1 Қазан 14:15

«Қазақтың еркектері сілімтік, чмо болып кеткен!». Ахметбек Нұрсила НЕГЕ ашулы?

Фото:

«Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Ахметбек Нұрсиланың қазақ жігіттеріне өкпесі қара қазандай. Себебі, әлеуметтік желідегі бейнежазбалары мен жазбасының бәрінде «қазақтың рухы өліп қалған», «қазақ жігіттері сілімтік, өлексе» деген пікірді жиі айтады. Жиі емес-ау, екі сөзінің бірі сол.

«Найзаменен түртсең де,

Жатырсың қазақ оянбай

Бұндай қалың ұйқыны

Бізге бердің ой, Алла-ай», – деген Міржақыптың сөзі шын екеніне  сенесің. Шараң қалмайды осындай кезде?», – деп күйініпті.

Кеше ол бір топ қазақ жастарын ұйқыдан оятып алып: «Өліксіңдер, сілімтіксіңдер!», – деп жер-жебіріне жеткен видеосын жариялады. Іле-шала әлгі видеоны өшіріп тастады.

Осыдан кейін әлеуметтік желідегілер де Ахметбек Нұрсиланы қолдамайтынын айтып, «бұлай намысқа тиюге болмайтын шығар», «Сіздің бұл әрекетіңіз ақылға қонымсыз, достығымнан өшіремін...» деген сарында пікірлер жазды.

Әрине, жастарға жол сілтеп, қамшылаған дұрыс. Бірақ оларды «өлексе», «сілімтік» деп тәрбиелеу дұрыс па?

Nege.kz тілшісі бизнес-тренер Ахметбек Нұрсилаға телефон арқылы хабарласып, мән-жайды өзінен сұрап көрді.

 Кеше таңертең әлеуметтік желіге әлдебір жігіттерді «балағаттап» оятып жүр едіңіз? Олар кімдер?

– Маған «ақша табамыз» деп Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді ғой. Өзім арзанға хостел тауып беремін. Таңертең тамаққа жейтін наны жоқ, нан алатын ақшасы жоқ. Бірақ ұйқтап жатады.

 Мынау енді сіздің қамшылаған түріңіз бе?

– Әрине, бір рет айтасың, екі рет айтасың, он рет айтасың, ұқпайды ғой. Сөз өтпейді. Сабауға болмайды, сотталып кетесің! Балам болса, шапалақпен тартып жіберетін едім. Адамды орнынан қозғайтын екі күш бар. Біреуі – қорқыныш күші, екіншісі – рахат алу күші. Адам алдына арман-мақсат қойғанда ғана бірдеңеге ұмтылады. Қазір қазақта арман да, мақсат та жоқ.

 ​Осы жігіттерге қарап барша қазақ жастарына баға беруге бола ма?

– Пәшти бәрі десе болады. 90 пайызы сондай. Дәлірегінде, мен көріп жүрген қазақтың 90 пайызы. Әлде, өзім сондай ортада жүремін бе, білмеймін.

– Сонда олар сізден алған ілім-білімге қанша төлейді?

– Мен 60 күндік сабақты тегін өткіземін. Күн сайын таңғы 7-ден кешкі 7 жарымға дейін. Бәленбай адам қатысып жатыр. Үшінші рет өткізіп тұрмын. Ол ол ма, тегін марафонға қатысқаны үшін 3 млн теңге бөліп беремін. Бұл соңына дейін жеткен үздіктерге беріледі. Осының өзіне қатыспайды. Енді бұған не айтасыз?

5 мың адам тіркелді. «Сабағыңды тыңдап қайтеміз, есепшотқа ақшаңды жібере сал» дейтіндер де бар. Не деуге болады? Өмір сүрген соң, үш уақыт тамақ ішу керек. Ол үшін ақша таба білуі тиіс. Ал Фейсбукте анау-мынау деп жазып жатқандар жағдайды білмейді.

– Қалай дегенде де, «өлексе», «сілімтік» деп айтқаныңыз орынсыз ғой. Жігіттер сіздің видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялағаныңызды біле ме? Сотқа берсе не істейсіз?

– Әрине, біледі. Бұл бір рет емес қой. Ә дегенде әлеуметтік желіге сала салатын делқұлы, мәдениетсіз емеспін ғой. Бір рет айтасың, үш рет айтасың, басқа не істейсің? Біреудің баласы болған соң, ұруға, тепкілеуге болмайды. Сөз өтпейді. Ояту керек болды. Оны «Найзаменен түртсең де, жатырсың қазақ, оянбай...» деп жүз жыл бұрын Міржақып Дулатов айтып кеткен.

Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақты соғыс болмаса, атылған зеңбірек болмаса. тұрымтайдың шықылдағаны, масаның ызыңдағаны оятпайды» деген. ХХІ ғасырда қазақтан басқа кедей ұлт жоқ. Ұйғыр да, дұңған да, түрік те, басқаның бәрінің жағдайы жақсы. Солар сияқты болса деймін. Бізге жігіттер жан-жақтан келеді. «Сен менің мектебіме келгеннен кейін 60 күн ішінде табыс тауып, білім алып кетуің керек» деймін. Ол үшін оқуы керек. Бірақ ұйқтап жатады. Сосын «Бізге білім берген жоқ. Бәрі лохотрон» деп кетеді.

Әлеуметтік желіге салғанға ашуланады, боқтайды, «өлтіреміз» деп шығады. Мен ондайдан қорықпаймын. Ол – жалған намыс. Өзім өмірі ондай сөз естіп көрген жоқпын, естімеймін де. Ондайға ренжитін адам әлгіндей сөз естімеу керек еді. Оған жеткізбеуге тырысу керек.

 72 жастағы апа 260 шақырым марафонда жүгіріп жүр. Соны көріп, «Кемпір жүгіріп жүргенде мен неге жүгірмеймін» деп намысым оянды. Ұят емес пе? Ал мына жігіттерге «Мұнда келгенде ерте тұрып, бәріне үлгеру керек» деймін. Таңғы 7-де дәріс оқимын. Олар 5-те тұрып, жүгіріп келуі керек. Егер жігіт болса, ақша тауып отбасын асырауы қажет. Ал ұйқтап жатсаң, сені сілімтік деп айтам деймін. Ертесі ерте оянады, басқа жол жоқ.

– Сонда олардан ешқандай шығын шықпай ма?

– Жататын хостелге күніне бір жарым мың теңге төлейді. Ал қонақ үйге жатса күніне 10-15 мың теңге кетеді ғой. Сабаққа екі айға төлейтін сомасы бар.

– Сол сабақ тегін бе деп сұрап отырмын...

– 150 мың теңге төлейді.

– Оларға ауыр сөздер айтып, қинап ұстаудың қажеті бар ма?

– Келді ме, ұстауым керек. Олар – менің қазағым ғой. Тамағы, ақшасы жоқ болса, ертең не істейді? Өзі ауырып қалмай ма, анасы ауырмай ма? Емдету керек қой. Қазір ауылдың чатында отырам. «Мына кісі ауырып жатыр, ақша жинайық. Ағайын-туыстарының жағдайы жоқ» деген әңгімелерді оқимын. Соған бейжай қарап отыруымыз керек пе? Ауырса ауырсын, аш болса аш қалсын, өз мәселесі дейміз бе?

Сөзге шыдай алмай, кететіндері де бар. Кетіп қалса, мүлдем қорлаймын. Кетуге жол жоқ. Мұнда келген соң азамат болып шығуы керек. Маған 16 жастан бастап 50 жасқа дейінгі азаматтар келеді. 70 жастағы кісілер де бар. 6 жыл болды бұл іспен айналысып жатқаныма. Айтайын дегенім, қазақтың еркектері сілімтік, чмо болып кеткен. Рух жоқ. Айналамдағы жігіттерге қарасам көлігі, үйі бар қыз іздейді. Отбасы бағуға қауқарсыз. Өйткені, қоғам сондай. Оларға ата-анасы жағдай жасау керек. Одан кейін ажырасу да көбейеді. Отбасына тамақ тауып бере алмаған еркек кімге керек? Оған 99 пайыз еркек кінәлі. Ішіп алып, әйелін сабайды. Абай айтпақшы, «Кімде кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват».

– Журналистерге неге өкпелісіз?

– Олар құр сөз айтады. Маған бүкіл журналист келіп басыма «тышса» да, өз дегенімді істеймін бәрібір. Олар қалай да кедергі жасауға тырысады. Қазағымды жалқаулықтан құтқаруым керек...

P.S. А.Нұрсила «әлі де айтарым бар» деген соң қазақ жігіттеріне қатысты тағы не айтарын білмекке Nege.kz тілшісі камерасын алып, бизнес-тренердің «құжырасына» барып келді...

Тегтер: