23 Желтоқсан 11:49

Марапат мимикриясы: Билікті сына, жек көр, жер-жебіріне жет, бірақ...

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Жыл сайын Тәуелсіздік күніне қарсаңында мемлекет ең лайықты, елге өзгелерден көбірек еңбегі сіңген азаматтарды марапаттайды. Құрметті атақтар, ордендер мен медальдар иелерінің тізімдері жарияланады.

Бір қарасаң, бұл – кез келген мемлекеттің (құй, ол демократиялық болсын, құй, ол тоталитарлық болсын) міндеті әрі жыл сайынғы тірлігі. Өз басым бұдан ешқандай да оғаштық көрмеймін.

Ал бізде болса, әр жыл сайын дәл осы науқан қоғамның біраз бөлігі тарапынан өткір сынға ұшырап жатады. Тіпті, марапатталғандардың бәрін бірдей мазақ қып, намысына тиіп, артық сөздер айтылып қалады.

Сол сынға қатысты бір айтарым бар.

Билікті сына, керек болса, жек көр, жер-жебіріне жет: ол – сенің конституциялық құқың һәм қақың.

Бірақ Тәуелсіздік мерейтойы тұсында билікті, елбасын, президентті, министрлер мен әкімдерді ұнатпаймын деп, киелі де қастерлі Тәуелсіздікке, оның түбегейлі негіздеріне, ұлтқа, мемлекетке, қала берді, осы күндері лайықты марапатын алып жатқан жайсаңдарға тіл тигізбе!

Өз басым, осы күндері өз еңбектерінің мемлекет тарапынан биік бағасын алған азаматтарды шын жүректен құттықтаймын! Олардың біразын танимын, олар – шын мәнінде өз маңдай тері мен адал еңбегі арқасында осындай марапатқа қолы жетіп отырған тұлғалар!

Карикатура: Ғалым Смағұлұлы

Сонымен бірге, біз осы күндері аспаннан шұға секілді жауған марапаттарды қоғам дұрыс қабылдамауының бір емес, алты себебі бар деп санаймын.

Біріншіден, елдегі жағдай мәз емес, мемлекет қызметінің барлық саласында құлдырау мен төмендеу болып жатқанда, биліктегілер өздерін өз жетістіктері үшін мадақтауының өзі әбестеу көрінетіні рас: дағдарыс кезінде қайдағы дәріптеу! Әсіресе, президент тарапынан жүйелі сынға ұшырап жататын министрлер мен әкімдер, басқа да жоғары лауазымды шенділер осы күндері сол президенттің өз аузынан мақтау естіп, орден мен медаль тағып жатқанын көрген қарапайым ел ашуланбағанда не істейді? Үкімет қызметіне деген талапшылдық пен принциптік, мейрам тұсында да өзгермейтін, мимикрияға ұшырамайтын баға болуы керек емес пе?

Екіншіден, марапатқа деген қарсылықтың негізінде дүйім жұрттың билікке деген қарсылығы жатқан сияқты.

Үшіншіден, осы жылдардың ішінде мемлекет қабылдаған барлық шешімге (тіпті ол оң болса да) тұрақты сенімсіздік қалыптасқан. Марапаттау туралы жарлықтар мен қаулыларға да соның салқыны тиіп жатқан сияқты. Оған қоса, көптеген марапаттың кландық, көңілжықпастық сипаты бар екенін жоққа шығара алмайсыз. Елбасынан бастап, орта шенді әкім-қаралардың отбасы мүшелері, туған-туыстары, құда-жекжаттары, күйеубалалары мен келіндерін сол тізімдерден көріп жатамыз. Көп марапаттың лауазымдық сипаты бар: бүгін бастықсың ба – аласың, ертең орныңнан кетіп жатсаң, саған бір бет қағаз да ұсынбайды.

Төртіншіден, бұл марапаттардың таптық сипаты да бар. Кезінде Назарбаев «еңбек адамын құрметтеу» туралы бастама көтеріп еді. Бүгінде ол идея ұмыт қалған сыңайлы. Өйткені, бізде мерекелік сый-құрмет негізінен бастықтарға бұйырып жатады. Қарапайым еңбек адамы бар болса да, мүлдем аз.

Карикатура: Мұрат Ділманов

Бесіншіден, естіген құлақта жазық жоқ, «мемлекеттік марапатқа мекерлік жасалады, ол сатылады» деген әңгіме де жоқ емес. Ондай әңгімелер, әсіресе, ауыл жақтан жиі естіледі. Өкінішке қарай, бізде «асқақтаған амалшыдан аяңдаған адалдық озады» принципі орнықпаған.

Алтыншыдан, біздегі дәріптеудің ең басты критерийі – билікке жағу, соның сойылын соғу, соны мақтау арқылы өзіңді мақтату. Шын мәнінде, мемлекет деген киелі де қастерлі институтқа еңбегі сіңген, бірақ билікке сын айтып, жақпай жүрген азаматтар тізімнен тыс қалып жатады. Сөйтіп, қаншама тұлғаларға обал жасалуда. Осы тұрғыдан алғанда, бұл «мемлекеттік» емес, «өкіметтік» деңгейдегі құрметтеу боп қана қалады.

Мәселен, Тәуелсіздіктің ыстығына күйіп, суығына тоңып, билік басында Нұрсұлтан Назарбаевпен қанаттас болып, бірге еңбек еткен, бірақ кейін аралары ашылып кеткен талай қайраткерлер бар. Бірі – арамызда жүр, бірі – өмірден өтті, бірі – билікке сын айтпаса да, басқа бір себептермен жақпай қалды, бірі – оппозицияда...

Бірақ олардың әртүрлі қызметтердегі – вице-президент Ерік Асанбаев, Жоғары Кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин, Бақылау палатасының төрағасы Ғазиз Алдамжаров, премьер Әкежан Қажыгелдин, министр және әкім Заманбек Нұрқаділов, министр Алтынбек Сәрсенбайұлы, әкім Ғалымжан Жақиянов және тағы басқалар – еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды ғой! Шенеуніктік қызметте болмаса да, қоғамдық-саяси өмірде Тәуелсіздік пен демократия жолында маңдай терін төгіп, танылған қаншама қайраткерлер болды, қазір де бар! Тәуелсіздікке тәуелсіз БАҚ-та жүріп өз үлесін қосқан қаншама журналист бар!

Егер де осы күндері билік саяси конъюнктура мен көре алмаушылыққа салынбай, саяси көргендік пен көрегенділік, тектілік пен тереңдік танытып, осы азаматтардың да атын атап, елеп-ескергенде, мемлекеттік марапаттың абырой-беделі көтерілер еді! Өкінішке қарай, олай болмады.

Неге екенін білмеймін, келесі жылы да дәл осылай боп, аталған жайттар қайталатынына мен сенімдімін.

P.S. Кезінде үкіметте жұмыс істеп жүрген тұста Мемлекеттік сыйлық комиссиясына қатысты біраз әңгіме болған-ды. Өздеріңіз білесіз, бізде кейде сол сыйлық қызметіне, жасына, билікке сіңірген еңбегіне, тіпті туыстығына қатысты беріліп, беделін төмендетіп жатады. Сол әңгімелердің ортасына түсіп қалдым.

Сондай кезде шаршап жүрсе керек, сол кездегі осы салаға жауапты вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов сол сыйлықты алғысы кеп президентке жүгіріп баратындар мен адам салатындардан шаршаса керек,  менен: «Осы сыйлықтың беделін қалай арттыруға болады?», деп сұрап қалған-ды.

Мен ол кезде жаспын, радикалмын. «Алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін» деген сыңай таныттым да:

«Оның бір мықты жолы бар! «Осы жылы Мемлекеттік сыйлыққа лайықты бір де бір шығарма табылмады!» деп жариялаңыздар! Сол күні оның қандай сыйлық екенін жұрт та, талаптанушылар да ұғынады! Бәлкім, келесі жылы лайықсыз екенін сезгендердің өздері өз шығармаларын ұсынудан бас тартар. Сөйтіп, сыйлық көші түзелер», деп жауап бердім...

Тегтер: