14 Мамыр 15:10

«Таңдаған ТАЗҒА жолығады» – Блогер Әсел АСҚАР қандай жігітке тұрмысқа шығатынын айтты

Фото:

Әсел АСҚАР – ел аузында жүрген блогерлердің бірі. Бірі оның ашық образына сын тақса, енді біреулер пікірлерін талқыға салып жатады. NEGE тілшісі Әселдің өзімен әңгімелесіп, оның табиғи болмысын ашуға тырысты.

– «Гелендваген алам» деп жұрттан жылу жинап жатыр едіңіз. Соның жөні не болды?

– Негізі о баста желідегі жұртан ақша жинаудағы мақсатым оны қайырымдылыққа жұмсау болды. Егер  мен қаражатты көлікке демей, сауапты іске деп ашып айтсам әр оқырманым берген аз-кем ақша ештеңеге жетпес еді.

Менің қилы тағдырымды білетін көпшілік шынымен авткөлікке жинап жатыр екен деп, шотыма 100-200 теңгеден сала берді.

«Теңге тиыннан құралады» дегендей, осы тұрғыдан алғанда аударған адамдардың саны көп болды. Жалпы жазылушыларымнан 3,5 млн теңге қаражат жиналды. 

– «Әр елде бір үйім бар» деп едіңіз, соған қарағанда «Геликке» мұқтаж емес сияқтысыз ғой...

– «Әр елде бір пәтерім бар» деп қалжың ретінде жазған едім, оны кейбіреулер шын қабылдаған екен. Егер жұрт сеніп жатса, сол күндерге де жетермін. Періште «әумин» десін.

– Жиналған қаражатты қайда жұмсадыңыз?

– Ол қаржыға азық-түлік пен гигиеналық заттар алып, балалар үйі мен қарттар үйіне тараттық. Бұдан бөлек мал сойып, оған көпшіліктің атыннан құран оқытып, көптеген отбасы шоғырланған жатақханаға апарып ет үлестірдік. Және сол жатақхананың іргесінде орналасқан дүкенге қарыз адамдардың берешегін жауып бердік. Жинаған жұртқа желі арқылы жұмсалған қаражаттың есебін де беріп отырдым.  

– Бұдан соң қайырымдылық қорын ашу жайлы ой келмеді ме?

– Жер қойнына тапсырған ақ періштем Айбарысымның атынан қайырымдылық қорын ашсам деймін. Бірақ, ол үлкен жауапкершілікті талап ететін болғандықтан, әзірге дайын емеспін.

– «Біздің елде бәрі жақсы» деп жатады. Бірақ сіз көрген жағдай оған жүз пайыз қарама-қайшы емес пе екен?

– Негізі жұрттың алдында қазақы образда жүрмесем де, патриот екенімді айта кеткім келеді.  Менің ойымша, еліміз дамып келе жатыр. Ал біздің көзіміз шалып жүрген қиын жағдайлар әр елде бар. Оның үстіне қазір «битке өкпелеп, тоныңды отқа тастайтын» заман емес. Барлық жауапкершілікті бір президенттің мойнына артып қоймай, бәріміз бір мақсатқа жұмылсақ, еліміз дамиды деп ойлаймын. Сондықтан бір-бірімізді қолдап отырсақ, алысқа баратынымыз анық.

– Қазір киногерлер арасында танымал блогерлерді туындысына түсуге шақыру трендтке айналды ғой. Киноға түсуге жиі шақыра ма?

– Бұған дейін де біраз киноға түсіп үлгердім ғой. Әлі де шақырады. Көңілге қонымды сценарий болса, түсуден бас тартпаймын. Мен алыстағы шетелге ұмытылғаннан гөрі, өзіміздің отандық туындыларға түскенді жөн көремін. Себебі, онда біздің салт-дәстүрімізден бастап, қалжыңымыз да тұрмыс-тіршілігіміз де бар.

– Сізді жұрт сыртқы тұрпатыңызға қарап ақсаусақ санайды. Ал, шынайы табиғи болмысыңыз қандай?

– Заманауи стильде киініп, арасында орыс тілінде «шүлдірлегенім» қазақы құндылыққа қырын қараймын деген сөз емес. Тамақты дәмді істеймін. Қажет болса, ішек-қарын тазалап, қамыр да жаямын. Сиыр сауып, айран ұйытып, сары май жасап, іркіт пісіп өскен қызбын. Сондықтан сырт келбетіме қарап, ақсаусақ деуге негіз жоқ.

Жүргізген әр блогымды көп адам қарайтын болғандықтан, өзіме деген жауапкершілікті түсініп келе жатырмын. Себебі, біреу болмаса, біреу бізге қарап бой түзеуі мүмкін.

Әрине, жастық шақта шалыс баспайтын адам болмайды. Кейбір кездері қызуқанды қыз  болғанымнан ба, кейбір салт-дәстүрімізді теріске шығарған кездерім болды. Түсінгенім, адам баласы отбасында алған тәрбиесінен алыстап кете алмайды екен. Неге десеңіз, мен – әжемнің тәрбиесін көрген қызбын. Ол кісінің айтқан ақыл-кеңестері, ұлтымызға қатысты құндылықтары құлағыма құйылып, қаныма әбден сіңісіп кеткен. Апамның айтқандарына байыппен қарап, жиі саралайтын болып жүрмін. Себебі, адам баласына ұлттық құндылығынан асқан нәрсе жоқ.

– Желідегі ашық образыңыз бен ашық пікірлеріңізге қырын қарайтындар аз емес сияқты. Жалпы буллингті қалай қабылдайсыз?

– Көлденең сөзге мән бермеуге тырысамын. Егер жиіркенішті болсам, қарамай өтіп кетер еді ғой. Бір білетінім, мені жек көретін адамдардан гөрі жақсы көретін адамдар көп. Мінсіз көрінуге тырыспаймын. Қарапайым халықтың тілімен сөйлеймін. Жазылушыларымның санынның да артып отыруына осы шынайылығым негіз болған шығар.

Өзіңіздей ашық киінетін әріптестеріңіздің біразы бүгінде орамал тағып жүр. Бұған қалай қарайсыз?

– Мен оларды сынай алмаймын. Себебі, ол – өздерінің талғамы әрі  жүрегінің қалауы. Десе де кез келген өзгеріске беттеуге бір себеп болады деп ойлаймын. Әр адам жаны қысылғанда жанына жұбаныш іздейді ғой. Мен де тағдыр тезіне түскенімде сүйенішті шығармашылық пен қайырымдылықтан таптым. Ал кейбіреулер дінге келіп, намазға жығылып жатады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Бастысы – қоғамға жақсы дүниені насихаттаса болғаны.

– Ер мінезді қыздардың құрбылары аз болады. Солай ма?

– Құрбыларым бар. Бірақ, анаммен, әпкеммен жақын сырласамын. Бірақ, проблемаларымды айтып, шешемнің жүрегін жаралағым келмейді. Үнемі менің жайнап-жадырап жүргенімді көрсе деймін.

Әнші Бүркіттің қарындасы екенсіз. Аиша жеңгеңізбен қалайсыз?

– Жеңешемді өте жақсы көремін. Десе де жан сырымды ақтарып отырамын дей алмаймын, қалай дегенмен де субардинация ұстаймын. Бұл енді әр адамға тән қатынас деп ойлаймын.

– Ұлыңыздың қандай маман иесі болғанын қалайсыз?

– Ол IT саласына жақын. Маған салса, кардиохирург болғанын қалаймын.

– Үшінші рет тұрмысқа шығасыз ба?

– Әрине. Десе де мынадай немесе анандай жігітке тұрмысқа шығамын деп айта алмаймын.

Себебі, екінші рет күйеуге шығарда солай деген едім, бірақ мен қалағандай болмады. «Таңдаған тазға жолығады» деген бар.

Әйткенмен өзінің махаббатын іспен дәлелдейтін жігітті қалаймын. Себебі, қарызға батыратындардан шаршадым. Маған жақындайтын ер азаматтың «духы» күшті болу керек. Әдемі сөзге ере кететін жастан өттім. Өзім сияқты қайырымдылықты жаны қалайтын, қажет кезде алақанда аялап, еркелететін ер мінезді күшті адам керек. Себебі, өзімнің ішкі менім мықты екенін білемін.

– Қысқасы, бай болуы керек пе?

– Егер мені асырай алса, баланы тауып, қазан-ошақтың басында отырудан тартынбаймын. Түсіне білгенге ол да бақыт қой.

Тегтер: