12 Қазан 15:36

Министрлік: Бұрынғы директордың «косягы» көп болды

Фото:

Павлодар облысына қарасты «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының орманшылары арасындағы дау көпшіліктің назарын аударды.

Нақтырақ айтсақ, зейнеткер Михайл Барсуковский ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен бастап президентке дейін бірнеше рет жазбаша және ютуб канал арқылы шағымданған болатын. Ал ардагер орманшы Төлеген Шахарманов пен Ербол Қарманов Михайл Барсуковскийдің шағымының негізсіз екенін айтып, өз қарсылығын білдірді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің де бұған қатысты айтары бар. Сонымен, кімнің айтқаны дұрыс, кімдікі бұрыс?

Әуелі Михайл Барсуковскийдің шағымына құлақ түрсек. Ол өзін «аудан көлеміндегі жемқорлықты әшкерлеуші» деп санайды. Алайда оның арызына жергілікті билік құлақ түрмей жүрсе керек.

М.Барсуковский.

«Біз көп жылдан бері аудан көлеміндегі жемқорлықты әшкерлеумен айналысып келеміз. Нақтырақ айтсам, ауданға қарасты орманды сақтап қалуға күш салып жатырмыз. Өйткені орман шаруашылығында ұрлық-қарлық көп. «Ертіс орманы» мемлекеттік мекемесіндегі заңсыздық туралы соңғы 3 жылдан бері облыс әкімдігінен бастап құқық қорғау органдарына дейін хабарлап, шағымдандық. Облыстық прокурордың қабылдауында болып, ауданда болып жатқан мән-жайды түсіндіріп айттым. Себебі мемлкеттік сатып алу, сыйақы беру мен кадр таңдаудағы заңсыздықтар жөнінде қылмыстық іс қозғауға болады. Өкінішке қарай, қайта-қайта шағымданып, арыздансақ та, оң нәтиже шығар емес», – дейді ол.

Михайл Барсуковскийдің шағымына қарсы тараптың өкілі, ардагер орманшы Төлеген Шахарманов өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, Барсуковский елге жұмыс істеткізбей, әбден қажытқан көрінеді. Сондықтан да ол жоғары басшылықтың «Ертіс орманы» мемлекеттік мекемесіндегі дауға назар аударып, оң нәтиже шығарғанын қалайды.

«Мен осы жасқа дейін кімнің дұрыс, кімнің бұрыс жұмыс істеп жатқанын көріп келемін. Ол кісінің әрекеті шаруашылыққа бөгет жасап, талай жұмыс істейтін адамның үстінен арыз жазып, шығартқызып жібереді. Мысалы мен өзім бас директор болып істеп жүргенде орманшы, «Бауыртау» орман шаруашылығының басшысы Ербол Қармановты жұмыстан шығартты. Кейін басқа жұмыс істейтін директорларды үстінен арыз жазып, жұмыс істеткізбей елдің арасында іріткі салып жүр. Бүгінгі күні әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ. Орман шаруашылығының жұмысы жүріп жатқанын көзімізбен көріп отырмыз. «Ертіс орманы» екі ауданның алқабын алып жатыр. Мен Бесқарағай филиалына жататын Аққулы ауданында тұрамын. Қазіргі таңда жұмыс жүріп, тәртіпке келіп қалды. Халықтың да тұрмыс-тіршілігі мен татулығы жақсы. Енді шаруашылық болған соң ұсақ-түйек кемшіліктер болуы мүмкін. Бірақ жалпы жұмыс жүріп жатыр», – дейді зейнеткер.

Михайл Барсуковскийдің ықпалымен жұмыстан шығарылды делінген Ербол Қармановта өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Барсуковский басшыларды бопсалап, қаржы табатын көрінеді.

«Ертіс орманы» шаруашылығында 33 жылдан бері қарапйым орманшыдан бастап әртүрлі деңгейде қызмет еттім. Бүгінгі күнде резарварт бойынша көп жұмыс атқарылып жатыр. Сол жұмыстарға Михаил Барсуковский деген азамат кедергі болып отыр. 2017 жылы ол менің артымнан қалмай жүріп, 10 мың АҚШ доллары мен үш жылқы талап еткен соң заң орындарына шағымдандым.  Осыдан кейні ол 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін оның жасына байланысты 3 жылын қиып тастады. Ол бір жыл 9 ай түрмеде отырып, содан шыққаннан кейін «Ертіс орманы» мемлекеттік мекемесінің ұжымы мен менің артымнан қайта-қайта құзырлы органдарға шағым жазуды бастады. Сол себепті мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Нұр Отан» партиясы және Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақовтан көмек сұраймын», – дейді ол.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Ертіс Орманы» табиғи резерватының директоры Қадырбай Тоқтасынды қазанның 1-і күні қызметінен босатты. Мұны да Барсуковскийдің арызымен байланыстыратындар бар екен.

«Ертіс орманы» табиғи резерватындағы өрт.

Nege.kz тілшісі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне хабарласып, осы мәселеге байланысты пікір сұрады. Комитет Қ.Тоқтасынды жұмыстан босату туралы шешімнің М.Барсуковскийдің шағымына еш қатысы жоқ екенін, осы уақытқа дейін Қ.Тоқтасынға екі рет қатаң сөгіс жарияланғанын айтты. Бірінші қатаң сөгіс – биыл маусым айында болған өртке байланысты, екіншісі – жалпы тексеру барысында жарияланған. Осы екі қатаң ескертуден соң Қ.Тоқтасынды жұмыстан шығару туралы шешім қабылданған.

Серік Жолдасбай, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: