23 Наурыз 10:07

Гүлнұр ОРАЗЫМБЕТОВА НЕГЕ кавер орындап жүр?

Фото:
Қобызға тіл бітірген Қорқытты әнге қосып танымал болған Гүлнұр О

РАЗЫМБЕТОВА – шоқтығы биік әншілердің бірі. Ұлттық арнада талай тікелей эфирді тізгіндеп жүрген өнер иесін Қазақ телевизиясының 65 жылдығы төсбелгісімен марапатталғанына орай арнайы әңгімеге тартқан едік.

Гүлнұр, «уақыт адамды өзгертеді» дейді ғой. Сіздің алғаш сахнаға келген жылдарға көз жүгіртсек, арада айырмашылық көп сияқты...

– Мен адами тұрғыдан өзгерген жоқпын, ал шығармашылығымда алға ұмтылыс пен даму болғаны анық. Себебі, репертуарымды толықтыру мақсатында ән өнеріндегі барлық жанрды қамтуға тырыстым. Қолымнан келгенше уақыт талабымен санаса отырып, заманауи тұрғыда туындылар ұсынуға тырысып жүрмін.

Мұны енді ілгерілеушілік деп түсіну керек шығар. Кез келген шығармашылық адамы бір деңгейде тұрып қалмауы қажет.

Үлкен сахнаға бірнеше байрақты байқауға қатысу арқылы келгеніңіз белгілі. Әлеуметтік желі арқылы бір-ақ күнде жұлдызы жанған жастарды көргенде ішіңіз қылп ете қалмай ма?

– Әрине, әлеуметтік желі арқылы тез танылып, ұйқысынан жұлдыз боп оянып жатқан жастар жетерлік. Бірақ менде ешқашан оларға қызғаныш сезімі болмапты. Қайта, керісінше, бүгінгі жастардың талабы мен ізденісі қуантады. Жалпы,  өнерлі жандарға  қызғанышпен қараудан аулақпын. Себебі, қызылкөздік сені өшірмесе, өсірмейді. «Әркімнің өзі шығар биігі бар» деген.

Соңғы кезде әріптестеріңіздің репертуарынан ән орындап жүргеніңіз кейбір тыңдармандарыңызға жақпай қалған тәрізді...

– Басында айтып өткенімдей, заман талабына сай өзгерістен қалыспау керек. Жасыратыны жоқ, кавер орындау трендке айналды. Ал мен неге қолымнан келіп тұрса, трендтен қалуым керек?

Тыңдарманның барлығына бірдей ұнау мүмкін емес. Әркім талғамына қарай таңдау жасайды. Бірақ орындауымдағы кавер әндердің дерлігі өз тыңдармандарымның жүрегінен орын тапты деп нық сеніммен айта аламын.

Кей жерде салған әндерімнің алғашқы орындаушысын айтсам, кейбіреулер таң болып жатады. Сондықтан кавер орындауды шығармашылықтағы тоқырауға баламаймын.

Аға буын әншілер сұхбатты ақылы түрде бере бастаған көрінеді. Қолтаңбасы қалыптасқан тележурналист ретінде бұған не айтасыз?

– Өз басым сұхбат бергені үшін ақы сұраған аға буын өкілін естімеппін. Бірақ сұраса да, оның ағаттығы жоқ деп білемін. Себебі, ол кісілердің халыққа еңбегі сіңді. Ал еңбекті бағалаудың әбестігі жоқ. Кім біледі, бәлкім уақыт өте келе мен де ақылы түрде сұхбат беруім мүмкін. Негізі айтарым, көп нәрсені жұртқа айта  берудің қажеті жоқ, құпия сақтай білу қажет. Кейін реті келгенде ғана бөлісуге болады.

«Телеарналарды шоу-бағдарламалар басып кетті» дейтіндер көп. Отандық арналардың рейтингтің жетегінде кеткенін жоққа шығармайтын шығарсыз?

– Әлеуметтік мәселелерді қозғайтын ток-шоулар өте көп. Дегенмен, онда қозғалатын мәселелердің шешімін табуы екіталай. Шешілген күннің өзінде арада бірталай уақыт өтеді. Соның  арасында көрерменнің көңілін өзге дүниеге аудару керек болар. Сондықтан ойын-сауық бағдарламалар міндетті түрде болуы керек деп ойлаймын.

Қазір барлық телеарналардың ұстанғаны сол: әлеуметтік бағдарламалар мен шоуларды қатар көрсете отырып, одан рейтинг жасау. Өз басым сауатты түрде жасалған шоуды әрдайым қолдаймын. Себебі, қазіргі таңда онсыз да психологиялық тұрғыда әлсіз жандар көп. Олардың көңілін аудару артық етпейді. Бірақ шоудың да орыны бар.

Мысалы, қыз бен жігіттің танысуы, кездесуі, ұрысуы, араларындағы қарым-қатынас  ашық көрсетіліп, жұрттың талқысына түсіп жатады. Жастарды табыстыру да  қажет шығар, бірақ ұлттық менталитеттен аттамауымыз керек. Егер қазақы тәрбиені насихаттай отырып көрсететін бағдарламалар болса, оның жөні бір бөлек.

Сіздің сымбатыңызға қарап, соқталдай екі азаматтың анасы деу қиын. Күтіміңіз күшті ме, әлде заманауи сән индустриясының көмегіне жүгінесіз бе?

– Жасырмаймын, бұйырса, биыл 46 жасқа толамын. Бірақ табиғат берген бет-ажарыма өзгеріс енгізем деп ота жасатып көрмеппін. Бірақ міндетті түрде косметологқа барып, күтім жасатып отырамын. Себебі, теледидарға түсерде жағылатын түрлі бояулар бет терісіне ерте әжім түсіруі мүмкін.

Спортпен шұғылданамын, әрі дұрыс тамақтанамын. Дер кезінде дәрумендер ішіп тұруды әдетке айналдыру керек. Соның арқасында болар, кейде ұлдарыммен  бірге сауда орталықтарына барғанда біреуі аяқасты «мама» деп қалса, жұрт жалт қарап жатады.

Содан кейін отбасындағы қарым-қатынас, істеп жатқан жұмысың, одан алар рахатың адамның көркін келтіретін сияқты. Жанұядағы жағдай әйелдің бет-әлпетінен көрініс табады.

Құдайға шүкір, отағасынан бастап, ұлдарым маған әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Бұл мені тыңдарман арасына шыққанда шабыттандыра түседі. Сондықтан қартаюға уақытым жоқ. Жұмысбасты болып кеткенде денсаулықты қалыс қалдыратынымыз бар. Дегенмен, бірінші байлық тәннің саулығы екенін естен шығармағанымыз жөн. Онсыз ешқандай жетістікке жету қиын.

Үлкен ұлыңыздың өзіңізбен селбесе ән салып жүргенін байқадық. Мұны үнемі үлкен қызметте жүрген жұбайыңыз қалай қабылдады? Әлде, әншілікті хоббиі ретінде ұстанып жүр ме?

– Иә, екі ұлым да шығармашылыққа жақын. Өзіңіз айтып отырған үлкен ұлым Сырым – биыл экономика және менеджмент мамандығы бойынша жоғары оқу орынын бітіреді. Бұйырса, шетелге халықаралық бизнес академиясына магистратураға түсуге дайындалып жүр.

Ол кішкентай кезінде ән салатын. Кейін бірді-екілі жобаға ұсыныс түскен соң, менімен қоса сахнаға шыққаны бар. Ал кенже ұлым – күйші. Ол да бір табиғаттың берген таланты деп білемін.

Айтпақшы, бір жылдары жарыңыз  қымбат көлік сыйға тартып еді. Өткен әйелдер мерекесінде сол әдетінен жаңылмаған болар?

– Иә, ондай үлкен сыйлық бергені рас. Бірақ мен темір тұлпар тізгіндей алмайтын болғандықтан, ол отбасылық көлікке айналды.

Шынымды айтсам, қымбат мүлік, бриллиант деген дүниелерге аса қызығушылығым жоқ. Олардан гөрі қонақ күтетін әдемі ыдыс-аяқтарды жақсы көремін.

Сосын өзімнің жеке шығармашылығым мен ағайын-туыстың арасындағы сыйластықты бәрінен биік қоямын. Бренд қуу дегеннен де адамын. Сахналық киімдеріді отандық дизайнерлермен ақылдаса отырып тіктіремін.   

Той-томалақта өнер көрсетіп, халықтың қуанышына жиі ортақтасып жүресіз.  Халықтың жағдайы мен қалтасына қарауға тырысасыз ба, әлде тұрақты түрде сұрайтын ақыңыз бар ма?

– Той-томалаққа шақырту жиі түседі. Бірақ қатып қалған қаламақым жоқ. Той иесінің жағдайын ескеруге тырысамын. Себебі, қазіргі уақытта елдің бәрі баршылықтан емес, баласының қызық-қуанышын көппен бөлісейін деп той жасайды. Өзін мақтан тұтты деп ойламаңыз, бірақ бұлайша қарашаның қалтасына қарайтын әншілер өте аз.

Тегтер: