26 Желтоқсан 17:53
...

Уәлихан БИШІМБАЕВ: Ұлым үнемі жұртқа жақсылық жасауды ойлап жүретін...

Фото:

Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев кеше бірқатар ақпарат құралдары мен блогерлерге қарсы Ішкі істер министрлігіне арыз жазғанын мәлімдеді.

Ол Борейконың «Қуандық Бишімбаев ақыл-есі дұрыс емес деп танылып, жауапкершіліктен құтылуы мүмкін» деген сөзін «оның ұлын, бүкіл отбасын көпшілік алдында қорлау» деп есептейді.

NEGE тілшісі Уәлихан Бишімбаевтың өзімен аз-кем тілдесіп көрді.

– Уәлихан Қозыкеұлы, кеше кейбір БАҚ өкілдеріне қарсы Ішкі істер министрлігіне арыз жазғаныңыз жөнінде мәлімдеме жасадыңыз. Не себеп болды?

– Кейбір ақпарат құралдары мен блогерлер әртүрлі нұсқа айтып, жұртты шатастырып жатыр. Заң бар емес пе? Тергеу амалдары жүргізілуде. Оның материалдары ешқайда шығып кетпеуі керек. Әзірге бұл туралы айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Мұны өзімнің мәлімдемемде де айттым. Тіпті, «бұл істі қадағалаймыз» деп ашық айтуда. Қалай қадағалайды? Екі жақтың да құқы бірдей. Мен де айта алмаймын, олар да ештеңені айтуға тиісті емес. Оның үстіне тергеу жүріп жатыр ғой.

   – Яғни, сіз ұлыңызды алдын ала «қылмыскер» деп санағандарға наразысыз ғой...

– Әрине. Телеарналардағы жаңалықтарда, блогерлердің жазбасында түрлі алыпқашпа әңгіме айтылуда. Бұл қайдан шыққан нұсқа? Біз білмейтін нәрсені олар қайдан шығарып алды? Тергеу материалы құпия сақталмай ма? Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы бойынша соталды тергеу ісі жария етілмейді. Демек, заңсыздыққа жол беріп отыр. Одан кейін олар тергеу ісін, Ішкі істер министрлігін қалай қадағалайды? Оған ешкімнің құқы жоқ.

  – Жалпы, ұлыңыздың осындай жағдайға тап болғаны ата-ана ретінде сіздерге қатты соққы болғанын білеміз. Дегенмен, қалай қабылдадыңыз?

– Біз үшін үлкен трагедия болды. Өте қиын жағдай. Біз Салтанаттың әке-шешесіне де көңіл айттық. Нүкеновтер отбасы қызын жоғалтса, біз келінімізді жоғалттық. Үлкен өкініш, орны толмас қайғы.

Қалай болғанын, не себеп болғанын, біз білмейміз. «Әттеген-ай» деген өкініш бар. Олар өмір сүргісі келді, отбасы құрғысы келді, балалы, бақытты болғысы келді. Қуандық Салтанатты жақсы көретін. Өмірге бала әкелуге асық еді. Екеуінің алдына қойған мақсаты бар еді. Бірақ не болғаны бізге де белгісіз.

– Ұлыңыз Қуандықтың екінші рет отбасы құруына қалай қарадыңыз?

– Әр адамның өз құқы ғой. Үйленемін деді, үйленді. Екеуінің шешімі. Салтанаттың әке-шешесі мақұлдап, қызын берді. Біз құда түсіп алдық. Біз олардың өміріне араласқан емеспіз. Біздің баламыз 40-тан асса, Салтанат 30-дан асқан келіншек.

– Әке ретінде айтыңызшы, ұлыңыз қандай бала болды?

– Ол өте ақкөңіл. Үнемі жұртқа жақсылық жасауды ойлап жүретін. Жанашырлығы басым болатын. Салтанатқа да жаны ашып жүретін. Бірақ пікірін тіке айтатын.

– Қуандық Бишімбаев талай жыл лауазымды қызметтерді атқарды. Бұған дейін істі болып, 10 жылға сотталса да, 2 жылдан кейін уақытынан бұрын бостандыққа шықты. Сол кезде өзіңіз «Оның ең үлкен өкініші – Назарбаевтың сенімінен шыға алмағаны. Басқасын қойшы – бірінші орында Назарбаев еді, сол кісінің сенімі еді...» деген едіңіз...

– Бұл сұрағыңыз орынсыз болып тұр. Мұндай сұраққа жауап та, комментарий де бермеймін. Бірақ ақиқатты дұрыс жеткізу керек. Кейбір журналистер, блогерлер «дейді», «естідік» деген ақпараттармен у-шу көтеріп жатыр. Тергеу органдары айналысып жатыр ғой. Соны неге күтпейді?

– Тергеу ісі қандай сараптама жасаса да, сот қандай шешім шығарса да, бәріне дайынсыздар ма?

– Кеше мәлімдемеде «Ұлым жасаған ісіне сай әділ жазасын алуы керек. Әке ретінде ұлым үшін қатты уайымдаймын, бірақ оны ақтамаймын. Мен оны ақтап алу үшін жоғары лауазымды адамдардың алдына барған жоқпын, бармаймын да» деп айттым. Әрине, ол қылмысына сай жазасын алады. Бірақ «Неге бұлай болды? Қалай болды? Неден қайтыс болды?» деген мәселені анықтау керек. Бұл істе біз түсінбейтін жайттар бар.

Тегтер: