18 Тамыз 16:56

Софья Берульцева: Қоланың артында талай еңбек тұр

Фото:

Токио Олимпиадасы аяқталып, жұрт Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына бас қатыра бастады. Ал, спортшылар қызу дайындыққа кірісті. Тек, каратэшілер ғана ол Олимпиада жайлы ойлап жүрген жоқ.

Өйткені Париждегі Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті бұл спорт түрін тізімге енгізбей қойды.

Күншығыс еліндегі осы жылғы додада каратэ жаңа белеске көтеріліп, басқа қырынан танылды. Қазақстандық каратэшілер де ә дегеннен-ақ жүлде алып, жанкүйерлерді қуантты. Небәрі 20 жастағы Софья Берульцева жұлдыздай жарқырап, ел қоржынына қола салды. Тілшіміз жүлдегермен аз-кем әңгімелесіп, көкейде жүрген бірнеше сауалды қойды.

Софья, жүлдеңіз құтты болсын! Токиодағы додада дүйім жұрт сізге жанкүйер болып, тақым қысты ғой. Сіз ше, кімге жанкүйер болдыңыз?

–  Көп-көп рахмет! Мен әрине ең әуелі өз командама жанкүйер болдым. Олардың әр кездесуінде жанұшырып уайымдап, жеңіп кетсе екен деп тілеп тұрдық. Сосын, Қазақстан атынан барған барлық құрамаға, спортшылардың тілеуін тіледім. 

 – Олимпиада алтыны уысыңызда еді. Оған қол жеткізуге қай тұрғыдан дайын болмадыңыз? Тактикалық әлде психологиялық?

– «Дайын болмадым» деп айта алмаймын. Өйткені төртжылдықтың басты додасына спортшылардың бәрі алтын алу үшін барады. Сол себепті бәсеке де мықты. Бір кездесуде жеңіліп қалсаң, алтын үшін тағы 4 жыл, бәлкім 8 жыл күтуің мүмкін. Мен де алтын үшін барымды салдым, бірақ қателік жіберіп, жартылай финалда ұтылдым.

– Олимпиада ойындарының қола жүлдегері болу үшін нендей жанкештілікке бардыңыз?

– Қандай да бір жанкештілікке бардым деп айта алмаймын. Мен ең әуелі каратэні жақсы көремін. Қазақстан атынан жарыстарға шығып, көк туды желбіреткен ұнайды. Бұл қола мен үшін қымбат. Өйткені оның артында талай еңбек тұр. 

Тегтер: