15 Қазан 08:41

«Ұлттық жобалар» ұлтты НЕГЕ ұйыстыра алмай жүр?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Үкімет мәжілісі, негізінен, қызықсыз, таза бюрократиялық, кеңселік іс-шара ғой. Ресми баяндамалар, шектеулі шенеуніктік шеңберден шыға алмайтын шектеулі талқылау дегендей...

Бірақ кей жағдайда, әсіресе, мәселе қаржы жұмсауға кеп тірілгенде, ондай отырыстар қоғам тарапынан қызығушылық туғызып, құдды бір саяси триллер секілді боп кететіні де рас.

Осы жолы солай болды. Үкімет осы аптада бір емес, он ұлттық жобаны бекітті. Сиясы кеуіп үлгермеген оларға президент те іле-шала қол қойды.

Ол жобалардың мән-мағынасына, өкінішке қарай, баға бере алмаймын. Өйткені, сол отырыс туралы ақпарат тым келте. Жобалар атауы белгілі болғанымен, олардың нендей жаңалығы мен ерекшелігі бар, ол жайында ешбір ақпарат жоқ.

Сондықтан да мен әзірше сол жаңа бастамалардың әзірленуі және оларға жұмсалатын қаржы туралы сөз қозғағым келеді.  

Мәртебесі анау-мынау емес, «Ұлттық» делінген жобаларды ұлт болып талқылау керек емес пе?

Жақында өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің отырысында осы бағдарламалардың жобасын бекіте отырып, Президент Тоқаев: «Ендігі жерде осы құжаттарды қоғаммен бірге талқылаңдар, бір қайнауы ішінде болмасын, пісіп-жетілдіріңдер!» деген сыңайда тапсырма берген жоқ па еді? Сондай қалай, қоғамдық талқы ұйымдастырмай, іле-шала сол жобаларды бекіте салып, үкімет президенттің тапсырмасын орындамай отыр ма? Бұл не деген көзсіз батырлық һәм көргенсіздікке ұласатын жүгенсіздік?!

Фото: akorda.kz

Жобалар 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтиды екен. Әлемдік дағдарыс пен COVID бүкіл адамзаттың жоспарын быт-шыт етіп, бұзып жатқанда біздің министрлер төрт жылдан кейін не болатынын, бюджетке қанша қаржы түсетінін не түспейтінін бал ашып біле ме? Оларды айтпағанда, маңдайы кере қарыс Нобель сыйлығының лауреаттары да осы сауалдарға жауап бере алмай, басы қатып жатыр емес пе? Біздің шенділер олардан да ақылдылырақ болған ба, сонда?

Жалпы осындай, түймедейді түйедей еткен бағдарламалар маған «есекке сөйлетуді үйретемін» деп бәстескен Қожанасырдың «межелі уақытқа дейін не есек, не патша өледі» деген ұзақ мерзімді «стратегиялық» жоспарын немесе Наполеонның «менен кейін күл болмаса, бүл болсын» деген пайымын еске түсіреді.

Осыншама қаржылық шығындар былтыр үкімет те, парламент те, президент те бекітіп қойған 2021-2023 жылдарға арналған бюджетпен қалайша үйлеседі екен? Бюджеттің негізгі параметрлері – кірісі мен шығысы сол кезде нақтыланып қойды емес пе? Енді жаңадан пайда болған 36 триллионнан астам ақша бюджет мәтініне қалай енгізіледі?

Күні кеше президент үкімет ұсынған жобаларды қолдап шықты.

Сонда Қоғам мен Парламент қайда? Ол жобаларды талқылауға неге осы екі институт қатыстырламады?

Шенділер осыншама қаржыны жұмсауға неге асығып жатыр?!

Осындайда өзін оппозиция санайтын партиялар мен «халқым» деген депутаттар неге үнсіз қалады екен, ә? Әлде бәрінің аузын жауып қойды ма?

ҚР Парламенті. Фото: ғаламтордан.

Айтпақшы, ұлттық жобалардағы жаңа іс-шаралар ол бюджетке қосымша салмақ салса, ол қыруар қаржының көзі қайдан табылып қалды?! Экономика сүзектен тұрғандай әлсіз, қалт-құлт етіп, құрдымға кеткелі тұр. Шағын және орта бизнес тұралап қалды. «Бюджеттің кірісін қайдан табамыз?» деп басы қатқан «либерал» министрлер ат төбеліндей олигархтарға тісі батпай, халықтың қанын сора түсіп, солардан алатын қосымша салық және басқа төлемдерді ойлап тауып, әуре.

Әлде үкімет соңғы кездегі үйреншікті әдетіне салып, онсыз да азайып бара жатқан Ұлттық қорға тағы да қол сала ма? Олай болса, болашақ ұрпаққа не қалдырамыз?!

Президенттің бұл шешімінің қызық бір тұсы тағы бар: құжат бекітілді, бірақ оның екі маңызды бағытының (білім саласы мен рухани жаңғыруға қатыстылары) қаржылық құны әлі де белгісіз. Нақты қанша ақша жұмсалатыны беймәлім құжаттың мемлекеттік деңгейде ресми түрде қабылдануын өз басым бұрын-соңды көрмеппін.

Қаржыландыру жоспарында көңілге күдік ұялататын тағы екі жайт бар.

Біріншіден, сол қаржының біраз бөлігін жергілікті бюджеттер табуы тиіс екен. Бірақ дәл қазіргі жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында онсыз да Астанаға қарап, толықтай дотацияда отырған облыстар сондай мол ақша таба алады дегенге өз басым сенбеймін.

Екіншіден, жеке инвестициялар тартылуы керек екен: ол қаржының нақты сомасы жазылған. Басқа біреудің қалтасынан шығар сол ақша қандай мөлшерде болатынын үкімет қайдан біліп қойған екен, ә?! Жеке капитал тез пайда беретін салаларға ғана инвестиция салуға мүдделі екенін ескерсек, сол баяғы мұнай мен газ, басқа да пайдалы қазбалар еске түседі. Бірақ ол жақта өз қожайындары отыр ғой. Бөгделерді олар өз қорасына кіргізе қояр ма екен?

«Ұлттық жобалар». Карикатура: Мұрат Ділманов.

Әрине, сауда-саттық секілді оңтайлы сала тағы бар. Бірақ, соңғы мәліметтерге қарасақ, ол жақ та мықтылар арасында бөлініп қойылған.

Ал экономиканың нақты секторы, тауар өндіру, ауыр және жеңіл өнеркәсіпті дамыту секілді салаларға ұзақ мерзімді инвестиция салмақ ойы бар қалталылар мұндай бюрократиялық, оның үстіне, жыл сайын мың құбылып тұратын, уәдеге тұрақсыз әрі тұрлаусыз бағдарламаларға қарамайды. Олар елдегі жалпы ахуалға, жемқорлықтың бар-жоғына, бәсекелі ортаға, салықтық саясатқа және сот жүйесінің тәуелсіздігіне қарайды. Ол жайттар жөнінен біз ұяттан қызаратынымызды барша жұрт біледі ғой.

Осындай, болашағы бұлдыр бағдарламалар ұсынып, елді алдарқату – биліктің ежелден келе жатқан үрдісі. Оған етіміз үйренді-ақ. Әйтпесе, осы күнге дейін қаншама атышулы, аты дардай бағдарламалар қабылданды десеңші! Шыққан мүйізің қайсы? Ұштығы түгіл, пұштығы да жоқ оның бәрінің соңы сиырқұйымшақтанып кетті емес пе? Ұшты-күйлі жоғалған сол жобалар туралы ешкім де тиісті есеп беріп жатқан жоқ.

Сонымен бірге, дәл осы кезеңде әсіре әуестенген жобақұмарлық ауруының тым асқандап, не күлерімізді, не жыларымызды білмей, трагикомедиялық сипат алуының бір экономикалық, бір саяси себебі бар деп ойлаймын.

Экономикалық себебі бөлінетін қаржыны игеруге қатысты. Бізде әр мемлекеттік жобаның пәленше проценті бюджетке сүліктей жабыстып алған шенділер мен арадағы делдалдардың қалтасына кететінін жасырын емес. Бәлкім, өз пайдасынан айырылып қалған министрлер мен әкімдер осы жобалар арқылы шаш етектен олжаға батып, байыған үстіне байығысы келген болар. Әйтпесе, әшейінде «шық бермес, Шығайбай» үкіметтің дәл осылай Атымтай жомарт бола қалуының басқа себебін таба алмай отырмын. Үрерге иті, сығарға биті жоқ қарапайым халыққа сол қаржы сол көлемде жетеді деп те ойламаймын.

Фото: informburo.kz

Саяси себеп мынада: қазіргі үкімет тым ұзақ отырып қалды. Оны бәрі сезіп отыр. Транзит болса, әлі де өз мәресіне жеткен жоқ. Алда – кезекті президент сайлауы. Ол меже жақындаған сайын, ұзында – өшті, қысқада – кекті кландар арасындағы тыйылмас тартыс өрши түсері хақ. Сол тақталаста премьер-министрдің орны бөлек. Ол дегеніңіз – бір аттап, бас таққа ұмтылуы әбден мүмкін лауазым. Немесе сол тақтан дәмелі, шыбығы шырпылмай, қылауына қыл түспей тұрғандардың таптырмас тірегі болуға жарайды.

Меніңше, сол тықыр таянғанын сезіп, бүгінгі үкімет ерекше белсенділік танытып, жаңаша жоспарларымен елді де, президентті де, елбасын да таң қалдырғысы кеп жатыр. Мақсат – дәл қазір айтып қалу, ал қалғанын... Қожанасыр біледі!

Содан, міне, осындай, мән-мазмұны мен қаржылық қамтамасыз етілуі күмәнді, дүдәмал бағдарламалар ондап туындайды-ай...

Тегтер: