25 Қараша 20:37

Шерзод Аббозұлы: Қазақстан халқы Ассамблеясы аналогы жоқ институт

Фото:

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сол уақыттан бері бұл азаматтық қоғам институты Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды бөлшегіне айналды. Ол барлық этностардың мүдделерін топтастырып, азаматтарды ұлтына бөлмей, құқықтары мен бостандықтарының мінсіз сақталуын қамтамасыз етеді. Осының арқасында болса керек, өзге этнос өкілдері де Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен тұрақтылығы үшін, береке-бірлігі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Шерзод Аббозұлы.

Шерзод Аббозұлы Пулатов 1978 жылы Өзбекстан Республикасы Андижан қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Ата-анасы білім қуып Өзбекстанға барады. Сол елде, жерде кейіпкеріміздің кіндік қаны тамған. Бірақ, балалық шағы Жамбыл облысының Тараз қаласында өтті. 2007 жылдан бастап қоғам белсендісі, 2009 жылдан бастап Нұр-Отан партиясының мүшесі, 2010 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, 2017 жылдан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі және Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми сараптамалық кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР БҒМ Республикалық комиссиясының, Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі болып жұмыс атқарады. Қазақ, өзбек, орыс, ағылшын және араб тілдерін жетік меңгерген, сонымен қатар урду, түрік және парсы тілдерінде сөйлей алады.

Пулатов Ш. шығыстану және құқықтану мамандығы бойынша жоғары білімі бар, 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін Пәкістан Ислам Республикасы, Исламабад қаласы  Халықаралық ислам университеті, «Шариғат және құқық» факультетінің,«Ислам құқығы және құқықтану» мамандығы бойынша, Ph.D докторанты.

2015-2016 жылдары Нью-Йорктегі «Planning Change» орталығының және Нью-Йорк «Peace» институтының медиация бойынша магистр дәрежесіне ие болды.

2019 жылы Сербия, Белград қаласында болып өткен курста ЕҚЫҰ, ДИАҚБ бағдарламасы бойынша ұзақ мерзімді сайлау бақылаушысы сертификатын және Халықаралық заңгерлер комиссиясы (ICJ), заң бойынша мигранттардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық сертификатын алды. Ұлтаралық мәселелер, мәдениет және құқық пен шариғат тақырыптары бойынша бірқатар ғылыми еңбектердің авторы.

Қоғам белсендісімен www.nege.kz тілшісі сұхбаттасып қайтты. 

– Армысыз! Әңгімемізді өзіңізден бастасақ. Ассамблеяға қалай келдіңіз? 

– Өзім жайлы айтсам, ұлтым – өзбек. 1978 жылы Өзбекстанда тусам да, балалығым Қазақ жерінде өтті. 2007 жылдан бастап қоғамдық істермен белсенді түрде айналыса бастадым. Соның арқасында 2009 жылы Нұр-Отан партиясының мүшесі атандым. Ал, Ассамблея сапына 2010 жылы қосылдым. Отбасыма келсем, 4 бала тәрбиелеп отырмын.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметін де атқардыңыз, жалпы аталған қызметке дейін қандай еңбек майданында болдыңыз?

– Еңбек жолым Жамбыл облысының Салық Комитетінен басталды. Кейінгі жылдары әртүрлі өндірістік және коммерциялық кәсіпорындарда басшылық қызметтерде болдым.  

2014-2015 жылдар аралығында ҚР Діни істер агенттігінің РММ «Ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» Исламды зерттеу бөлімінің басшысы және ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ ҚХАның ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлім басшысы лауазымдарында да болдым.

2017 жылдан бастап 2018 жылға дейін «Діндерді зерттеу орталықтарының қауымдастығы» бас сарапшысы болып, ҚР Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің жобалары бойынша жұмыс істедім.

2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Согласие» (Келісім) халықаралық құқық және медиация орталығының атқарушы директоры, халықаралық медиатор – жаттықтырушы болып жұмыс атқарып келемін.

Ал, 2019 жылы 28 сәуірде Қазақстан Республикасының Президентінің үкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Бұл мен үшін айтулы әрі ерекше қызмет болды. 

– Қазақстан халқы Ассамблеясының кешегісі мен бүгінін сүзгіден өткізіп, даму барысы жайлы айтып өтсеңіз.

– ҚХА құрылған кезде бөркін аспанға атпаған жан қалмаған шығар. Себебі, түрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, осы ұйым арқылы «этно саясат қай бағытта жүргізілуі керек, оның діңгегі мен тірегі не» деген сауалдарға жауап алу үшін, түрлі мәселелер мен ұсыныстарды үкіметке жеткізетін арнайы институт болды. Әрине жылдар өтіп, ұйым түрлі өзгеріске үшырады. Қазіргі Ассамблея конституциялық орган болды да, 9 депутат сайланды. Яғни, мәртебесі өсті, саяси ықпалы да артты.

Басқа елдерден ерекшелеп «ҚХА – аналогы жоқ институт» деген баға береміз.

Өзге елдерде де этностардың басын қосатын ұйымдар баршылық, бірақ, ешбірін біздегідей ел президенті басқармайды. 

– Ассамблеяда басшылық қызметте болдыңыз, халықпен тығыз байланыс орнаттыңыз. Өзіңіз бастамашы болып атқарған жобаларыңыз жайлы айтып өтсеңіз. 

– ҚХА төрағасының орынбасары болған кезде біршама жұмыс атқардық. Елдің түкпір-түкпіріндегі түрлі ұлт өкілдерінің мәселесін тыңдап, олармен сөйлесіп жағдайын Ассамблея хатшылығына жеткізіп жүрдік. Әрине, сонымен бірге әртүрлі жобаларды іске асыру үшін өз үлесімізді қостық. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Халықаралық қатынастар және шет елдермен достық байланыс комитетінің арасында қол қойылған меморандумның нәтижесінде екі ел арасындағы байланысты күшейтуге ден қойдым. Соның арқасында Қазақстан мен Өзбекстан мекемелері арасында өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен Абу Райхан Беруни шығыстану институты және Өзбекстан Республикасының Халықаралық ислам академиясы арасында тығыз байланыс орнады. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін осы бастаған жұмыстарымыз жақсы нәтиже берді. Өзбекстанға сапардың ең маңызды нәтижелерінің бірі – коллекционер Давронбек Тожиалиевпен келісім жасасып, оның өз коллекциясынан 400 сирек кітап пен қолжазбаның электрондық көшірмелерін (өзбек, араб, көне өзбек, т.б. тілдерде) беруі болды.

– Ассамблеяның қоғамдағы маңыздылығы жөнінде не айтасыз?

– Жасыратын жоқ «Ассамблеяның не керегі бар» деген пікір әр жерде бір айтылып қалады. Бірақ, білесіз ба ол сөздерді айтатындар оның маңыздылығы мен қажеттілігін жете түсінбейді, ол ұйымдастырған шараларда бір де бір рет болмаған. Оның жұмысын көріп, біліп, ішінде болған адамдар ондай сөзді айтпайды.

Өйткені, «бізге ҚХА не керегі бар?» деу «Бізге бірліктің керегі не?» деген сөзбен бірдей. Бәріміз жақсы білеміз, басты байлығымыз – бірлігіміз.

Соны сақтау үшін, күшейту үшін, өркендетіп, дамыту үшін, бірлігімізді нығайту үшін Қазақстан Халқы Ассамблеясының маңызы зор. 

– Ассамблея жұмысының жандануы үшін қандай істер атқарылуы керек?

– Қазіргі таңда ҚХА – өте маңызды институт. Тәуелсіздік алған кезеңнен бері аталған институт бірлігімізді нығайту үшін өте көп жұмыс атқарды. Алғашында, Қазақстан халықтары Ассамблеясы болғанын білесіз, кейіннен Қазақстан халқы  Ассамблеясы болып өзгерді. Біз қанша халық, ұлт болдық соның бәрінің басын қосып бір халық еткен институт десек артық емес. Мұның бәріне Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамашы болса, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оның жолын жалғап келеді. Осы жұмыстарды жалғастыруымыз керек, әр ұлттың тілін, мәдениетін сақтау үшін жағдай жасаған жөн. Бірақ, бірлік қашан да алдыңғы саптан орын алуы шарт. Бірлікті қалай арттырамыз? Ұлттық құндылықтардың төңірегінде ұйыссақ, бірлессек оны сақтап қаламыз. Ұлттық құндылықтарымыздың ең маңыздысы – мемлекеттік тіл.  Ассамблея мүшелері осы бағытта атқарған жұмыстары шаш етектен. Олар әлі де жалғасып жатыр.

Қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері де күн санап артуда. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқының мәдениетін, ұлттық құндылықтарын насихаттау жүргізілуде. Түрлі байқаулар ұйымдастырылатынын да айтпай кетуге болмайды. Байқауға қатысқан өзге ұлт өкілдері қазақ мәдениетін біліп, балаларына да үйретіп жүр. Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың басын бір жерге тоғыстыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы әрмен қарай да жанданғаны игі. 

– Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты қандай жылы естелік есіңізде қалды?

– 2018 жылы ҚХА кезекті сьезі болды. Онда сөйлейтін азаматтар алдын ала дайындалып, белгілі бір тізіммен сахнаға шығады. Олардың бәрі сөйлеп біткенде Елбасымыз «Залда тағы да сөйлеушілер бар ма?» деп сұрады. Сол кезде мен қол көтеріп, сөз беруін өтіндім. Елбасы мені сахнаға шақырып, пікірімді тыңдады. Ол жерде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жайлы, «Рухани Жаңғыру» мақаласы жөнінде қандай шаралар өтіп жатқанын айттым.

Мен бала кезде анашыма «Президенттің көмекшісі, кеңесшісі боламын» деп айтатынымды да жеткіздім. Нұрсұлтан Әбішұлы «Сен қазір сол дәрежеде жұмыс істеп жүрсің» дегенде «Әрине, мен ҚХА мүшесімін әрі этносаралық татулықты насихаттау барысында өз үлесімді қосып жүрмін. Сол себепті сізге көмек етіп жүрмін» дедім.

Келесі жылы Елбасы мені ҚХА төрағаның орынбасары қызметіне шақырып, кеңес мүшелері бір ауыздан мені сайлады.

– Ассамблеяның болашағы жайлы қандай ойдасыз?

– Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясы жайлы сессиялардың бірінде «Қазақстанда тұратын барлық азамат ҚХА мүшесі» деген-ді. Сол кезде халық саны 18 млн еді. Болашақта оның саны артып, дәл осындай нәтижеге жетуіміз керек. Халықтың мүддесін қорғап, билікке жеткізе білетін күшті құрал болса, әр азаматтың ұлты мен дініне қарамай бірлігті нығайтуға күш салса нұр үстіне нұр. ҚХА қазір осы бағытта жұмыс істеп келеді. Тек қана өзге ұлттардың жұмыстарымен айналысатын мекеме емес, барша халықтың мүддесін қорғайтын ұйым болу керек. Қиын жағдайға түскен азаматтарға қол ұшын созып, оларға көмек ететін ұйым қатарына қосылып жүр. Зерттеу-зерделеу жұмыстары да жанданып жатыр. Дәл осы қарқыннан таймасақ ҚХА елдегі ең ықпалды әрі қажетті ұйым болатыны сөзсіз.

– «Айтқым келіп жүр еді» деген пікір болса, мархабат...

– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлап жатырмыз. Мен достарымды, барша қазақстандықтарды осы мерейлі мерекемен құттықтағым келеді. Біз бірлігіміздің арқасында жақсы нәтижелерге жеттік. Ең дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосыла берейік. Әр шаңыраққа денсаулық пен жақсылық тілеймін! 

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Тегтер: