Тоғжан Қожалы: Маған енді ешкім Тілеухандар әулетінің келіні деп қарамайды
«HAQ» қайырымдылық қорының жетекшісі Тоғжан Қожалы NEGE-ге жеке өмірінің құпиясымен бөлісті. Мейрам Тілеуханмен не себепті ажырасқанын егжей-тегжейлі айтып берді. Айта кету керек, былайғы жұрт Тоғжан Қожалыны Бекболат Тілеуханның келіні деп танитын. Сондықтан да болар, бұрынғы қайынағасы сұхбаттарында саяси қызметі үшін келінін жиі сынап келген-ді.
Танымал әулетке тиесілі шаңырақтың шайқалуы түрлі қауесетке сылтау болып отыр. Тоғжан Қожалының өзі ашық сұхбаты арқылы бұған нүкте қоймақ:
- Отбасылық жағдайыңыз жөнінде өзіңіз әлеуметтік желіге жаздыңыз. Бұрыннан бөлек тұрған ба едіңіздер? Заңды түрде ажырасқаннан кейін ғана жария еттіңіз бе?
- Ел алдында жүрген соң, жұртшылықтың көзі маған жиі түседі. Сондықтан отбасылық жағдайымды әлеуметтік желіге жазуға мәжбүр болдым. 19 қыркүйектен бастап жолымыз екі айырылды. Ресми түрде енді ажырасып жатырмыз.
- «Тоғжан Қожалиеваның ажырасуына қайнағасы Бекболат Тілеухан түрткі болды» деген жел сөз гулеп кетті. Бұл қаншалықты рас?
- Бір сұхбатында мен туралы айта келе: «Туған ініме ажырас деймін бе?» деген еді. Енді ол кісілер қуанып отырған шығар.
- Бұған саяси көзқарасыңыз себеп болғаны ма?
- Ажырасуға басты себеп болған жайт – ұрпақ сабақтастығы. Ортада ұл баланың болмауы. Оның үстіне, мен басқа келіндерден өзгешемін.
- Бекболат Тілеуханның отбасы дінді қатты ұстанатынын білеміз. Бұрынғы күйеуіңіздің таңдағын әйелінің келбеті еуропалық. Басқа діндегі әйел емес пе? Бұл қалай болғаны?
- Ислам дінін қабылдап, намазға жығылды.
- Сізге де әулет ішінде дін мәселесі бойынша, айталық, «намаз оқымады» дегендей айып тағылмады ма?
- Мен де намаз оқимын. Он жылдан бері бері бес парызымды қаза етпей өтеп келемін.
- Отбасында ыдыс-аяқ жиі сылдырлап тұратын ба еді? Көзқарас қайшылығы туындады ма?
- Ұл керек дейді. Бізде жалғыз қыз бар. Бір ғана себеп – осы. Әйтпесе, тату тұрдық. Жақсы отбасын құрдық. Бақытты едік. Әке-шешесі, үй іші «ұл керек» дегенді жиі айтатын.
- Шаңырағыңыздың шайқалуына София Кляйнның тікелей кінәсі жоқ болғаны ма? Қарым-қатынастарыңыз бұзылғаннан кейін жолыққан ба, сонда?
- Ресми әйелі боламын деген – сол қыз.
- София әлеуметтік желіге «танысқаннан кейін екі күннен кейін үйленуге ұсыныс жасады» деп жазыпты.
- 17 қыркүйекте танысқан. 19 қыркүйекте күйеуім кетіп қалды.
- Демек, отбасының бұзылуына оның да кінәсі болғаны ғой...
- Әрине! 22 қыркүйекте «Сенің жалғыз әйелің болуым керек, ажырас» деп талап қойған.
- Сонда, күйеуіңізге екінші әйел алуға рұқсат берген бе едіңіз?
- Иә. Иманды, тақуа, өз орнын білетін әйел болса, тоқал алуға да рұқсат бергенмін.
- Бұған қарамастан ол ажырасу туралы шешім қабылдады. Солай ма?
- Мен енді нәрестелі бола алмаймын. «Ол қыз ұл туып береді» деп үміттеніп жүр.
- Бұдан бөлек, отбасының бұзылуына саяси көзқарастарыңыз да ықпал етпеді ме?
- Жоқ. Керісінше, ол екеуміздің саяси көзқарастарымыз бір болды. Тату тұрдық. Ажырасу туралы мәселені мен емес, күйеуім көтерді.
- Бұл жағдай сізге ауыр тиген шығар?
- Әрине. Айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағы бір күнде ортасына түсті. Бір жақсы жері, маған енді ешкім Тілеухандар әулетінің келіні деп қарамайды. Саяси талпыныстарымда еркін боламын. Қайырлы жері – осы.
- Ашық әңгімеңізге рахмет!