11 Қаңтар 16:29

Сайлау: Саясаттанушылар не дейді?

Фото:

Сайлау өтті, бірақ әлі ресми қорытындысы шыққан жоқ. Жұрттың арасында мұны саяси спектакльге балаушылар көп. Сайлаудың әділ өткеніне күдік-күмәнмен қарайтындардың қарасы аз емесі белгілі. Десе де, бұдан үміт нышанын көріп отырғандар да табылып отыр. Сонымен, бұл сайлау қоғамға не береді? Не өзгерді, не өзгермеді? Әрі қарай не болады?

Nege.kz осы сауалдардың жауабын саясаттанушылардан сұрады. Оларға сенсек, күдік пен үміт әдеттегідей итжығыс түсіп жатқан түрі бар.  

Қазбек Бейсебаев:

Билік партиясының жеңісіне күмән көп

– Сайлауда тек қана билік партиясы жеңіп отыр. Қалған екі партияда билік партиясына жатады. Биліктің бұл жеңісіне таңғалатын ештеңе жоқ. Демократиялық елдерде билік партиясы 70 пайыз дауыс алса, бұл елде бәрі жақсы деген сөз. Ал бізде олай емес. Жұмсартып айтқанда, елімізде проблемалар шаш етектен. Індет біздің биліктің қауқарын жақсы көрсетіп берді. Сондықтан «Нұр Отанның» жеңісіне үлкен күмән бар.

Еліміздің түкпір-түкпірі бойынша, әлеуметтік желілерде кейбір учаскелердің хаттамаларын көрсетіп жатыр. Соған сүйенсек, «Нұр Отан» көп дегенде 40 пайыз дауыс алды. Тіпті, елу пайыз алды дейік. Мәселен, Шымкентте – 30 пайыз болса, Өскеменде – 36, ал Атырауда 45 пайыз алсын. Өркениетті елдерде осындай үлкен айырмашылық болмайды. Ал бізде бәрі ала-құла. Әрі кетсе, айырмашылық 10 пайыздың арғы-бергі жағында болуы тиіс. Айналамдағы адамдардан сұрап көрсем, ешкімде «Нұр Отанға» дауыс бермеген. Сондықтан күдік көп. Сайлаудың нәтижесіне ешқандай сенім жоқ.

Марат Шибұтов:

Бұл сайлау биліктің құрылымын түбегейлі өзгертуге жәрдемдеседі

– Бұл сайлауда көп нәрсе өзгерді. «Ақ жол» мен ҚХП фракцияларында 21 депутат болады. Бұл – қасиетті сан. Себебі, 21 депутат үкіметке сенімсіздік білдіру мәселесін көтере алады. Бұл парламенттегі мүлде басқа жағдай. Бұл – елеулі түрде алға қадам басушылық. Нұротандықтардың саны 83-тен 77-ге дейін азаяды. Ақырындап бәрі өзгере бастайды. Мұның бәрі өте маңызды.

Ең маңыздысы – мәслихаттың өзгеруі. Алматы қаласында мәслихаттың 37 депутатының біреуі – ақжолдық, біреуі – ауылдық, 35-сі – «Нұр Отаннан» еді. Exit poll нәтижесі бойынша, енді 39 депутаттың 26-сы – «Нұр Отаннан», 6 – «Ақ жолдан», 5 – «Халықтық партиядан», 4 – «Ауылдан» болады. Бұл – мүлде басқа жағдай. Тізімге қарасақ, үлкен өзгеріс көреміз. Бұл жерде Мәжіліске ғана емес, Мәслихаттарға да баса назар аударған жөн. Әйтеуір, Алматыда бәрі түбегейлі өзгерді. Басқа қалаларды әлі көре жатармыз. Негізі, қызық жағдайлар болып жатыр.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәсихаттарында бірнеше депутаты болса, келесі электоралды кезеңде партиялар шаң қауып қалмайды. Күшейіп, буын бекітуге шамалары болады. Бұл биліктің құрылымын түбегейлі өзгертуге жәрдемдеседі.

Максим Казначеев:

Біз қазір сынақ жағдайында тұрмыз

– Exit poll нәтижесі бойынша, мәжіліске үш партия өтеді. Бірақ бұл орталық сайлау комиссиясының мәліметі емес. Менің ойымша, нақты сайлау қорытындысы шыққанға дейін төртінші партияның мәжіліске өтуге мүмкіндігі сақталып отыр. Мәслихатқа келсек, әр жерде жағдай әртүрлі. Маслихатқа төрт партия кірген аймақтар бар. Кейбірінде тек қана екі партия кіріп отыр. Жалпы алғанда, саяси жүйе белгілі бір өзгеріске түсті. Бірақ түбегейлі емес. Саяси биліктің басқарылуы сақталды. Меніңше, енді биліктің атқарушы тармақтарының жұмысын бөліске салу үдерісі жүреді. Ең алдымен үкіметтің жұмысын.

Конституциялық өзгерістердің аясында көрсетілгендей, үкімет отставкаға кетеді. Мәжілістің жаңа құрамы алдында, яғни Президент фракциялармен кеңесіп, үкіметтің жаңа құрамын анықтайды. Елеулі өзгеріс жоқ. Бірақ біз қазір сынақ жағдайында тұрмыз. Жүйенің әрі қарай жұмыс істейтінін бақылайтын боламыз.

Тегтер: