Қазақ сәуегейі тоғыз айдан кейін Путиннің тақтан таятынын болжады
Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында тұратын Шахизада Жұмағалиқызы Ізмұратова он жеті жылдан бері космоэнергетикамен айналысып келеді. Көбінде жан-тәнінде дерті бар адамдарды емдеумен айналысады. Сәуегейлігі де бар екен.
NEGE-ге берген сұхбатында сәуегей Украина мен Ресей арасындағы соғыстың қашан және қалай бітетіні және Қазақстанды алда не күтіп тұрғаны жайында болжамымен бөлісті.
– Қазір әлемнің өзі құбылып тұр. Алып елдер Украина майданында күш сынасып жатыр. Осындай қилы заманда еліміздің болашағына көз жүгірте аласыз ба?
– Қазақстанның жағдайы өте күрделі. Үш жылдан бері қиыншылық жалғасып жатыр. Толқында кетіп бара жатқан кеме секілдіміз. Шайқалып, екі жаққа кезек ауып тұрғандаймыз. Жағдайымыз біреудің ойынына тәуелді болып тұр. Бәрі қолдан жасалып жатқан нәрселер. Бірақ бұл уақытша нәрсе. Бәрі де Алланың сынағы деп білем. Соңы жақсы болады.
Биыл елдің жағдайы оңалып кетеді деп айтуға болмас. 2023 жылдың шілде айынан бастап жақсы жаққа қарай өзгеріп, 2024-ке қарай айымыз оңынан туа бастайды. Өйткені біздің рухымыз мықты. Намыс оянуы керек.
– Қаңтар оқиғасы секілді келеңсіз жайттар қайталауы мүмкін бе?
– Қазір халық оянып жатыр. Мұның бәрі қолдан қойылған спектакль секілді. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, ішімізде қара ниетті адамдар көп. Ішкі жаулардан құтылуымыз керек. Елім деген адамдар көбейіп, жан-дүниені тазарту қажет. Жаман адамдар азайып, жақсы адамдар көбейген сайын жамандықты қуамыз. Біз бұл сынақтан тазаланып шығамыз. Халықтың да жан-дүниесі тазарып жатыр. Осылай бәрі орнына келеді. Соншалықты қауіп-қатер көрініп тұрған жоқ.
Фото: Tengrinews.kz
Жастар жауға қарсы шығудың орнына ұрлық жасап кетті. Бұдан сана-сезімнің төмендігі көрініп қалды. Патриоттық сана әлі де өсуді қажет етеді. Елім-жерім деген адамдардың бір нәрсе бүлініп жатса, жаны ашуы керек. Алла-Тағала бізге осыны көрсетіп жатыр. Сонда бізді ешкім жеңіп ала алмайды.
Десе де, қиындықтардың бәрі бір жарым жылдың ішінде өтіп кетеді. Біз сабырлы, шыдамды халықпыз. Осы қасиетіміздің арқасында бәрі артта қалады.
Мұндай дүмпулер әр жерде болып жатыр. Қазақстанда қаңтар оқиғасы болса, Қарақалпақстанда да көтеріліс болды. Украинада қан төгіліп жатыр. Бірақ әлем астаң-кестең болып төңкерілмейді.
– Қазақтар соғысқа араласпай ма?
– Жоқ, араласпайды. Елімізде бұған жол бермейтін парасатты адамдар көп.
– Алдымызда сайлау келе жатыр. Мемлекет басшымыз енді кім болады? Түр-келбетін айтып бере аласыз ба?
– Бәрі – бірінші Алланың, екінші халықтың қалауымен болатын нәрсе. Қазіргі президент орнында қалады. Бұл адамның емес, Алланың қалауы секілді көрінеді. Ол кісі бастаған ісін аяқтауы тиіс. Халық оған сеніп отыр.
Әрине, президент болуға лайықты тұлғалар аз емес. Үш жылдан кейін бір ауыс-түйіс бар секілді. Бірақ тап қазір емес.
Фото: ғаламтордан
– Украинадағы соғыс қалай өрбиді? Ұзаққа созыла ма?
– Бұл соғыс болмашы проблемалардан шығып отыр. Екі жақтың да бір-бірінен ала алмай отырған атасының құны жоқ. Ерегістен, көреалмаушылықтан туындаған.
Ресейде үш күш бар. Үшеуі елді үш жаққа тартып, астыртын бәсекеге түсіп жатыр. Бұған Украинаның еш қатысы жоқ. Ресейдің ішкі саясатындағы мәселе. Осы үш күштің бірі түбінде жеңіске жетеді.
Жаңа жылдан әрі ұрыс-қимылдары саябырсиды. Тоғыз айдың ішінде Украина өз билігін қолына алатын сияқты. Бір күштің ықпалымен екі тарап келісімге келуі мүмкін.
– Ядролық соғыстың қаупі бар ма?
– Жоқ, ондайды көріп тұрғаным жоқ. Жойқын қару қолданылмайды. Бірін-бірі бағындыру, қорқыту үшін жасалып жатқан әдіс-тәсілдері бұл. Келер жылдың аяғына дейін тыныштық болады. Оған дейін дүмпулер болып тұрады. Тоғыз айдың ішінде Ресейдегі үш күштің бірі билікті алады.
Фото: Reuters
– Путиннің жайы не болмақ, сонда?
– Жеңілетін секілді. Әзірге бірін-бірі ала алмай тұр. Тек қана тоғыз айдан кейін өзгеріс болады.
– Соғыс тоқтаған соң, Украина мен Ресейде қандай өзгеріс болады?
– Ресей – соншама халықтың басын біріктіріп отырған күшті держава. Тек басшыларының тойымсыздығынан осындай қиындыққа ұрынды. Халқының өзі екіге айырылды. Десе де, Ресейге ешкім ештеңе істей алмайды. Қорғанысы бекем ел. Бүлінбейді. Бірақ іріткі көп. Халық өз елінен, басшысынан жиіркеніп, жек көрушілік пайда болды. Экономикасы қырық пайыздай төмендейді. Бірақ соғыс аяқталған соң бір жылдың ішінде экономикасын қалыпқа келтіре алады.
Соғыстан көп зардап шеккен – Украина халқы. Зеленский Еуропа елдерінен көп көмек күткен еді. Қазір көмектің өзі тоқтап қалғандай. Батыс елдерінінің қызығушылығы бұрынғыдай емес. Сондықтан жерінің біраз бөлігінен айырылып қалатын сияқты. Түбі тыныштық болады. Бұл төрт айдан кейін айқын көріне бастайды.