9 Шілде 17:49

Ержан Берікұлы, криминалист: Бір қылмыскердің 47 қылмыс жасағанын анықтаған күндер болды

Фото:

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін полиция мамандығы қашан да ел назарын өзіне аудартып келеді. Соның ішінде криминалистердің қылмысты ашуда үлесі зор. Тәуелсіздік жылдарындағы криминалистиканың қол жеткізген жетістіктері қандай? Бұл жөнінде ҚР ІІМ Жедел-криминалистикалық департаменті бастығының орынбасары Ержан Берікұлы Танкеев Nege.kz сайтының тілшісіне айтып берді. 

Е.Берікұлы

«Криминалистер жетіспейді»

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда дактилоскопиялық тіркеуді (саусақ іздерін міндетті тапсыру) 2023 жылға ауыстыруды қарастыратын заңға қол қойды. Саусақ іздерін міндетті тапсыру қаншалықты дұрыс? Оның артықшылығы мен кемшілігі қандай?

– Геномды тіркеу туралы заң 2016 жылдың желтоқсанында қабылданған. Бұл – Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасының төрағалығымен қабылданған шешім. Дактилоскопиялық тіркеу 29 маусым күні Заң аясында 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін уақытша тоқтатылды. Ал геномды тіркеу 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Осы мемлекеттің азаматы ретінде, полиция қызметкері ретінде бұл Заңды қажет деп санаймын. Себебі, Ішкі істер органдарының негізгі міндеті қылмыстың алдын алу, қылмыспен күресу болуына байланысты дактилоскопиялық және геномды тіркеу әртүрлі сипаттағы қылмыспен, келеңсіз жағдайлармен күресуде көмектеседі. Көптеген қылмыстардың беті ашылады. Аты-жөні белгісіз мәйіттердің жеке басын анықтауға да өз септігін тигізеді. Бұл – оның бір тұсы.

Одан бөлек, дамыған мемлекеттердің көбінің төлқұжаттарында геометриялық белгілер мен ерекшеліктер бар. Олардың барлығы төлқұжатқа енгізілген.

Біздің де төлқұжаттар мен визалық құжаттарда геометриялық іздеріміз чипке енгізіледі. Шекарадан өткен кезде немесе кірер кезде біздің елдің азаматтары, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдардың барлығы осы қолтаңбалар арқылы кіргізіледі. Қол іздері қорға жинақталады. Келесіде сол адамдар шекарадан өткен кезде біздегі қор геометриялық ерекшеліктері бар құжаттармен тексеріледі. Біреудің төлқұжатымен өтіп кету деген болмайды.

Көші-қон саласындағы заңдылыққа, қылмыстың алдын алуға өз септігін тигізеді. Артықшылықтарын атап өттім. Мен бұл заңның кемшілігі жоқ дер едім. Бұл заң біздің елдің қауіпсіздігіне қажет.

– Соңғы кездегі қылмыстарды тергеу сапасына қойылатын талаптардың күшеюі қылмыспен күресте криминалистикалық құралдар мен әдістерді белсенді қолдануға, жедел-криминалистикалық бөлімшелерді қылмысты тергеу үдерісіне кеңінен тартуға әкелді. Криминалист қылмысты ашуға қалай көмектеседі?

– Менің криминалист болып қызмет атқарып келе жатқаныма 26 жыл болды. Қылмысты ашуда біздің қызметтің рөлі өте зор. Оқиға орнына ең бірінші жедел тергеу тобымен  бірге криминалистер келеді. Олар қылмыс болған жерде қылмыскердің қалдырған айғақ заттарын, іздерін табады. Сол іздерді, айғақ заттарды  заңға сәйкес бекітіп, тәркілеп, заттарға криминалистикалық сараптама жүргізеді.

– Криминалистің бір күні қалай өтеді?

– Өкінішке қарай, бізде көптеген қала, аудан полиция бөлімдерінде криминалистердің штат бірлігі бір ғана адамнан тұрады. Кейде бір немесе екі-үш криминалист болуы мүмкін. Сол маман криминалистің бір күндік қызметі келесі тәртіппен басталады: Ол таңғы сағат 8:00-де кезекшілікке түседі. Полиция бөлімінде бір ғана криминалистің болуына байланысты бір маман тәулік немесе ай бойы жедел тергеу тобының құрамында болады. Таңғы сағат 8-де келіп, құрал-саймандарды түгелдейді, олардың барлығын қарайды, қажетті заттармен толықтырады, қызметті бастауға дайындық жұмыстарын жүргізеді. Қолдарында бірнеше арнайы чемодан болады. Қылмыс орнын түсіруге арналған фотоаппараттар мен бейнекамералар да бар. Соның барлығын дайындайды.

Қылмыс туралы кезекші бөлімге қоңырау түскен жағдайда, кезекші бөлім жедел тергеу топтың құрамындағы қызметкерлерге хабар береді. Криминалистер де сол оқиға орнына барады. Қылмыс орнына барып, қылмыскердің үлгілерін, айғақ заттарын іздеп, оларды тауып, бекітіп, орап тергеушіге өткізеді. Қылмыс орнын қарау тәртібі бар, оның арнайы ережесі бекітілген. Соған сәйкес жұмыс атқарады.

Криминалист қылмыс орынынан кейін өзінің қызметтік бөлмесіне келеді. Бізде есептік элемент деген ұғым бар. Ол жерде бұрын сотты болғандар, әртүрлі санаттар бойынша есепте тұратын адамдар, одан бөлек қылмыс жасауы мүмкін деген күдіктілер тіркелген. 

Криминалистикалық есептің бірнеше түрі бар: дактилоскопиялық – саусақ іздері, сурет-есеп, бейне-есеп, адрологиялық есеп – иіс үлгісін алу. Бейне түсірілім жасаған кезде тиісті сұрақтар қойылып, оның дауыс үлгілері алынады. Днк-есеп деген бар. Адамның днк үлгісін шығару үшін оның ауыз қуысынан сілекей үлгілері алынады. Әрбір адаммен осындай есеп түрлері жүргізіледі.

Одан бөлек, криминалистер жұмыс орнында алынған айғақ заттардың кейбір түрлеріне криминалистикалық зерттеу тағайындайды. Барлығы толық зерттеледі. Осы жұмыстың барлығын атқару үшін оқиға орнын қарау, есептерді жүргізу, криминалистік зерттеулерді қадағалау үшін тиісті құрал-жабдықтар қажет. Қажет заттарды жабдықтау мақсатында тиісті сұраныс-хаттарды дайындайды. Алынған қолтаңбасы, суреті, бейнетүсірілім олардың барлығы автоматтандырылған есептерге енгізіледі.

Қызмет барысында азаматтық және қызметтік қару иелері бар. Олар – тіркелген қарулар. Қарулардың барлығына 5 жылда бір рет бақылау жүргізіледі. Қару болған жағдайда оларға бақылаулық ату жасалады. Қылмыс орнында тәркіленген қаруларға тәжірибелі ату жүргізіледі. Сол тәжірибелі атудан алынған оқ-гильзалар Ішкі істер министрлігіндегі арнайы қорға жіберіледі. Криминалистің бір күндік жұмысы осындай көп жұмыстан тұрады. Мен тек ең негізгілерін атап өттім.

Криминалист қылмыстық істерді тергеу барысында тергеу әрекетіне маман ретінде қатысады. Ол жәбірленушіні, күдіктіні, немесе қылмыскер деп танылған тұлғаларды қылмыс болған жерлерді нақтылау барысында жауап алу кезінде бейнетаспаға түсіреді. Оның барлығы қылмысқа дәлел ретінде бекіту мақсатында қолданылады. Тергеу амалдары да өте көп. Тіпті, кейде қайтыс болған адамдардың мәйіттерін қайтадан сараптамаға жолдайтын кездер де бар.

Көп адамның криминалист болып қалуы екіталай. Себебі көбінде жас мамандар немесе басқа саладан ауысып келгендер мәйітпен жұмыс істеуден үрейленіп, кетіп қалады. Өйткені, өмірде әртүрлі жағдай болады. Кейбір мәйіттер ұзақ уақыт жатып қалуына байланысты, әсіресе, ыстық мезгілде денесі бұзылып кетеді. Сол мәйіттердің қолын ұстап, киімін қарап, бет-әлпетін жуып суретке түсіру деген жұмыстары бар. Соған көптеген қызметкерлер шыдай алмайды.

«Жеке басы анықталмаған 1427 мәйіт тіркеуде тұр»

– Статистика комитетінің ақпаратынша, биылғы жылдың мамыр айында ел бойынша кім екені білгісіз 1500-ге жуық мәйіт бар екен. Олардың барлығының кім екені қалай анықталады?  Жалпы, анықталмай кететіндері бар ма?

– 6 айдың қорытындысы бойынша аты-жөні белгісіз 1427 мәйіт тіркеуде бар. Мәйіттердің жеке басын анықтауда біздің қызметтің үлесі зор. Егер елді мекеннің ішінен мәйіт табылса, оны таныстары арқылы жеке басын анықтауға болады. Ал үлкен жолдың бойында табылған немесе көлік қағып кеткен, құрылысы бітпеген, қираған ғимараттардан табылған мәйіттерді анықтау қиын. Үлкен қалаларда табылған мәйіттердің жеке басын анықтау үшін біраз уақыт кетеді.

Одан бөлек бізде еңбек етіп жүрген шетел азаматтары, үй-жайсыз жүрген азаматтар да бар. Солардың мәйіті табылған кезде мәйіттің қолынан саусақ іздері алынады. Ол біздің арнайы қорға енгізіледі. Біздің қорда үй-жайы жоқ адамдар, бұрын сотты болған, күдікті деп танылған санаттағы есепте тұрған адамдар жинақталған. Қорда мәйіттің қол ізі бар болса, сонымен сәйкестендіріліп, жеке басын анықтап береміз.

Осы соңғы айларда біздің криминалистердің еңбегімен, аталған қордың көмегімен 180-нен астам мәйіттің жеке басы анықталды. Дактилоскопиялық және геномдық заңның аясында бізде ДНК есебі қалыптасып жатыр.

6 айдың қорытындысы бойынша белгісіз 903 мәйіт бар. Оларға іздестіру істері қозғалған. Мәйіттердің жақын туыстарының ДНК профилі шығарылып, біздің қорға енгізіледі. Сол арқылы жоғалған жақындарының мәйітін анықтауға болады. Барлық профилдер автоматтандырылған. ДНК-есептің көмегімен осы күні екі мәйіттің жеке басы анықталды. Өкінішке қарай, анықталмай қалғандары әлі де бар.

– Криминалистердің қылмысты ашуда рөлі зор екені белгілі. Десе де, басқа елдермен салыстырғанда бізде қылмыстың ашылу деңгейі қандай?

– Басқа елдермен салыстырмалы түрде айта алмаймыз. Өйткені, ол әр елдің өз ішкі құпиясы. Аталған ДНК-есеп ТМД мемлекеттері арасында тек Ресей, Беларусь елдерінде, сосын бізде бар. Мәйіттердің жеке басын анықтау мақсатында олардың ДНК профильдерін осы мемлекеттерге жолдаймыз. Жоғарыда атап өткен азаматтық және қызметтік қарулардың оқ-гильзалары автоматтандырылған жүйенің аясында жинақталып жатыр. 

5 айдың қорытындысымен, елімізде 59 278 қылмыс тіркелген. Криминалистердің көмегімен 4 935 қылмыс ашылған. Ол аталған қылмыстардың 8,3% тең.

– Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз? Есіңізде қалған ерекше жағдай болды ма?

– Мен бұрынғы Шымкент облысы кейінгі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Полиция бөліміне 1995 жылдың сәуір айында қызметке келдім. Менің алғашқы мамандығым – медицина, дәрігерлік мамандық. 1988-1994 жылдары Қарағанды қаласындағы Медициналық институтта білім алдым. Мамандығым – дәрігер-эпидимиолог. Ол қазіргі санитарлық дәрігер. Сол оқу орнын бітіріп, 1994 жылы санитар дәрігер болып Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына жұмысқа қабылдандым.

Сөйтіп жұмыс істеп жүрген кезімде маған Ішкі істер органынан шақырту болды. Сосын мен 1995 жылдың сәуір айынан бастап қызметке алындым. Міне, содан бері 26 жыл тек бір салада қызмет істеп келемін. 26 жылдың 13 жылында Шымкент қаласының Еңбекші аудандық полиция басқармасында қарапайым криминалист қызметін атқардым. Кейін аға криминалист болдым. Шымкент қалалық Полиция басқармасында да криминалист ретінде жұмыс істедім. 13 жыл аудандық, қалалық полиция басқармасында қызмет еттім.

2007 жылы Ішкі істер министрлігінің Жедел криминалистика басқармасына бас криминалист болып қызметке тағайындалдым. 4 жылдан кейін сол басқарманың бастығы болып 2011 жылдың қараша айында қызметке кірістім. Аталған басқарманы 9 жыл басқарып, осы биылғы жылдың 1 қаңтарына бастап  Ішкі Істер министрлігінің Орталық аппарат Жедел криминалистикалық департаменті бастығының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Қазіргі таңда 6 айдан бері қызметімді жалғастырып келе жатырмын.

Есте қалатын ерекше жағдай, 26 жыл бір салада жұмыс істегеннен кейін осы қызметке, осы жұмыстың қарқынына қалыптасып кетеді екенсің. Өкінішке қарай, қызмет барысында әртүрлі қылмысты көреміз. Әртүрлі адамдардың дене жарақатын, зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіттерді көріп, оған да үйреніп кеткенбіз. Бұны қалай атауға болатынын білмеймін. Бірақ, қызмет бізді соған бейімдеді. 

26 жылдық тәжірбиемде, бір үйден 3 адамды өлтірген қылмысты ашуға қатысқан кездерім де болды. Жоғарыда аталған арнайы есептердің арқасында бір қылмыскердің 47 қылмыс жасағанын анықтаған оқиға да кездесті. Сол 47 қылмыстың ішінде 17 қылмыс менің өзімнің тікелей қатысып, сол жерден алған айғақ заттармен анықталған сәйкестіктер де кездесті.

Полиция қызметкері болғандықтан, әрбір қылмыстың ашылғанына жас баладай қуанамыз. Өйткені, әрбір қылмыстың артында адамның тағдыры, мұң-мұқтажы тұр.

Тегтер: