамақ тасыдық.

Жақсының жақсылығын айту керек, сол кезде көп мұғалім қаншама отбасын құтқарды. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Ал әкімдік өздерін көрсету үшін суретке түсіріп жатады. Ол ақша қайдан келеді? Жартысы ұстаз қауымының ақшасы».

P.S. Ащы шындықты жайып салған мұғалім бүгінгі қоғамның бет-пердесін де ашып бергендей. «Жоққа – сабыр, барға – қанағат» еткен заманда да ұстаз атына кір келмейтін. Ал әр нәрсенің шегі, өлшемі барын ұмытқан уақытта мамандыққа деген адалдық та құмға сіңген су сияқты жоғала  береді-ау...   

Тегтер: