15 Ақпан 15:29
...

«Ұлымның ағат қылығына бола жұрт жақсылығымды жоққа шығармас» – Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ

Фото:
«

Алматыда белгілі заңгерді соққыға жықты» деген жігіт даңқты палуан Д.Тұрлыхановтың ұлы болып шықты.

NEGE тілшісі Дәулет ТҰРЛЫХАНОВТЫҢ өзіне хабарласып, баласына байланысты шыққан жанжалды тарқатып айтып беруді сұрады.

–  Жанжалға ұлыңыздың қатысы бар екенін растаған екенсіз. Қазір полиция департаменті «бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастапты.

 – Иә, оқиға осы ақпанның 10-ынан 11-іне қараған күні болған. Балам Нұрасыл – 2003 жылы туған, кәмелет жасқа толған азамат. Қызымен бірге түнгі клубқа барған, сол кезде осы жағдай болған. Өзім ол жерде болмағандықтан, кикілжің неден басталғанын ашып айта алмаймын.

Қазіргі кезде бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр, енді шешімдерін шығаратын шығар. Десе де мен баламды біреуді ренжітсін немесе басын жарсын деп тәрбиелеген жоқпын.

Оны мендей бала ұстап отырған ата-ананың барлығы жақсы түсінеді деп ойлаймын. Ұлымды қорғап та отырған жоқпын. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екені тергеу жұмыстарының нәтижесінде белгілі болады.

Өзіңіз іске араласасыз ба?

– Жоқ, араласпаймын. Сондай шешім қабылдадым. Егер баламдікі дұрыс болмаса, тиісті жазасын алады. Бұл өзіне өмірлік сабақ болады.
Негізі бұл жерде екі азамат бір-біріне жұдырық жұмсаған ғой. Егер ол менің балам болмағанда мұндай шу да болмас еді. Қазір әлеуметтік желіде мені танитын бар, танымайтыны бар, ойына келгенін жазып жатыр. Осындай жасқа келгенде, мұның бәрін есту өкінішті.

– Сайлауға түсейін деп жатырсыз. Кесірі тиюі мүмкін ғой?

– Әлбетте, тиеді деп ойлаймын. Себебі, әркімде әрқандай пікір бар. Десе де бәріне дайынмын. Менің үлкен өмірлік тәжірибе мектебінен өткенімді жұрт жақсы біледі. Спорттан бастап, еліміздің болашағын дамыту жолында түрлі саланы дөңгелетуге күш салдым.

Тек қана спортшы емес, зауыт-фабрикалар салып, инвестиция тартып, халыққа біраз жұмыс көзін ұсынып отырған жайым бар.  Әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға қол ұшын беріп, демеушілікпен де айналысамын.

Еткен еңбегімді ешкімге міндетсінгенім емес. Бірақ, ұлымның ағат қылығына бола көзі қырағы жұрт жасаған жақсылығымды жоққа шығармас деп сенемін.

Тегтер: