22 Сәуір 13:02

Еркін Рақышев Мұхтар Тайжанға НЕГЕ шүйлікті?

Фото:

Жер реформасы ұдайы басы піспейтін ұлт-патриоттарының ішіне тағы да жік түсірді. Бұл жолы Еркін Рақышев пен Мұхтар Тайжанның арасында қара мысық жүгіріп өткендей.

Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін тілшіміз Мұхтар Тайжанға хабарласқан. Алайда ол бұл жайында түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартты.

«Мен бұл жөнінде сөйлемеймін. Уақытым да жоқ. Біздің басты назарымыз жер мәселесінде болуы керек», – деп қысқа қайырды.

Десе де, саясаткер әлеуметтік желіде Еркін Рақышевтың жеке басына тиісіп, сыбап салды.

«Рақышев – Қосанов сияқты»

«Еркін Рақышев деген режиссер кеше ғана Қосановтың оң қолы болып, 2019 жылы өтірік сайлауда Қосановтың Алматы қаласының филиалын басқарған адам. Жай адамды Қосановтың қасына қоймайды. Былай қарасақ, Қосановпен бірге халықты алдаған адам.

Ал 2015 жылы Еркін Рақышев Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың үстінен арыз жазып 174-бабымен соттатқан адам.

Ол да факт. Міне өзі айтып отыр. Енді маған секіріп жүр. Тапсырма деп ойлаймын. Мән бермеңіздер, алаңдамаңыздар. Бүгінгі таңда бар назарымызды жерге аударуымыз керек», – деп жазды Мұхтар Тайжан.

Ал режиссер Еркін Рақышев тілшімізге мән-жайды айтып берді.

«Жуырда Тайжанды әшкерелеймін»

«Біз Балташ Тұрсынбаев ағамыздың басшылығымен «Ел мен жер» қозғалысын құрғанбыз. Мақсатымыз – 2016 жылғы халықтың талабын билікке орындату, ықпал ету. Ұстанымымыз – «жеріміз ешкімге сатылмасын, шетелдіктерге жалға да берілмесін». Біз осы бағытта жұмыс істеп келе жатырмыз. Бір жыл болды. Жер кодексіне өзгерту енгізу жайлы Үкіметке көп ұсыныс жасадық.

Бір айдай бұрын жер комиссиясы құрылды. Бұл комиссияға қатысты біз өз пікірімізді ашық айттық. Біздіңше, бұл – халықты алдау, көзбояушылық үшін құрылған.

Мұхтар Тайжанға келетін болсақ, ол бүгінге дейін бір позицияны ұстанып келеді: «Ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмасын, жалға да берілмесін» дейді. Оның үстіне қазақстандықтарға да жекеменшікке берілмесін дегенді айтады. Мұнысы тек қана ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты. 

Шынтуайтында, Қазақстанның жері жеті санатқа бөлінеді. Ауыл шаруашылығы жерлері, бос жатқан жерлер, орман-тоғайлар, өзен-көлдер, өнеркәсіптік орындар және ғарыштық немесе әскери полигондар. Сонда, Тайжан ауыл шаруашылығы жерлері сатылмасын, жалға берілмесін дейді. Құп дейік! Ал басқа жерлер шетелдіктерге сатыла беруі керек пе? Бұл дұрыс емес. Бұл мәселені бастапқыдан-ақ көтеріп келеміз. Мен барлық санаттағы жерлер шетелдіктерге берілмесін деген сұрақты көтеру керек дедім.

Мұхтар Тайжанға деген күдігіміз ақыры расталды. Осыдан төрт-бес күн бұрын парламентте «бос жатқан жерлер көгалдандыру үшін Қытайға жиырма бес жылға беруге болады» делінді. Бұған бос жатқан, өнеркәсіпке арналған жерлер, ауыл шаруашылығының резервінде тұрған жерлер де кірген. Ауыл шаруашылығының резервінде бізде 180 миллион гектар (!) жер тұр. Бұл – Қазақстан аумағының қырық пайызы. Біз осыған қарсымыз.

Тайжанға бұл жайында бірнеше рет айттық. «Ниетің дұрыс болса, Қазақстанның барлық жері шетелдіктерге жалға берілмесін, сатылмасын» деп айт деп ескерттік. Ол мұны айтпады. Неге айтпайды? Себебі, Мұхтар Тайжан – парламентегі жер қатынастарына арналып құрылған жұмыс тобының мүшесі. Жерді Қытайға беру туралы заңды дайындап шыққандардың бірі.

Менің онда өшім жоқ. Ешқандай жеке бас араздығым жоқ.

Ол халықты шатастырмасын деп айтамын. Ол халықтың алдында «жер сатылмасын» деп ел мүддесін қорғап жүрген батыр болып көрінеді. Шын мәнінде жерді Қытайға 25 жылға беруге болады деген заң жобасын жасаған адамның бірі. Бұдан төрт-бес жыл бұрын да халықты алдаған. Ол кездегі аудиожазбалар, басқа деректер де бар. Әлеуметтік желілерде жерді жекеге беруге болады деген әңгімелері тұр.

«Жер туралы заң халыққа өте тиімді болды. Мұның пайдасы зор. Шетелдіктерге беруге болады деген бірде-бір бап жоқ» деп ант-су ішті. Нәтижесінде не болды? Бәрі өтірік. Заңды қабылдап жатқанда қарасақ, 24-бапта «жерді 25 жылға шетелдіктерге беруге болады» деп тұр. Жарайды, өткен өтті.

Бәрі бітті деп ойласақ, енді мына комиссияға кіріп, елдің басын қатырып жүр. Қазақстанның ешқандай жері шетелдіктерге сатылмауы керек, берілмеуі керек. Нүкте! Ол Қытайға 25 жылға жалға беруді қолдайды. 21 сәуірге дейін бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бірақ заңды дайындауға қатысты.

Мұның алдында Іле-Алатау ұлттық паркі жалға берілетін кезде оған қарсы шыққаным рас. Рақышов Гужавинге де, Тайжанға да қарсы емес. Тендердің заңсыз өткеніне қарсы. Оны прокуратура да мойындап отыр. Гужавин 100 миллион инвестиция саламын деді. Ақшаны Қытайдан алатынын айтқан. Біз сол үшін қарсы болғанбыз. Тайжан осыны қолдап жүрді. Мен жақында бұл мәселе жөнінде барлық құжаттарды көрсетіп, арнайы мәлімдеме жасаймын».

Тегтер: