6 Мамыр 09:17

Қалдыбек Құрманәлі, композитор : Мерей Мақпалды тастап кеткен жоқ

Фото:

Соңғы күндері әлеуметтік желіде халықтың сүйікті әншісі Мақпал Жүнісованың тағдыры талқыға түсіп жатыр. Көпшілік әншіге қолдау білдірді. Табалаушылар да жоқ емес. Мақпалдың өзі видеосына қатысты әлі түсініктеме берген жоқ.

Nege.kz тілшісі белгілі композитор Қалдыбек Құрманәліге хабарласқан еді.

«Мақпал мен Мерейдің арасында реніш болғаны рас»

– Қалдыбек аға, соңғы уақытта телефоныңыз сөндірулі. Қал- жағдайыңыз жақсы ма?

– Соңғы екі жылым Алматының ауруханаларында өтті. 2020 жылы маған «сусамыр» деген диагноз қойды. Содан бастап, аурухананың «қонағы» болып кеттім. Өмірі дәрі ішпеген адам үшін қиын екен.

Одан кейін дәрігерлер «жүрегінде ақау бар» деп, 2021 жылдың шілдесінде кеудемді ашып, жүрегіме ота жасады. Әуелі құдайдың, одан кейін дәрігерлердің арқасында аман қалдым. Қазір үйдегі жеңгеннің қарауындамын. 2021 жылы президент Тоқаевтың бұйрығымен «Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері» деген атақ алдым. Шығармашылығым ақырындап жүріп жатыр.

Мақпал мен қызы Мерей. 

– Неше күннен бері Мақпал Жүнісованың тағдыры талқыға түсіп жатыр. Мақпал Жүнісовамен шығармашылық байланыста екеніңізді білеміз. Бұл не әңгіме?

– Бұл сұраққа жауап беретін мен емеспін. Егер Мақпалдың айтқаны шындық болса, жасаған әрекеті өте дұрыс. Мерей туған бауыры Бекзаттың қызы болса, ол да бөтен адам емес. Қазақта «Бала тапқандікі емес – баққандікі» деген киелі сөз бар. Видеода өзі де айтып тұр, «екі рет түсік тастадым» деп, сондықтан інісі апа-жездесіне алданыш болсын деп, Мерей қызды берген шығар.

Мақпалдың айтқаны рас болса, ол бір күні болмасын бір күні шығады. Қазақ бар жерде сыпсың сөз де бар.

Мерей қазір бойжетті. Ертең тұрмысқа шығады, ол сөз бәрібір шығатын еді. Мақпал дер кезінде айтты.

Мақпал Жүнісованың концерті сол оқиғадан бір күн бұрын аншлагпен өтті. Мен ол концертке бара алмадым. Концерттен кейінгі көңіл-күйімен Мақпал қызына шындықты айтса керек. Әрине, 20 жыл «туған анам» деп келген адам, ойламаған жерден басқа бір дүниені айтатын болса, кім болса да ренжиді.

Мақпал мен Мерейдің арасында реніш болғаны рас. Бірақ жұрт айтқандай, Мерей оны тастап кеткен жоқ. Екеуі де үйлерінде. Әлі-ақ, Мақпалдың Мерей қызды ұзатып, төрде құдағи болып отыратынына сенемін. Мерейдің түр-тұрпаты, мінезі Зәкеңнің тура өзі ғой.

Халық әртісінің атына күйе жаққысы келетіндерге айтарым: босқа әуре болмаңдар!Адамның тағдырымен ойнауға болмайды!

З.Нұрқаділов пен М.Жүнісова қыздары Мереймен

Мақпал – тағдырлы жан. Халықтың еркесі. Ол ән айтқанда керең естейтіндей, соқыр көретіндей, мылқау түсінетіндей етіп айтады. 

«Қайрат Нұрқаділов тым кеш қозғалды»

– 2005 жылы Зәкең оққа ұшқанда Мақпал Жүнісованың жанынан табылдыңыз. Сол тұста сіздің артыңызға түскендер де болыпты. Олар кімдер?

– Заманбек Қалабайұлының өлімінен кейін Мақпалға шабуыл басталды. Тіпті Зәкеңнің өлімін, Мақпалдан көріп, істі жауып тастамақшы болды. Сондықтан, ең бірінші Мақпалды, сосын Заманбекті қорғап қалу керек болды.

Зәкеңнің талай шарапатын көрген адамдарды баспасөз мәслихатына шақырдық. Ешқайсысы келмеді. Зәкең бір танымал адамға екі қабатты үй салып берген. Сол кісі «мен Заманбекпен жақын араласпадым» деп қашты ғой.

Жазушы Ғаббас Қабышұлы азаматтық танытты. Сол жиынға Владимир Питерцев пен Мақпалдың  продюсері Закира Молдабаева ғана қатысты.

Көптеген телеарналар таспаға түсіріп, газет тілшілері диктофонға жазып алды. Бірақ арналардан біздің баспасөз туралы бірде-бір ақпарат шыққан жоқ. Мен сол кезде той түсіретін видеокамера алып барып, өзім де баспаға түсіріп алдым. Сосын Мақпалдың туған сіңілісі Маралдың сөмкесіне касетаны салып жібердім. Конференция біткеннен кейін, ҰҚК адамдары бәрімізді тексеріп шығарды. Абырой болғанда, сол бейнетаспа әлі де сақтаулы. Ішінде құнды ақпараттар көп.

Зәкеңді ақтық сапарға шығарып салу сәті.

Осы баспасөз мәслихатынан кейін қысым басталды. Туған ағамды өзіме қарсы қойды. Тіпті ағам «Менің Қалдыбек Құрманалиевпен туысқандық қатысым жоқ» деп жазып беріпті. Өлсем өзім өлейін деп, отбасымды ауылға жіберуге мәжбүр болдым. Шопырымның тамағына бір нәрсе салып жіберсе керек, үйге іздеп келіп, маған пышақ сілтеді...

– Қайрат Заманбекұлы әкесінің өліміне қатысты істі қайта қарауды талап етіп, Бас прокуратураға шағымданды. Қадағалаушы орган «бұл – суицид» деп, істі қайта қараудан неге бас тартты?  

– Қайраттыкі дұрыс та шығар. Бірақ, ол тым кеш қозғалды. Туған әкесінің өлімін 17 жылдан кейін ғана қозғау масқара ғой!

Қайрат Нұрқаділов. 

Қайрат ол кезде Алматыдағы тұрғын үй басқармасын басқарды. Жылы орнынан айырылып қалудан қорыққан болса керек, қозғалмады.

Сол кезде ол: «Менің әкем суицид жасаған жоқ!», – деп қарсы пікір айтса, мұқым қазақ елі оны жақтайтын еді. Ол кезде халық та билікке ашулы болған. Бірақ, ең жақыны үнсіз қалған соң, іс те жабылды.

Сол кезде ҰҚК Мақпалдың соңынан адам салды. Концерттерін өткізбей, телеарналарға шығармай, үйге қамап қойды. Өнер адамы үшін ауыр соққы ғой. Бірақ, Мақпал еркекке тән ерлік жасады. Жыл сайын қатым түсіріп, әр апта Зәкеңнің басына барып құран бағыштады. Реті келсе, телеарналардан, газеттерден «бұл суицид емес!» деп ашық айтты. Сол кезде Қайрат қайда қалды?!

«Парламентте отырғандар – «Мақұлбектер» мен «Мақұлгүлдер»

– Біраз әнші-әртіс Мәжілісте депутат болды. Кейбірі билікке баруға ықыласты екені ашық айтып жүр. Сіздің ойыңызша, осы дұрыс па?

– Қазіргі депутаттардың саны бар, сапасы жоқ деп айтсам, артық болмас. Солардың ішінде іліп аларлығы санаулы. Парламентте отырғандардың түгелге жуығы – «Мақұлбектер» мен «Мақұлгүлдер». Билік не айтса, соған бас шұлғи береді.

Депутаттарға қарап, қарның ашады. Өмірі ұлттық мүддеге жұмыс істемегендер қалайша депутат болып отыр? Парламент – кез келген адам кіріп-шыға беретін сауда үйі емес.

– Пікіріңізді бүкпесіз айтасыз, әріптестеріңіз ренжіп қалмай ма?

– Мен ешкімнің көңіліне қарамаймын. Ешкімді бекерден-бекер ренжіткен адам емеспін. Артық айтсам, кез келген адам сотқа беруіне құқылы.

Бұрын өнер адамдарынан көпшілік үлгі алатын, ал қазір халық өнер адамдарынан жиіркенетін халге жетті. Бұл – шындық.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Тегтер: