18 Қаңтар 20:14
...

«Ештеңе білмейміз!» Қуаныш Сұлтанов пен Жүрсін Ерман Назарбаев туралы айтты

Фото:

Кеше тілшіміз қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен ақын Несіпбек Айтұлынан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты пікір сұраған. Бір кездері Нұрсұлтан Әбішұлын мақтап абырой мен атақ жинағандар бұл күнде тұңғыш президент туралы пікір айтудан неге қашады?

Мысалы экс-президентке арнап «Атақазақ» деп өлең жазған жас ақын Бауыржан Қарағызұлы мәселенің байыбына барған соң, бірден телефон тұтқасын қоя салды.

Nege.kz тілшісі қоғам қайраткері, бұрынғы депутат Қуаныш Сұлтанов пен ақын Жүрсін Ерманға хабарласты.

Қуаныш Сұлтанов: Мен ештеңе білмеймін!

– Ассалаумағалейкум, Қуаныш Сұлтанұлы!

– Уағалейкумсалам!

– Қал-жағдайыңыз жақсы ма?

– Рахмет.

– Журналист едім. Nege.kz порталының тілшісі Серік Жолдасбай. Қазір бәріміз «Экс-президент қайда?» деп іздеп жатырмыз ғой...

– Кім дедің атыңды?

– Серік.

– Серік, мен қазір неде отырмын... Сөйлесе алмаймын.

Көп уақытыңызды алмаймын. Экс-президент туралы пікіріңізді білгім келеді.

– Мен білмеймін. Мен білмеймін ештеңе!

– Кезінде бірге жұмыс істедіңіз ғой. Неге білмейсіз?

– Өй, сен қойсайшы... Мен білмеймін ешнәрсе.

Қазір бұрынғы президентке ауыр сын айтылып жатыр. Ал сіз кезінде жер-көкке сыйғызбай мақтадыңыз. Араша түспейсіз бе?

– Кезінде жұмыс істеді. Ал қазір мен ештеңе білмеймін. Сен айтып отырған сөзді мен бірінші рет сенен естіп отырмын. Мен қазір...

– Экс-президент туралы ойыңыз өзгерді ме?

– ...

Қайраткермен арадағы әңгімеміз осылай аяқталды. Қуаныш Сұлтанұлы бір нәрсені бүлдіріп алмайын десе керек, телефонын сөндіріп тастады.

Жүрсін Ерман: Ол өзі құрған жүйенің тұтқыны болып қалды

– Жүрсін аға, сізден бұрынғы президент Назарбаевқа қатысты пікіріңізді білсем деп едім.

– Әй, менен не пікір аласың? Назарбаевпен араласқан адам емеспін. Оның тобындағы адам емеспін. Не айтамын ол туралы?

– Кезінде сіз талай айтыста Назарбаевты мақтадыңыз. «Айтыста сізге қатысты теңеу айтылса, халық тебіреніп отырады» дедіңіз...

– Иә, айтқанмын.

Экс-президентті бір кездері мақтағандар қазір жер-жебіріне жетіп жатыр. Араша түспейсіз бе?

– Назарбаевтың қайда екенін мен қайдан білемін. Назарбаев Қазақстандағы ең соңғы адам емес қой. Жаңа астананы соғып берді. Қазақстанды әлемге танымал ел етті. Шетелде қандай конфликті болса, Астанаға келіп шешілетін үлкен беделге ие болды. Осының бәрі соның арқасы.

«Болашақ» бағдарламасы секілді көп нәрселер соның арқасында жүзеге асты. Астана қандай жарқылдап тұр? Оның соңынан топырақ шашуымыз керек пе? Ұят емес пе?

Экс-президент бүлік кезінде неге халықтың алдына шықпады деп ойлайсыз?

– Оның себебі бар шығар. Біз білмейміз ғой. Аурып қалды ма, сыртта жүріп қалды ма, мен қайдан білемін. Мүмкін халықтың жүйкесіне тимей, мәселені ушықтырмау үшін оның шықпай қойғаны дұрыс болған шығар. Мен оның не оймен шықпай жүргенін қайдан білемін?

Нұрсұлтан Әбішұлына қатысты ойыңыз өзгерген жоқ па?

– Мен оның жақсы жақтарын айтып отырмын. Жіберген қателіктері аз емес. Осыдан 20 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жазып бергенмін. Баспай қойды. Аталған мақалада «Құдаларын, күйеу балаларын тоқтатсын. Билікті отбасымен емес, өзі ғана басқару керек» деп жазғанмын. Ол пікірімнен айныған жоқпын. Бұл үлкен қателік болды. Ақыр аяғында өзі құрған жүйенің «тұтқыны» болып қалды. Мен ол жағынан кінәлаймын.

Асыра сілтеу жасап, ағайын-туысы мен құда-жекжатын және күйеу балалары мен қыздарын билікке әкелу – қате болды деп есептеймін.

Яғни халықтың осындай күйге түсуіне отбасы факторы әсер етті. Солай ғой?

– Мен оған түбегейлі қарсымын. Басында 20 жыл бұрын мақала жазғанмын деп айттым ғой. Халық қайыршы емес, халық жалқау болып кетті. Жалқау халық күнін көре алмай кетсе өз кінәсі. Халық кәсіп ашып, жұмыс істеуді қойды ғой. Неге біржақты айтасыңдар...

Халықтың жалқау болуына Назарбаевтың кінәсі бар ма?

– Сен жалқау болып жұмыс істегің келмесе Назарбаевтың не кінәсі бар? Жағдайға қарап кредит алу керек. Мен өмірі осы кредит алмаған адаммын. Жоғары пайызбен несиеге басымды сұқсам, оған тұтқын болып қалатынымды білдім. Оның бәрін түзетуге мемлекеттің шамасы келген жоқ. Шетелдегідей бізде 2-3 пайызбен несие берілмейді ғой.

– Сіз кредит алмасаңыз, әр облыста айтыс өткізіп, қомақты қаламақы аласыз ғой.

– Сен де жұмыс істеп, ақша тап. Мен байып кеткен жоқпын. Бірақ күнімді көретін жағдайым бар. Айтыс маған рухани болмаса, материалдық байлық берген жоқ. Мен байып кеткен жоқпын. Қазір менің астымда көлігімде жоқ, жаяу жүрмін.

Зиялы қауым өкілдері кезінде Назарбаевты әбден мақтап, пайғамбар жасауға шақ қалдыңыздар. Бұл қатарда өзіңіз де барсыз...

– Әй, қойшы! Біздің зиялы қауым өкілдерінің сөзін кім елеп жатыр? Біз енді халықтың көкейіндегі сөзді айтамыз. Жақсыны – жақсы, жаманын жаман деп айттық. Ринат Зайтов деген ақын кезінде «Үш жүздің тағдырынан гөрі үш қыздың болашағы қиын болып тұр» деп айтты ғой. Одан артық қандай сөз айтылуы керек? Айтуын айтып жатыр. Естіп жатқан мемлекет жоқ қой.

Назарбаев 2011 жылы екі жылға жуық айтысты жауып тастаған кезі болған. Оның бәрін тере берсем, не болып шығамын? Артынан ашты. Қатты сөздер шымбайына батқан кезде Назарбаевтың өзі де емес, жанындағы жандайшаптар істеді. Солар қатты айтып жатыр деп жапқызды. Соның бәрі үшін Назарбаевты кінәлай беруім керек пе? Оның бәрін істеп отырған жандайшаптар.

– Зиялы қауым өкілдері президент Тоқаевты мақтай бастады.

– Сандалмасын олар! Кеше Назарбаевтың бұлбұлы болып жүргендер енді Тоқаевты көкке көтере бастаған ба? Ол да осы жүйенің адамы. Ертең уақыт бағасын береді. Әлі ештеңе шешілген жоқ.

– Кешегі қанды қырғын туралы не айтасыз?

– Қанды қаңтардың сабағын алып үлгерген жоқпыз. Әлі ешкім не болып, не қойғанын түсініп болған жоқ. Қай бағытпен дамитынымыз әлі белгісіз ғой. Тоқаевтың қай жағына шығатынын білмей отырмыз. Бұрынғы жүйені бұзып, Назарбаевтың адамдарының бәрін орнынан кетіріп, жауапқа тарта ма? Анау миллионерлердің офшордағы тыққан ақшасын  қайтара ала ма? Мұның бәрі үлкен мәселе.

Мен саясаткер емеспін. Қарапайым пенде ретінде осыны ойлаймын.

Редакциядан: Қуаныш Сұлтанов пен Жүрсін Ерманның сұхбаты беттеліп жатқанда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жасап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға шақырды. 

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: