21 Шілде 19:47

Талғат Дүйсебаев: Қуаңшылық болатынын алдын ала білдік

Фото:

Жуырда  Nege.kz тілшісі қуаңшылық қысып тұрған Қызылорда облысына арнайы барып келген-ді. Өңірдегі ахуалмен танысып, шаруалармен тілдескен тілшіміз олардың базынасын басшылыққа жеткізді. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев арнайы қабылдап, қуаңшылықпен күрес шараларын айтып берді.  

– Талғат Тұрсынұлы, Аралда болдық, Қамбаш көліне бардық, іргемізде ағып жатқан Сырдарияны көрдік. Жағдай біз ойлағаннан да қиын екен. Бұл мәселе неге күрделеніп кетті?

– Биыл қыс-көктем мезгілінде жауын-шашынның аз түсуі қуаңшылықтың басты себебі болып отыр. Екіншіден, облыстағы өңірлердің басым бөлігі суармалы жерлерде орналасқан. Тіпті, жайылымдық жердің өзі солай. Біздегі жалғыз су «артериясы» – Сырдария өзені. Соңғы үш-төрт жылда өзеннің су көлемі азайғаны байқалып жүр. Бірақ, биыл су жетіспеушілігі қатты сезілді. Дарияда су болмағасын жайылымды жерлердің, шабындықтардың өнімділігі төмендеді. Соның кесірінен өзіңіз айтып өткен Арал, Қазалы аудандарында қуаңшылық болды. Қуаңшылық халықты тығырыққа тіреп тұр. 

– Қуаңшылыққа қарсы облыста алдын-ала шаралар іске асты ма?

– Әрине, біздің облыста 187 мың гектар жерге егіс егіледі. Оның ішінде ең көп егілетін өнім – 84 мың гектар күріш. Бұл енді кеңестік кезеңнен қалған. Өздеріңіз аралағанда байқаған шығарсыздар, сол кездегі ауыспалы күріш алқаптары арнайы дайындалған. 2-3 жыл күріш егілсе, 2-3 жыл жоңышқа егіледі.

Су тапшылығы, қуаңшылық келетінін алдын-ала білдік. Сол себепті жем-шөп дақылдарының көлемін ұлғайттық, күріш алқаптарының көлемін азайттық. 6 мың 600 гектарға күрішті азайтып, орнына негізгі шөп жоңышқа, араластырып беру үшін бидай мен арпа ектік. Сіздер айтып отырған Қазалы ауданында да жоңышқа егілген, бірақ, жауын-шашынның аз болуына байланысты көлемі азайып қалды. Біз күріш алқаптарын суармас бұрын суды аз қажет ететін бидай мен жоңышқаны суарып алушы едік. Бірақ, Сырдарияның суы азайғаннан кейін көп шаруалар уақытылы суара алмады. Бір жағы ауа-райының қандай ыстық болып тұрғанын байқаған шығарсыздар. Ыстық температура өнімді күйдіріп жіберді. Ал Сырдария, Жалағаш, Жаңақорған, Қармақшы, Шиелі аудандарында жоңышқа жақсы шықты. Біз жыл аяғына дейін 200 мыңнан астам орам жоңышқа жинаймыз деп отырмыз. 

– Қазір Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Мал азығы қат болып тұр. Күзге дейін күтсе, мал түгел қырылуы мүмкін. Осы мәселені қалай шешпексіздер?

– Күрішке су жіберу үшін арнайы каналдар бар. Сол жердегі атыздың бойы мал жейтін қамыс, мия сында шөпке толы. Біз қазір соны орғызып жатырмыз. Бұл – барлық ауданда атқарылып жатқан шара. Әр ауданда арнайы бригада мен волонтерлар тобы құрылған. Құдайға шүкір, мыңнан астам белсенді жас бар. Олар күн-түн демей жұмыс істеуде.  

– Біз Қамыстыбас ауылына барғанда ауыл тұрғындарынан мәселенің уақытша шешімін сұрадық. Олар «ауданда ірі жер иеленушінің жүздеген гектар жері бар, егер сол атыз бойынан шөп орып алуға рұқсат берсе, маңайдағы 4-5 ауыл шөпке жарып қалар еді» дегенді айтты. Бірақ, сол латифундист арам шөптің өзін сатып жатыр екен. Бұған не дейсіз?

– 100 гектар жер дегені мәселенің шешімі бола алмайды. Ол, тіпті, бір ауылға да әсер бермеуі мүмкін. Біздің негізгі сеніп отырғанымыз жердегі табиғи шөп. Сосын, ертең күріш орылғаннан кейін оның сабанын да жинамақшымыз. Шыны керек, жыл сайын соның бәрі өртелетін. Өйткені, сұраныс болмады. Биыл ешбірі өртелмейді. Пішенді де, сабанды да жинатқалы отырмыз. Бұл – бір.

Өткенде мынадай жағдай болды. Осы  мәселемен облысты аралап шықтық. Шаруашылықтармен, төрағалармен кездестік. Көбісі «онсыз да өртеп жатырмыз ғой, мархабат, өзі орып алып кетем десе, келсін» деп отыр. «Орып бер десе, оған дай дайынбыз, бірақ орған адамның еңбегі мен көліктің шығынын өтеп берсін» дейді. Қазір қашықтыққа қарай арам шөптің бағасы 250-300 теңге болып тұр. Ал, жоңышқаны өздері келіп алып кетсе, 800 теңге, 600 теңгеге береміз деп жатқандар бар.

Жасыратыны жоқ шөп бағасы қымбат деген сөз де жиі айтылуда. Иә, егер апарып беретін болса жол-көлік шығынын есептегенде, жоңышқа 1200 теңгеге жетті. Тасымалдаушыларды да түсінуге болады, біріншіден, шөп көп орын алады, екіншіден олар да нәпақасын табуы керек. Облыстық бюджеттен көлік мәселесін шешу үшін қаражат қарастырылуда. Сол үшін ору жұмыстарына барлығы жұмылдырылды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, шөп бағасы 800 теңгеге дейін түседі.

Жоғарыда айтқанымдай шөп басқа аудандарда жақсы шыққан. Ол жердегі шаруалар бірінші кезекте өзін, ауыл тұрғындарын жем-шөппен толық қамтып алған соң Арал мен Қазалы ауданына жеткіземіз деп отыр. Қазір бірінші орақ бітті, енді екінші орақпен ауыл адамдарының қажетін өтесе, Арал мен Қазалыға да кезек келеді. 

– Ірі жер иеленушілер мәселесі қалай шешіледі? Халық атыз бойындағы арам шөпті орып алса, кінәлі бола ма?

– Дұрыс пайдаланылмай жатқан жайылымдық, шабындық, егістік жерлерді қайтару туралы Президенттің тапсырмасы бар. Ал екінші жағынан, тексеруге мараторий тағы бар. Біз заң шеңберінен шыға алмаймыз, олардың иелігіндегі жерді тартып алып халыққа беру құзыреті бізде жоқ. Бұл мәселемен айналысып жатқан жер инспекциясы бар. Олар да тексере алмайды. Алғашында шақырып алып, ескерту береді. Бір жылдың ішінде жер пайдаланылмаса ғана сот арқылы жер мемлекетке қайтарылады. Әзірге, сіз айтқан жер сол иеленушінің меншігі.

Осындай төтенше жағдайда біздің қолдан келетіні – екі жақты тіл табыстыру. Мен сіз жеткізген бұл мәселені жеке қадағалауыма алып, Қамыстыбас ауылы тұрғындарының қалауын орындаймын. Алдымыздағы аптадан бастап аудан-ауданды аралап, ірі жер иеленушілер мен аудан, ауыл әкімдерін кездестіріп ортақ мәмілеге келуіне мұрындық боламын деп отырмын.

Тегтер: