21 Желтоқсан 19:20
...

Омар Жәлел: Бала табу – қазақтың баю технологиясы

Фото:
Әйелдерге қатысты бірнеше рет даулы пікір білдірген филолог, абайтанушы

Омар ЖӘЛЕЛ бұған дейін бас би болып сайланған еді. Бас бидің қызметіне не кіреді? Бас би ретінде қандай жұмыс атқарды? NEGE тілшісі мұны ғалымның өзінен сұрап көрді.

– Омар Жәлелұлы, сізді қыркүйекте Түркістан облысына барған сапарыңызда «бас би» сайлағанын білеміз. Бірақ сол кезде «Билік – ауыр нәрсе. Адам билікке ұмтылмауы керек» дедіңіз. Сонда ырқыңыздан тыс сайлады ма? Бүкіл қазаққа ақыл айтатын төбе бидің қызметін сіз атқарасыз ба?  

– Жалпы, мен би боламын деп барған жоқ едім. Бірақ халық қалады. Республика бойынша бас би қылып сайлады.

Билер инситиутының Қазақстанда жұмыс істеп жатқанына он жылдан асыпты. Бұрыннан бар нәрсе. Әсіресе, Түркістан облысында жолға қойылған. Қазір әр ауданның, тіпті әр ауылдың биі бар. Олардың халықтың алдында беделі бар. Ел-жұртының шаруасын шешеді. Негізгі міндет – жер дауы, жесір дауы ғана емес, ұрлық-қарлық, отбасылық кикілжің, ажырасуды болдырмауға атсалысу, билік пен халық арасында дәнеркер болу. Міне, осының бәрін атқарып жүр. Содан кейін де халық мәселесі болса, сотқа емес, биге барады. Себебі, оларға сенеді. Сотқа жеткізбей шешеді. Әкімдердің өзі де халықпен кездесер алдында билерге жүгінеді. Бұл жаңалық емес. Республиканың барлық аймағында болмаса да, бұл жұмыс Түркістан облысында керемет жүріп жатыр.

– Ал бас бидің қызметіне не кіреді?

– Олар мені сайлады. Мұның алдында да «бас би болыңыз» деді. Ол кезде де бас тартқам. Екінші жолында соңыма түсіп, қоймаған соң келістім. Бірақ оларға «Әр ауылға барып мәселе шешпеймін» дедім. Менің жұмысым – дәріс оқып, билердің біліктілігін, мәдениетін көтеру. «Бұрынғы билер қандай болды? Сондай деңгейге жету үшін қандай кітап оқу керек?» деген мәліметтер беру. Осындай білімді, білікті билер халыққа пайдалы болады. Одан бөлек республикадағы билермен айына бір рет көшпелі мәжіліс өткізіп тұрамыз.

– Жарғы бойынша «бас би атқарған ісіне есеп береді» деген талап бар екен. Бұл міндет сізге қанша уақытқа жүктелді?

– Республика бойынша бас би болу оңай емес. Әділет министрлігінде 10 облыс қоғамдық бірлестік ретінде заңды түрде тіркеуден өтті. Енді жігіттер республикалық билер алқасының құжатын тапсырып қойды. Жақында тіркеледі. 4 айдан кейін билер алқасының алдында есеп беремін. Бір жыл өткен соң басқа би сайланады.

Осы уақыт ішінде талай жұмыс атқардық. Көзге көрінбейді. Халық арасындағы түйткілдерді шешуге билер араласып жатыр.

Өткенде ғана Түркістан облысының Сайрам ауданында билер мәжілісін өткіздік. Одан кейін Шымкент, Алматы қаласында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта Павлодарда өткізу жоспарда бар. Барып, дәріс оқып, рухани жағынан  білігін көтеруге атсалысамын. Ал іштегі мәселемен жергілікті билер айналысады. 

– Халық арасында жиі жүресіз. Көбінесе жұрт қандай мәселе бойынша кеңес сұрайды?

– Негізінен отбасы, тәрбие мәселесі. Ұл мен қызды қалай тәрбиелеу керектігін сұрайды. Ата-ана баланы тәрбиелеу үшін алдымен өзін тәрбиелеу керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер». Менен кеңес сұрайтындардың көбі «Баламды қалай тәрбиелеймін?» деп бас қатырады. Соның қарапайым жауабы осы. Мәселе – өзіңде.

«Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен алыс өлгенше!», – демей ме Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Міне, негізгі тәрбиенің көзі осы.

«Тәрбие» деген сөздің түбірі «раб» деген сөзден шығады. Құдайын таныған адам тәрбиелі болады. Рабын тану үшін не істеу керек? Ғұламалар «Кім нәпсісін таныса, рабысын таниды» деген. Осындай әңгімелерді мысалмен айтамыз.

Фото: ғаламтордан

– «Қазір халықтың етегі ашық тұр» депсіз. Қазақтың есін жиғызып, рухын көтеретін нәрсе не?

– Қазақ «ес жиып, етекті жап» дейді. Етек деген – ұлттық қауіпсіздік. Бұған тіл, жер, ішкі және сыртқы саясат, адамгершілік, мораль кіреді. Біз әлі ес жиған жоқпыз. Қашан отар ел болғанымызды мойындап, отарсызданған кезде ғана ес жиямыз.

Отарлық – халықтың есін жоғалтуы. Бір халықтың екінші халыққа құл болуы. Біз неге отарсызданбай келеміз? Ең әуелі отар болғанын мойындамай, халық етегін жимайды.

Біріншіден, билік халықтың сөзін сөйлеу керек. Билік – халықтың ел болуға жағдай жасайтын орган. Өкініштісі, біздің билік өзі үшін жеке өмір сүретін, өзін сақтап қалуға тырысатын құрылымға айналды. Керісінше, билік – халықтыкі. Қазіргі президент билік басына келгенде «саяси реформа» жасаймын деді. Халық соны күтіп отыр. Саяси реформа жасалмай, халықтың жағдайы түзелмейді. Ал саяси реформа деген не? Бірінші, тәуелсіз сот жүйесі. Екінші, биліктің үш тармағының бір-біріне тәуелді болмауы. Үшінші, ақпарат құралдарына сөз бостандығы берілуі керек. Халық биліктен осыны күтіп отыр.

Конституцияда «Биліктің көзі – халық» деп жазылған. «Өзі болған қыз төркінін танымайды» демекші, билік өзінің шыққан жерін, яғни төркінін ұмытып кетті. Ал халық «Сен бізді ұмытпа! Біздің жағдайымызды ойламасаң, не үшін биліксің?» деп отыр.

– Әлеуметтік желіде сізді тыңдайтындардың дені әйелдер екен. Сол сияқты бетпе-бет оқитын дәрістеріңізде де қыз-келіншектер көп. Сондай кездесудің бірінде «Қазақ әйелі көп бала тусын» депсіз. Бұл пікірді неге сүйеніп айттыңыз?

– Біздің қазір айтып отырған нәрсенің бәрі сырттан келген идеология. «Бір қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деген қазақтың өз идеологиясы бар. Бұл – кәдімгі фундаменталды түсінік. Қазір жас отбасылар «бір балалы болып едік, үй алдық, екіншісін өмірге әкелдік – көлік алдық, үшіншісі келгенде бизнесіміз жүріп жатыр» дейді. Бұл – қазақтың баю технологиясы.

Фото: ғаламтордан

– Жақында ғана үш баласымен асылып өлген әкенің ісінде таяқтың бір ұшы әлеуметтік тұрмысқа тірелмей ме?

– Жағдайға байланысты емес. Бәрін әлеуметтік тұрмыстың төмендігіне тіреп қоюға болмайды. Бұл жерде басқа мәселе бар.

Мысалы, өзім де ауылда тұрдым. Баяғыда қазақтың он баласы бар үйге екінші бір он баласы бар отбасы көшіп келді. Кішкентай тоқал тамда жарты жыл бірге тұрып, бір қазаннан ас ішті. Не ұрыс, не кикілжің болмады. Кезінде жер аударғандарды да қыстыгүні әкеп төгіп тастағанда, олар жерді қазып, жертөледе жанымызды сақтадық деген. Солар неге асылып өлмейді? Сондықтан бәрін тұрмыстық қиындыққа тіреп қоюдың қажеті жоқ.

Әрине, әлгі оқиғаның себебін Алла біледі. Меніңше, адам байлықты, денсаулықты біреуден емес, Алладан сұрауы керек. Қазақ «Малды Құдайдан сұрасаң, екі бүйірің шығады. Адамнан сұрасаң, екі көзің шығады» деген. Алладан сұрау деген жатып алып «маған берші» деу емес. Абай оныншы қарасөзінде: «Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол...» деген. Сондықтан қоғамды бағу керек.

Жаңағыдай қайғылы жайттар неге көп тіркеліп жатыр? Елді бақпағаннан. «Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң қатын кетеді» демей ме?

Қазір тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз еркі қолына тиген кезде, халықты бақсақ, жамандық болмайды. Халық биліктен ақша сұрап отырған жоқ. Халыққа дұрыс мотивация бер, жағдайын жаса. Идеологияны дұрыс жүргіз. Сонда халық өзін-өзі асырайды. Шын мәнінде, мемлекетті асырап отырған – халық. Халықтың сапасын жақсарту үшін бағбан болуың керек. Елді бақпаған соң, біреу асылып, біреу атылып өледі. Себебі, ел қараусыз.

– Халық көбейсін десек, басқа мемлекеттер сияқты жәрдемақыны көбейтіп, қандай да бір қолдау көрсету керек сияқты...

– Жалпы, адамнан ақша сұрамау керек. Қазақта «Мал таппайтын еркек болмайды, құрарын айт. Бала таппайтын әйел болмайды, тұрарын айт» деген мақал бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген жоқ па? Қазір мәселені бір-ақ нәрсе шешеді. Ол – демография. Бізге көбею керек.

Қазақ тағы да «Сабан бол, шөп бол, қалайда көп бол» деген. 1,5 млрд Қытай көптігінің арқасында әлемде экономика бойынша екінші орынға шықты. Үндістан да солай. Өз нарығы өзінің ішінде. Тұтынушы да, өндіруші де өздері. Ал біздегі 19 млн халықтың 10 млн-ы ғана қазақ. Не өндіріс жоқ, не бизнес жоқ. Ең бастысы, елімізді адам санымен толтырмасақ, жерімізден айрылып қалуымыз мүмкін. Қазақ «Бос жатқан жер жау шақырады» деген. «Тәңірі жаратқан тоқты аштан өлмейді» дегенді де қазақ айтқан. Бәлкім, он баланың ішінен ертеңгі президент, министр шығар. «Атадан алтау туады, алтаудың ішінен бір абадан туады» дейді ғой. Бүкіл елдің мерейін көтеретін бала сол көпбалалы отбасынан шығады.

Фото: ғаламтордан

– Демография дегеннен шығады, әйелдерді маркер мен тауарға теңеп, оқушы қыздарды білімге емес, тезірек тұрмыс құрып, босануға үгіттеген едіңіз. Яғни, «қызға тауар ретінде қарау керек» деген пікіріңіз қоғамда қарсылық туындатқанынан хабардар шығарсыз...

– Қыз түгілі, еркек те тауар. Сіз де, мен де тауармын. Жақында америкалық бизнесмен, Chevrolet компаниясында жұмыс істеп, жылына 1235 көлік сатып Гиннестер кітабына кірген Джо Джирардтың «Продай себя дорого» атты кітабын оқыдым. Одан «Сәттілігіңіздің құпиясы неде?» деп сұрағанда,  ол көп адам тауарын алдына қойып, өзі артында тұрады. Керісінше, тауардың алдында өзің тұруың керек. Сен клиентке өзіңді сатуың керек. Алдымен өзің өтсең ғана, тауарың өтеді. Ал өзіңді тауар ретінде жұртқа өткізу үшін сен өзіңе-өзің өтуің керек. Яғни, өзіңе-өзің жағуың керек. Менің құпиям сол» дейді.

Сондықтан бәріміз тауармыз. Қатыны да, еркегі де. Сіз де журналист ретінде сөзді тауар жасап отырсыз. Өте ме, өтпей ме? Оның өтімдігі сіздің біліктілігіңізге байланысты. Өтімді тауар болсаңыз, жазғаныңыз өтеді. Алған сұхбатыңыз өтеді.

Тауар сөзі бизнес, мотивация әлемінде баяғыдан нормаға айналған. Қазақ «Мына адамға сөзім өтпейді» дейді. Неге сөзі өтпейді? Себебі, ол өзін өткізе алмайды. Себебі, өз мойнында мін толып тұр. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жүрегіңде мін болса, ішің тола жын болса, айтқан сөзің ем емес» дейді. Яғни, тауар – құны бар дүние. Мұны тікелей түсінбеу керек.

– Сіз бұл мысалыңызды тура қызға қатысты айтқан соң, жұрт дұрыс түсінбеген сияқты... Ал шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздары жайында не дейсіз?

– Біз қыздың құнын білмеген соң, қадірлемегеннен кейін шетелге кетіп жатыр. Шетелге кеткен әрбір қазақтың қызы қазақтың санын ғана емес, сапасына да, болашағына да балта шапты деген сөз. Өйткені, қыз болмаса, ұлт өспейді. Тауардың қадірі, құны бар. Біз қыздарымыздың қадірін білмейміз. Сосын ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын. Қазақ қызының шетелдікке тиіп жатқаны – ұлт үшін катастрофа.

Фото: ғаламтордан

Қазақ «Алдыңғы қызыңның жасауын бай қып берсең, кейінгі қызыңның өтуіне жеңіл болады» дейді. Дұрыс па? Тауар дегеннің несі жаман? Қазақ айтады: «Қалың малын көп беріп, көргенді жерден қыз алсаң, тік тұрып мейманыңа қызмет етер, қалың малын аз беріп көргенсіз жерден қыз алсаң байының қойнына жатқанын міндет етер» дейді. Бұрын текті қыздың қалың малы көп болғанын білесіз бе? Ата-ана қызды өткізу керек. Қызды өмірге әкелдің бе, енді өткіз. Қызды өткізу – ата-ананың міндеті. Себебі, сіз тауарды өмірге әкелдіңіз.

– Қазіргі жастар ата-ананың пікіріне құлақ аса ма?

– Қазақ «Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды» дейді. Бұрын ата-бабамыз өздері құдаласқан. «Құдаң құрдасыңдай, құдағиың сырласыңдай болсын» деген. Әуелі құдасын таңдаған. Мысалы, Құнанбай Ділдәні таңдады дейсіз бе? Жоқ, Құнанбай Алшынбайды таңдады. Яғни, қазір неге отбасылар ажырасып кетіп жатыр? Өйткені, қаны қайнап, нәпсісін тия алмаған жастар құмарлықпен үйленеді. Құмарлық басылған соң ажырасады. Ал «Зер қадірін зергер біледі» дейді. Ата-ана зергер болуы керек. «Менің қызыма мына жігіт келе ме, жоқ па?» дегенді білетіндей деңгейде болуы тиіс.

Бала ата-ананың пікірін тыңдау керек. «Сен алаңдама, саған лайықты жарды өзім іздеп, тауып берем» деп ұл-қызыңа бес жасында айтып қоюың керек. Ал өсіп кеткен ағашты қалай иесің? 20 жастағы қыз көнбейді саған.

Қыз деген керемет, жаһұт пен гауһардан жасалған құмыра сияқты. Себебі, оны солай жасадың. Әрбір ата-ана сол құмыраның біреудің төрінде жарқырап тұрғанын қалайды. Немесе ол құмыра біреудің босағасында жуынды құятын ыдыс бола ма? Қыздың келешегі қандай болуы бұл құмыраны жасаған адамның біліктілігіне, ақылына байланысты. Ақылды ата-ана өзінің тауарын, яғни қызын лайықты жерге ұзатады, дәлірегінде өткізеді.

Сондай-ақ қазақта «Әке даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз етеді» деген де сөз бар. Көрдіңіз бе, өтеді деп тұр ғой. Яғни, бір қыз ақылсыз болғанымен, әкесі даңқты болса тез өтіп кетеді. «Абыройыңның қадірін қызың бой жеткенде білесің. Байлығыңның қадірін ұлыңды үйлендіргенде білесің» дейді қазақ. 

– Сонда өз балаларыңызға бес жасынан жар таңдап қойдыңыз ба?

– Иә, екі ұлыма да келінді өзіміз таңдап бердік. Тіл-көзім тасқа, екі келін де өте жақсы. «Шешесін көріп қызын ал» деген ғой. Сондай жақсы қыздар бұйырды.

– Белгілі ғалым Жанұзақ Әкім Асқар Сүлейменовтің «Қазаққа ес кіргенде Абай ескіреді» деген сөзін алға тартып, «Абайдың бар жазғаны бір том ғана. Бәрінде қазақты кемсітеді, жер қылады. Демек, Абайдың қазасөзін НКВД жазған» деген пікір айтып еді. Бұған абайтанушы ғалым ретінде не дейсіз?

– Өте жаңсақ пікір. Тіпті, елеуге де тұрмайды. Журналистер – елдің сөзін түзетуші. Көптің емес, ақылдының сөзін айтуы керек. Абайдың өзі «Ақымақ көп, ақылды аз, Деме көптің сөзі пұл» дейді. Қоғам қоғам болғалы тоқтамайтын процесс бұл. Ақын Мағжан Жұмабаев «Хакім Абайға» деген өлеңінде:

«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

 Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес, 

Қарадан хакім болған сендей жанды

Дүние қолын жайып енді күтпес», – деп баға берген. Ал сіздер көптің бірінің пікірін таңасыздар. Сонда Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов «авторитет» емес пе? «Қазақта мұндай ақын тумаған» деген Ахмет Байтұрсынұлының пікірі қайда қалады? Қаймана қазақтың сөзін қайтесіз? Сұлтанмахмұт Торайғыров «Асыл сөзді іздесең Абайды оқы, таңырқа» деген.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: