17 Маусым 15:19

«Сотта кездесеміз!» FlyArystan пиар-менеджеріне біз НЕГЕ ренжімедік?

Фото:
Кеше FlyArystan ұшағының апатты жағдайда қонуына байланысты порталымызда

«FlyArystan ұшағы құлап қала жаздады»  деген шағын ақпарат жарияланған.

Бүгін редакцияға өзін «FlyArystan компаниясының пиар-менеджерімін» деп таныстырған қызметкер хабарласып, сайтта жарияланған ақпаратты дереу алып тастауымызды талап етті. Сайтта жарияланған материалдардың бір әріпі де өзгермейтінін айтқанымызда, «Хорошо, сотта кездесеміз!» деген зілді жауап естідік.

Ашулы пиар-менеджердің сөзінен түсінгеніміз, компания басшылығына порталда жарияланған ақпараттың тақырыбы ұнамаған сияқты. Яғни, ұшақтан ақау шыққаны рас, бірақ құлап қала жаздаған жоқ.

Бұдан бөлек, пиар-менеджер: «Компаниядан неге ресми жауап сұратпайсыздар?!», – деп қатуланды. Тілшіміздің компания сайтында көрсетілген жалғыз нөмірге жедел хабарласқанын, ондағылардың «ресми сауал жолдаңыздар» деген жауап айтқанын және ресми сауал жолданғанын алға тартқанымыз пиар-менеджерге әсер ете қоймады.

Бізге қанша зіркілдесе де, «Сот шешсін!» деп қорқытпақ болса да, біз FlyArystan пиар-менеджеріне еш ренжіген жоқпыз. Өйткені қазір FlyArystan компаниясына оңай тиіп жатқан жоқ. Сын көбейді, сынмен бірге мін тағушылар да аз емес. Мұндай кезде ең алдымен пиар-менеджерлердің жүйкесіне салмақ түсетінін білеміз. Сондықтан да ренжімейміз.

Керісінше, алдағы уақытта FlyArystan компаниясы туралы көбірек жазуға уәде береміз...

Тегтер: