23 Ақпан 15:57

«Сіз кімсіз, Әлтаев мырза?» Саясаткер сұрақтарымызға жауап берді

Фото:

Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаевқа соңғы кездері қоғам назары жиі ауып жүр. «Нұр Отан» партиясынан қуылған ол «Ел тірегі» деп аталатын жаңа партия құратынын мәлімдеді. Елімізде балама үкімет жасақтауды ұсынды. 

Азаматтық қоғамда бұл тұлғаның бастамаларына қатысты сан түрлі пікір бар. Бірі қос қолдап қолдаса, енді бірі «жаңа жоба емес пе екен?» деп әліптің артын бағуға шақырады. Сонымен, сіз кімсіз, Әлтаев мырза? Ел көкейіндегі осы сауалды Нұржан Әлтаевтың өзіне қойып көрдік.

– «Нұр Отанның» жолы мен сіздің жолыңыз бір емес екенін қашан ұқтыңыз? «Нұр Отан» партиясының беделіне нұқсан келтірді деген айыптың астарында не жатыр?

– Бұл сұраққа жауап беру соншалықты күрделі емес деп ойлаймын. Кез-келген адам өзінің еңбек жолында, талайым тәжірибесінде көптеген кезеңдерді басынан өткереді. Мен билік партиясының қатарында жүріп, көптеген кезеңнің куәсі болдым. Әлеуметтік әрі экономикалық реформаларды жүзеге асыруға атсалыстым. Шынымды айтайын, мен атқарушы билік тарапынан болып жатқан кемшіліктерге ешқашан көз жұмып қараған емеспін. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жауапты қызметтерді атқарып жүріп, саладағы болып жатқан кедергілерді басшылыққа ашық айттым. Қашан да сынды шын деп қабылдайтын адаммын.

Ал Парламент Мәжілісіне депутат болған уақытта экономикадағы проблемаларды Үкіметтен ашық талап еттім. Тіпті фракцияға ескертпей, өзімше шешім қабылдап, Премьер-министрдің атына сауал жолдап, толғауы тоқсан мәселелерді көтердім.

Өзіңіз білесіз, билік партиясында кез-келген мәселе партияның рұқсатымен ғана орындалады. Сәйкесінше, менің ашық пікірлерім партия басшыларына ұнаған жоқ. Тіпті, саяси көзқарастарыма бірнеше сын да айтылды. Бірақ, мен халықтың проблемасын айтудан бас тартқан жоқпын. Шынымды айтайын, мен партияның тәртібіне және оның басшылығына құрметпен қараймын. Бірақ мен үшін халықтың мүддесінен артық мүдде жоқ. Сондықтан, осындай саяси шешім қабылдадым. Нәтижесінде, өзіңіз айтып отырған екі айрық жол пайда болды. Билік партиясының талабына бағынған жоқпын, сәйкесінше, олар мені партия қатарынан шығаруға шешім қабылдады.

Н.Әлтаев. Фото: sputnik.kz

Өз басым билік партиясының беделіне нұқсан келтірдім деп ойламаймын. Өйткені, кез-келген партия халықтың мәселесіне ашық айтуы тиіс. Ауруын жасырған адам өлетінін білесіз. Іргемізді індет шалған сәтте, Үкіметтің қандай қателік жібергенін көрдіңіздер. Шындығында, адамдар вирустан емес, жемқорлық жайлаған жүйенің кесірінен қырылып қалды. Бұның барлығына Үкіметтен басқа ешкім кінәлі емес.

– Сіз саясатқа дербес ойыншы болып қайта келгіңіз келеді. Бірақ аузы күйген үріп ішеді деген бар. Халық алдана-алдана шаршаған. Сондықтан сіз жайлы «бұл – биліктің кезекті жобасы» немесе саяси мәлімдемелеріңізді «қызметінен айырылған адамның қыжылы» деп бағалаушылар жоқ емес. Айтыңызшы, екінші Қосанов болу ойыңызда жоқ шығар?

– Қосанов мырзаның қандай ойын ойнап жүргенін мен білмеймін және оның саяси беделіне қатысты баға беруімнің өзі орынсыз деп есептеймін. Ал өзіме келетін болсам, мен ешқандай «жоба» емеспін. Бұрынғы қызметім туралы айтар болсам, егер мен мансапқа, жоғары айлыққа, жылы креслоға қызықсам, үндемей отырып, биліктің айтқанын істеп жүре беруіме ешқандай кедергі болмас еді. Бірақ, менің бұлай етуге азаматтық арым жібермеді.

Халқымыздың отыз жыл бойы көріп келе жатқан пұшайман халіне үлкен өкінішпен қараймын. Билік өкілдерінің үнсіз, өз басын ойлауының салдарынан халқымыз осындай ауыр халде отыр.

Егер, биліктегі адамдар ашық сөйлегенде, жағдайымыз әлдеқайда жақсы болушы еді. Билік басындағы былық-шылыққа шыдай алмадым десем, артық емес. Сол себепті өзімше саяси шешім қабылдадым және бастаған ісімді халықпен бірге жүзеге асырамын. «Ел Тірегі» партиясы ешқандай саяси күштің жобасы емес, бұл қоғамдағы белсенді азаматтардың күшімен құралатын үлкен саяси күш болады.

– Пропорционалды жүйеге өтерде, билік партиялардың маңызы артады дегенді алға тартқанды. Алайда бұл қолайсыз адамдарды сүзгіден өткізудің тағы бір нұсқасы болып қалмады ма? Сіздің партияңызды қандай себеппен тіркеуден бас тартты?

– Маған салса, Қазақстандағы «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы» заңнаманы түгел жетілдіру қажет деп есептеймін. Себебі, қазіргі қолданыстағы заңнама монополиялық биліктің мүддесін орындап отыр. Егер «Ел тірегі» партиясын кезекті мәрте тіркеуден бас тартты деген жаңалықты естісеңіз, оған таңқалудың қажеті жоқ. Қазақстанда тіркелуге зар болып жүрген саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өте көп. Олардың барлығын тіркеуді немесе тіркемеуді Әділет министрлігі емес, Президент әкімшілігіндегі идеологтар шешеді. Қазіргі билік өзіне қарсы шығатын күштердің барлығын жою үшін барын салып бағуда. Сондықтан, жүйені толығымен өзгертпей, саяси серпін болмайды.   

– Балама үкімет құру туралы ой тастадыңыз. Бұл ұсынысыңызды қолдаушылар бар ма? Сіздіңше, балама үкіметтің кабинеті қалай жасақталғаны жөн?

– Балама үкімет бастамасын Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырғалы отырмыз. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар тиімді тәсіл. Мәселен, Ұлыбритания билігі Балама үкіметті бюджеттен қаржыландыруға шешім қабылдады. Яғни, аталған қоғамдық жұмыс өзінің жақсы нәтижесін берген. Балама үкіметтің негізгі миссиясы – ресми Үкіметтің үстінен бақылау орнату. Министрлердің әрбір бастамасына сараптама жасап, әділ бағасын беріп, кемшілігі болса халықтың алдында ашық айтып отыру. Міне, біздің де негізгі міндетіміз осыған саяды.

Бізде әзірге Балама үкіметті халық қолдағанымен, билік қолдамасы анық. Дегенмен біз алған беттен қайтпаймыз. Ресми үкіметтің нәтижесіз реформаларын сараптап, министрлердің біліксіздігін бетіне басамыз. Халық ресми үкіметтің шынайы бет-бейнесін білуі тиіс. Отыз жыл бойы триллиондап ақша тонаған үкіметтің халық алдындағы қарызы да, парызы да жетерлік. 

– Тәуелсіз Қазақстанның тарихына үңілсек, биліктің қолайына жақпайтын партиялар қанша адуынды болса да, ұзақ өмір сүре қоймайды. Тіпті, қазір оппозициялық партиялар жойылып, саясат сахнадан талай тұлғалар ысырылды. Осы ауыр жолға түсуге қорықпайсыз ба?

– Мен мұндай саяси шешімге аяқ асты келген жоқпын. Биліктің барлық сатысында жүріп, әбден іштей сараптама жасадым. Қазіргі ақпараттық технологияның заманында халықтан еш нәрсені жасыра алмайсың. Мен билікке қарсы әрекет еткен барлық оппозициялық күштердің еңбегіне ерекше құрметпен қараймын. Егер олардың арасында қызметін тоқтатқандары болса, ресми биліктің қарсы әрекеті деп ойлаймын. Ал «Ел Тірегі» партиясы саясат сахнасына енді шығып жатыр және биліктің қысымы қатты боларын білеміз. Бірақ, халық үшін осындай күрделі қадамға барғаннан кейін, діттеген мақсатымызды түгел орындайтын боламыз. Біз халықтың мүддесі үшін жұмыс істейміз және халықтың қолдауы біз үшін ауадай қажет.

Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: